ҚР Парламентінің экс-депутаты Тито Сыздықов «Шәкәрім» медалімен марапатталды
Павлодар облыс орталығындағы «Достық» үйінде ҚР Парламенті Мәжілісінің 2-4 шақырылымдарының депутаты, қоғам қайраткері Тито Сыздықовтың 70 жасқа толуына орай «Қазіргі қоғам тұлғасы: тегеурін мен парасат» атты аймақтық коференция өтті.
Шараға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, белгілі ғалым Ғарифолла Есім және жергілікті зиялы қауым өкілдері, жоғарғы оқу орындарының ректолары қатысты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлының «Тегеурінді Тито Сыздықов» атты кітабының тұсауы кесілді. Бұл еңбекте қоғам қайраткерінің өмірі мен еңбек жолы жайлы жазылған.
— Құрметті, Тито Уақапұлы, біз үшін сіздің орныңыз бөлек. Еліміздің дамуына мол үлес қосқан жансыз. Бір сөзбен айтатын болсақ, еңбегіңіз ерекше бағалауға тұрады. Оны жұртшылық біледі. Облыс халқының атынан мерейтойыңызбен құттықтаймын. Бүгінгі кітап өскелең ұрпаққа үлкен үлгі боларына сенемін. Халқымызбен бірге жасай беріңіз, — деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, өңір басшысы «Тегеурінді Тито Сыздықов» кітабының авторы Бекен Сағындықұлына Қазақстан журналистер одағы мүшесі куәлігін табыстады. Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есім Тито Сыздықов тектілердің ұрпағы екенін атап өтті.
— Титоның анасы орыс әскерінің полковнигі болған Түйте Нұрекеновтің туысы. Түйте Нұрекенов аға сұлтан болған. Құнанбай қажымен бірге меккеге барып, сол жерде қажылар түсетін үй салған. Ақыры сол сапарында қайтыс болды. Тегіне тартқан, елінің құрметіне бөленген нағыз «Түйте» міне бүгін алдарыңызда отыр, — деді ол.
Сондай-ақ, осы жиын барысында мерейтой иесіне ИнЕУ-дің «Құрметті профессор» атағы берілді. Ал, кезінде өзі білім алған қазіргі Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы Аманғали Шаймарданов Тито Уақапұлының студенттік кездегі сынақ кітапшасын әкеліп, университеттің ең жоғары марапаты «Шәкәрім медалін» табыстады.
Тілеуберді САХАБА