ҚР Полициясына 30 жыл — 30 жас қызметкер ант қабылдады

Жамбылда ҚР Полициясының 30 жылдығына орай 30 жас қызметкер ант қабылдады. Салтанатты шара даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған жері Жуалы ауданындағы батырдың музейінде өтті.

Жиынға департамент бастығы әділет полковнигі Нияз Рыспаев, оның орынбасары Еркін Нұрбаев, Талғат Молдажанов және жеке құрам қызметкерлері мен жас сарбаздардың ата-аналары қатысты. Алдымен ҚАЖ департментінің жеке құрамы мен жас сарбаздары сапқа тұрды.

Шараның ашылу салтанатында департамент бастығы әділет полковнигі Нияз Рыспаевтың бұйрығымен батырды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Мұнан соң, департамент бастығы Нияз Қанатұлы жиналғандарды Қазақстан Республикасының Полициясына — 30 жылдығымен құттықтады.

— Қай кезеңде де құқық қорғау қызметкерлері– еліміздің қауіпсіздігінің тірегі, тыныштығымыздың сенімді кепілі және мемлекеттік беделдің өлшемі. Тәуелсіздік жылдарында елімізде кәсіби полиция қызметкерлерін қалыптастыру мақсатында түрлі реформалар ұйымдастырылды. Еліміздің тыныштығына толықтай жауап беретін бағдарламар қабылданды.


Бүгінде біздің елдің тәртіп сақшылары – барлық қазақстандықтардың қорғаны. Қарулы Күштер қатарындағы қызмет әрбір азамат үшін зор мақтаныш.

Құрметті жас сарбаздар!
Еліміздің тыныштығы, жақындарымыздың қауіпсіздігі сіздердің қолдарыңызда. Сіздерге мықты денсаулық, жұмыста табыс тілеймін. Антқа адалдық танытып, өз борыштарыңызды абыроймен атқаруларыңызға тілектеспін! – деді Н.Рыспаев.

Шара барысында Нияз Қанатұлы Б.Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұлға шапан жауып, бағалы сыйлықтар табыстап, құрмет көрсетті. Өз кезегінде батырдың туысы департамент басшылығына алғысын білдіріп, батырдың өнегелі өміріне қызығушылық тантықан ҚАЖ қызметкерлерімен жиі-жиі кездесуге дайын екенін жеткізді.

Бұдан кейін, жас сарбаздар кезекпен саптан шығып,
Ант мәтінін дауыстап оқып, Отан алдында адал қызмет етуге салтанатты түрде ант етті. Шара барысында 30 жас қызметкер Ант қабылдап, Мемлекеттік Әнұран орындалды.

Шара соңында Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

 

Жамбыл облысы әкімдігі