ҚР Президенті Павлодар облысының әкімін қабылдады
Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты қабылдады. Ақорданың ресми сайтындағы ақпарат бойынша аймақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің 2019 жылғы 7 айындағы дамуы туралы есеп берді.
Болат Бақауов Мемлекет басшысына инвестициялық және индустриялық бағдарламаларды жүзеге асыру барысында жаңа жұмыс орындарының құрылуы, «Нұрлы Ертіс» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы баяндады. Ол Президентке өткен жылы бері өңір экономикасы 3,2 пайызға артқанын хабарлады. Бұл қарқын осы жылы да сақталатын болады. Өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.
Болат Бақауов Ел Президентіне «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан және еңбек күші артық аймақтардан көшіп келіп жатқан көп балалы отбасылардың орналасуы туралы хабарлады. Қазіргі таңда кеншілер қаласына 428 бала тәрбиелеп отырған 103 отбасы көшіп келді. Барлық отбасылар тұрғын үйлермен қамтамасыз етіліп, еңбекке жарамды азаматтар жұмысқа орналастырылды. Өз кәсібін ашқысы келетін қоныс аударушыларға гранттар мен несиелер беріліп жатыр. Көшіп келген отбасылардың балалары бала бақшалар мен мектептерге орналастырылып, қосымша білім берумен қамтамасыз етілді. «Nurly Ertis» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін тағы да 280 отбасы көшп келеді деп жоспарланып отыр.
— Біз үй салуға дайынбыз, — деді Болат Бақауов. — Үй салуға қажетті инженерлік магистраль желілері тартылған алаңдар дайын. 2020 жылға арналған 17 тұрғын үйдің құрылысына 8,1 миллиард теңгенің бюджеттік өтінімі әзірленді. Қосымша тағы да 15 миллиард теңгенің 22 жобасы әзірленді.
Павлодар облысының әкімі Президентке өңірдегі 20 күрделі мәселелер туралы да баяндап берді. Бұл мәселелер бұған дейін ҚР Үкіметінде өткен жиында талқыланған еді. Олар негізінен алдағы уақытқа жоспарланған инвестициялық жобаларға байланысты. Облыс әкімі өз баяндамасында ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін де айтып өтті. Биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен тұрғындар саны 200 адамнан аз ауылдарда КБМ-дер орнатылады.
Есеп барысында құрылыс мәселесі де қозғалды.
— «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 12 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Осы жылы біз 300 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, — деп нақтылады Болат Бақауов.
Аймақ басшысы облыстың әлеуметтік міндеттемелердің орындалу барысы туралы да баяндап берді. Президенттің тапсырмасы бойынша көп балалы отбасыларға 199 пәтер берілді. Жыл соңына дейін моноқалаларда тағы да 86 пәтер сатып алынып, көп балалы отбасыларға беру жоспарланып отыр. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 5919 отбасыға берілді. Бұған дейін тағайындалған жәрдемақылар бойынша 701 отбасыға 1,2 миллиард теңге көлемінде қайта есептеулер жүргізілді. АӘК бойынша тағы да қосымша 1,3 миллиард теңге қаржы қажет. Әлеуметтік осал топтардың санатындағы отбасылардың балалары мектепте тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, оларға жол ақысы мен бала бақшалардағы орындар да тегін болады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев суармалы егістіктердің алқаптарын ұлғайту және өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Фото: Ақорда
Әлихан Рахметоллаұлы