ҚР президенті Қ.Тоқаев: «…Бетін қақпа, белін бу!», – деп жас шенеуніктерге батасын берді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру үшін Президенттік жас кадр резервін жасақтау туралы бастама көтерген болатын.
Кейін Президент тапсырмасымен Президенттік жас кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, 3 ай бойғы іріктеу нәтижесінде 300 қазақстандық жас таңдалды. Жобаға 13 мыңнан астам жас маман қатысуға ниет білдірген. Яғни, бір орынға 43 адам таласты. ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры, Ерлан Әбіл: «Президенттік жастар кадрлық резервіне енген 300 үміткердің 106-сы жеке сектор, 98-і квазимемлекеттік сектор өкілі, ал 96-сы мемлекеттік қызметкер. Іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы –31. Таңдаулы жастардың 57 пайызында шетелдік білімі бар болса, 43 пайызы еліміздің ЖОО-ның түлектері, араларында қарапайым мұғалім де бар», – дейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жас кадр резервіне таңдалған жас мамандармен кездесу барысында мемлекеттік басқаруды реформалау туралы айта келіп, биылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің саны біртіндеп қысқаратынын, үнемделген қаражат тиімді жұмыс істейтін қызметкерлерді материалдық тұрғыдан ынталандыруға жұмсалатынын атап өтті. «Негізгі мақсат — қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа әдістерді енгізу», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазірдің өзінде іріктеуден өткен жас кадрлардың алды жаңа қызметке тағайындалып та жатыр.
Алайда бұл таңдауға қоғамдық көзқарастың әртүрлі болып жатқаны жасырын емес. Көбі «іріктелген жастардың тілі орысша екен десе, кейбіреулері мемлекеттік басқаруға адам сатылап көтерілуі керек емес пе, ал мына 300 жас ауыл, ауданды басқарып көрмеген, қидың исі мен қазақтың психологиясынан бейхабар, Халыққа қалай қызмет етпек» дегенге саяды. Осы орайда, біз, билік тарапынан жасалып жатқан кадр саясаты мен таңдалған жас кадрлар жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Жайылғанова Анар Нұралықызының пікірін білмекке хабарласқан едік.
Билік кадр саясатына неге қатты мән беріп жатыр? Президенттік жас кадр резервіне іліккен жастар шынымен таңдаулылар ма?
Махат Садық, журналист: Жас шенеуніктер қызметін төменнен бастасын
— Билік ең жоғары ПЙрезиденттік лауазым атынан жастарға сенім білдіруде. 300-дің тізіміне кіргендер үшін бұл өмірде берілер өте сәтті ұсыныс. Жастар соны жеке бастары үшін емес, елі мен Отан үшін, Мағжанша айтқанда «жолбарыс жүрек – арыстан айбатпен» орындауы парыз. Бізге ондай мүмкіндік берілген жоқ. Олардың орында болғанда тізімдегі 5-6 азамат ауданға әкімдік, сот, прокурор секілді жергілікті биліктегі мәселе шешер қызметке кетер еді. Өзгерісті төменнен бастау керек. Еден жуушыдан бастап пара алу төменнен басталады. Егер төменгі жақ жөнделсе, жоғарғы жақ өзінен-өзі реттеледі. Өйткені қазақтың мықтысы тек өз жерінде ғана мықты. Шетелде ешбір қазақтың байы қазақ еліндегідей еркелеп, талтаңдап жүре алмайды. Жиған-тергенін алып, қашып кеткенде де бірер жылдан соң таз қалпына түседі. Қазақтың тамыры қазақ жеріне байланған. Ендеше 300 жас шенеуніктің тең жартысы аудандық жерлерге барып, жұрт жағдайын жөндесе ертеңіміз нұрлы, берекелі елге айналамыз.
Әділбек Жапақ, журналист:
— Мемлекеттік қызметті қысқартып, оның орнына жаңа кадрларды алу арқылы мемлекеттік басқаруды заман талабына сай жаңғыртып отыру бұрыннан бар әдіс. Сондай-ақ, Президенттік кадр резервінің мақсаты — меритократияны жүзеге асыру, яғни мемлекеттік басқару ісіне, топ менеджментке жоғары білімді, тәжірибелі жастарды тарту.
Аягүл Мантай, жазушы:
Мен бұл іріктеуге сенбеймін
— Шынымды айтсам, ол 300 жас кім, қай саланың мамандары, білім-білік, интеллект, потенциалдары қай деңгейде, харизмасы бар ма, бұл күнге дейін не істеді, қай еңбегімен көзге түсті… қысқасы, ештеңе білмеймін. Біздегі жобаларға, іріктеулерге көбіне сенбеймін. Мысалы, «Жүз жаңа есім» деген жоба – сәтсіз жоба болды. Авгийдің ат қорасы секілді. Мемлекеттік қызметке барған үш жүз жастың қабілет-қарымын байқамай ештеңе айта алмаймын.
Қарым-қабілеті сыналып, білек сыбанып отырған жас маманның мақсаты қандай екен? Өздерінен сұрайық…
Жас мамандар: Біз халық сенімін ақтауға тырысамыз
Айбек Сағынаев, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Жобалық менеджментті дамыту орталығының басшысы, М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ-де лектор:
— Президенттік кадр резервіне іріктеу өте ірі ауқымда өтті. Сондықтан қоғам тарапынан түрлі көзқарастың болуы заңды. Алайда өзіммен қатар іріктеуден өткен жастардың қабілет-қарымына сенуге болады деп толық айта аламын. Көбі қазірдің өзінде мемлекеттік қызметте әр салада еңбек етіп жүр. Ал, ауылға, аудан немесе басқа өңірге барасыз ба десеңіз, мен қандай қызметке барсам да, сол қызметті атқара аламын ба? Дәл сол салада еліме пайдам тие ме? Алдымен осы сұрақтарға мән беремін.
Қоғамдағы түрлі көзқарастарға негізгі жауап ретінде, біз, яғни резервтегі жастар жаңа лауазымға тағайындалғаннан кейін өз ісімізді, жетістіктерімізді тағы да іс жүзінде нәтижеге жету арқылы жоғары көрсеткіш деңгейінде дәлелдесек, деген үлкен мақсат-міндет бар. Резерв бұл тек қана мүмкіндік емес, үлкен жауапкершілік деп ойлаймын.
Нұрхан Тілеумұратов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Инновация және кәсіпкерлік» мамандығы бойынша Уорик (Ұлыбритания) университетінің үздік маг истранты:
— Мемлекет басшысы өзінің сайлау алдынды бағдарламасында, жолдауында, сондай-ақ Елбасы «100 нақты қадам» бағдарламалық құжатында мемлекеттік аппараттың және квази мемлекеттік жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында олардың қатарына даярланған жас кадрларды, «жаңа формация басшыларын» тарту қажеттігін атап өтті.
Өзім еңбек жолымды төменгі лауазымда бастағанымды назарға ала отырып, өз құзыреті шегінде және кәсіби дайындығым негізінде жоспарлы түрде меритократия қағидасы бойынша қызметтік сатыда жоғарылап келемін. Бұған дейін іс жүргізу жөніндегі инспектор, бөлім басшысы, Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары лауазымына қызмет сатысымен алға бастым. Осы мемлекеттік органда 7 жыл жұмыс істедім және жүктелген қызметтер мен міндеттерді адал орындауым, жинақталған тәжірибені, кәсіпқойлық пен білім деңгейім маған «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ өңірлік директоры, облыс әкімінің инвестициялар жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі позицияларын алуға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы Президенттік кадрлық резерв қатысушыларына елімізді жаңа биіктерге көтеретін патриоттар тобы ретінде үміт артады. Біз, өз кезегінде, әркім өз орнында атқаратын позициясына қарамастан, өңірлердегі нақты саладағы трансформацияларды шағын өзгерістерден бастауға тиіспіз.
«Бетін қақпа, белін бу»
Демек, таңдаулы жастардың жүрегінде еліме қызмет етсем деген үлкен арман бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Ақордада өткен кездесуде «Сіздердің әрқайсыңыз жоғары кәсіби біліктіліктеріңізді көрсетіп, мемлекет игілігі үшін адал қызмет етуге ниетті екендеріңізді дәлелдедіңіздер» деп жастарға үлкен үміт артты.
Мемлекет басшысы: «Бүгінгі жас буынның, оның ішінде сіздер де билікке келетін уақыт алыс емес. Сіздер мемлекетті басқару тізгінін алуға дайын болып, тиісті білім мен білікті меңгерулеріңіз қажет. Жастарымыз ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне дайын болуы керек. Білім мен білік менмендіктен биік тұруы тиіс», – деп, мемлекет басқаруда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі үш қағидаты – ашықтық, инклюзивтілік және азаматтардың сұраныстарына жедел жауап беретін халыққа жақын шенеунік екенін ескертті. Яғни, мемлекеттік билік халқына жаны ашитын, елдің сөзін тыңдай білетін, Отанға адал қызмет ете алатын жастар тәрбиелеуді заман талабы деп білсе керек. Сондықтан ел ертеңі – жастардың «бетін қақпай, белін бу» деген бабалар аманаты бізге де сын болуы керек сияқты.