ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: Азаматтардың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын
Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Президент биылғы Жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы айтты. Бірлескен отырысқа депутаттық корпуспен қатар, ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов бастаған Үкімет мүшелері, ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин, Конституциялық Кеңес пен ҚР Жоғарғы Сотының төрағалары мен мүшелері, ҚР Президентіне тікелей есеп беретін және бағынатын орган басшылары, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы сөзінің басында қаңтар оқиғасына оның себеп-салдарына тереңінен тоқталды.
Сондай-ақ, саяси-құқықтық өзгерістер қатарында Президент атап өткен: «Президент партия төрағасы болмайды, облыс әкімінің орынбасарларының саны қысқарады, барлық облыс әкімдері мен оның орынбасарлары партия төрағасы, мүшесі болмайды, елдегі барлық қоғамдық кеңестің басын қосқан Ұлттық Құрылтай құрылады, партия құру шегі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін қысқарады, азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік беретін Конституциялық Сот құрылады» деген уәделерінен көп үміт күтуге болады.
Биылғы жыл Алланың сынақтарымен басталғанын білесіздер. Дегенмен бұл «Қаңтар қасіретінен» кейін жүректі тебірентіп, еңсені көтерген жағымды жаңалық болды.
Күні кеше ғана құзырлы мекеменің басшылары депутаттардың алдында шығып, «қасіретті қаңтар» туралы біршама толыққанды мәліметтермен бөлісіп, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, біраз жаңалықтың шетін шығарғандай болып еді. Ал бүгінгі Президент Жолдауын тыңдап отырып, «Жаңа Қазақстанның» іргетасы қаланып жатқандығын сезінгендей болдық. Президент Жолдауында Парламентке, Мәжіліске ерекше пәрмен бергендігі аңғарылды. «Көппартиялылыққа жол береміз» және мемлекет, облыс басшылары партия өкілі болмауы керек, олар партияға емес, халыққа қызмет көрсетуі керек дегені де елдің көңілінен шығады деп ойлаймын. Ерекше ұнағаны – ауыл әкімдерінің бюджеті болуы керек дегені. Бұл ауылды көркейтудің бірден бір жолы.
Иә, жаңа облыстар бой көтерді. Абай облысының орталығы – Семей қаласы. Алматы облысының орталығы – Қапшағай қаласы (Қонаев қаласы болуы мүмкін), Жетісу облысының орталығы – Талдықорған қаласы, Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған қаласы болатын болды. Барлығына құтты болсын айтамын! Облыстарды біріктіру саясаты да өз кезінде өте дұрыс шешім болған еді. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде қазақ ұлтының үлесі тым аз болды. Оған қоса кейбір аймақтарда қазақтарымыз «аз ұлт» саналатын еді. Облыстарды біріктірудің нәтижесінде бұл баланс теңелгенін көрдік. Қазіргі таңда қазақ ұлты шынымен де мемлекетті құрушы халық екенін санымен де, сапасымен де толық дәлелдеп бере алатын жағдайға жетті.
Өкінішті жері ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында қасиетті Торғай өңірі баяғыдай жеке облыс болып құрылса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі Торғай жері рухтар отаны еді. Ол қазақтың қаймағы бұзылмаған қасиетті даласы, тектілігін жоғалтпаған сарқыты еді. Сол қасиетті даламыз қазіргі күнде Ресейдің полигонына айналды. Торғайдың даласында мұнай мен көмірдің үлкен қоры жатыр. Келімсектер біртіндеп орныға берсе, осы ен байлықты келешекте кім игереді?.. Бұл үлкен сұрақ. Облыс жабылғаннан кейін бұл аймақтың халқы азайып кетті. Қазіргі Торғай тоқыраған, қалжыраған күйде тұр. «Алаштың табаны – Торғай, өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты» деуші еді. Марқұм Әнес Сарай: «Күндердің бір күні Торғай жеке облыс мәртебесін қайта алуы тиіс! Біртіндеп бұл арманымыз да орындалатын күн туар» деген еді.
Жалпы кезекті Жолдаудың саяси салмағы басым болғандай. Мемлекет басшысының: «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін» дегені әр азаматтың ұлт дамуы жолына тамшыдай үлес қосуға шақырып отыр. Себебі Жолдауда ұлттық идеология жоқ!.. Парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса айтқандай жастарымызда тіл жоқ, жұмыс жоқ, баспана жоқ, пұл жоқ – дым жоқ!.. Экономикалық жағдай қатерлі сындарға дөп келіп тұрған мына шақта ел ішінде қымбатшылық жайлап, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап бара жатқанын көріп отырмыз. Теңге тұрақсызданып, елдің ертеңге деген сеніміне селкеу түсіп тұр. Алайда Жолдауда әлеуметтік, экономикалық сала туралы мардымды бағыт көрсетілген жоқ. Әлде бұл жағын Үкіметтің еншісіне қалдырғысы келе ме екен?
Кезекті Жолдау халықтың үнімен үндескен жолдау болды дер едім. Ең бастысы сең қозғалды. Әсіресе елдің көп түйткілді түйіндері шешіліп келеді. Тарихымен байланысқан атауларды үш облысқа беруі халықтың қолдауына ұласып отыр. Жаңа облыстар, жаңа атаулар барлығы да құтты болғай!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері