Құдайы тамақ
Қазан баппен қайнап жатыр. Өз орнын өз ісін білетін сабырлы адам тәрізді. Аз ғана бу шығарып, бірқалыпты бүлкілдейді..
— Қалың қалай?, — деп сұрадым әжемнен, — Не істеп жүрсің, ақшаң бар ма?
— Жақсы, жақсы.
Басын қайта-қайта изеген ол ошақ астына тағы екі-үш ағаш тастады.
— Ақшаң жетіп жүр ме?
— Ақшаны не қылады дейсің. Ұн болса болды ғой. Бар, қонақтарға барсаңшы.
Аулада әзірленген дастарқан басына келдім. Сақал-мұрты аппақ шал соғыста көргенін әңгімелеп отыр. Тістері жоқ болғандықтан ба дауысы даңғырлап сөздері түсініксіз шығады. Ара-тұра бір-біріне тіл қатқаны болмаса, қалған жұрт үнсіз. Дастархан шетіне отырдым. Ақ орамал салған кішкентай қара кемпір жалтақтап қарап, көзіміз кездескенде күлімсірейді. Касындағы көк көз, сары бала болса, есі шығып үрке қадалып қалған. Жымидым. Еш өзгеріс жоқ. Ернімді тістеп, төмен қарадым. Ақ сақалды атаның бірде баяу, бірде қатты шығатын үні, қазан-ошақ басындағы әйелдер дауысы, үдей бастаған жел. Көзімді жұмғым келді де қарсы алдымдағы кемпірден кысылып басымды көтердім. Қарап отыр.
— Қазір тамақ әкеледі.
Басын изеп күлімсіреді.
— Қашан келдің?
— Бағана.
— Оқуың қашан бітеді?
— Келесі жылы.
Үнсіз қалды. Содан соң:
— Әкеңді білемін ғой, титтайынан білетінмін. Сен тура аузынан түскендейсің.
— М-м-м…
Орнымнан тұрып әжеме бардым.
— Әже, ана кемпір әкемді білемін дейді.
— Қайсы? Бибі ме? Білмегенде енді осы ауылдың адамы ғой.
— Тамақ қашан дайын болады? Көмектесейін бе?
— Қыздар бар ғой. Сен қонақтардың қасына барсаңшы. Әкең тірі болса, сол отырар еді ғой арасында. Қайтейін енді.
Стол басына қайта келдім. Ақ орамал салған әже жалтақтайды. Қонақтар соғыс көрген атаның әңгімесін тыңдайды. Ал мен басымды төмен саламын. Аздан соң жаңбыр жауады.
Мадина Омарова