Құлдықтан қашқандар көздері жәудіреп мемлекеттен көмек күтеді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің назарына

 

Есенбол Тулувхан мен Гүлмира Ғалиева ұлан-асыр той жасап қосылмағанымен, өздерін шын мәніндегі ерлі-зайыптылар санайды. Өздерінің айтуынша, оларды тағдыр қосқан.
Есенбол Монғолияның Ұланбатыр қаласынан бұдан жеті жыл бұрын көшіп келген қандасымыз болса, Гүлмира — Павлодар облысының тумасы. Есенбол өзінің алғашқы әйелінің туыстарымен бірге Қазақстанға көшіп келгенде қатты қуаныпты.

 

Сәтсіздіктің бәрі ажырасудан басталды…

— Жанарбек есімді ұлым, Жансұлу атты қызым бар. Тарихи Отанымызға оралғанда, «осы балаларым өз елінде өсетін болды» деп қатты қуанып едім… Ол кезде алдымда не күтіп тұрғанын қайдан білейін? — дейді әңгімесін әріден бастаған Есенбол.
— Монғолиядан көшіп келген бойдан қайын жұртыммен бірге Астана қаласынан бір үйді жалдап тұрдық. Алғашқы кезде бәрі жақсы болды. Азаматтық алудан да, жұмыс табудан да көп қиналған жоқпыз. Өзім осы қаладағы «Символ» дейтін түрік фирмасында дәнкерлеуші болып жұмыс істедім. Жалақым жаман болған жоқ, қолыма тиген күні бар ақшамды бір тиынына дейін қалдырмай әйеліме әкеліп беретінмін. Уақыт өте келе үй ішінде ұрыс-керіс басталды. Не жазғанымды білмеймін, әйелімнің туыстарына жақпай-ақ қойдым. Былайша айтқанда отырсам — опақ, тұрсам — сопақ болдым. Олар балаларымның анасын маған қарсы үнемі айдап салып, екеумізді жиі қырқыстырып қойды. Өмірі бітпейтін жанжал жүйкемді әбден жұқартты. Бітпейтін кикілжің шаңырақтың шайқалуына әкеліп тынды. Сөйтіп, мен алғашқы әйеліммен заңды түрде ажырасып, ол үйден біржолата кеттім. Сол сәттен бастап, бауыр етім балаларымнан да ажырадым.
Содан кейінгі өмірімді адам баласының басына бермей-ақ қойсын. Отбасымнан айрылған соң күйініп, арақ іше бастадым. Ішімдікке үйір екенімді байқап қалған бастық мені жұмыстан шығарып жіберді. Көшеде қаңғып жүріп, өзім сияқты «жолы болмаған» жігіттермен табыстым. Солармен бірге жұрттың жұмысын істеп, әр жерге бір қонып, күн көрдім. Сөйтіп жүріп, осы Гүлмирамен таныстым. Гүлмира ол кезде бір мекемеде кафель салушы болып жұмыс істейді екен. Екеуміз бір-бірімізбен тез тіл табысып кеттік. Оның да тұрақты мекені жоқ екен. Істеп жүрген жұмысы да уақытша болып шықты. Күнделікті тапқан нәпақамызға тәуліктік пәтер жалдап күнелттік. Кейде бос тұрған саяжай үйлерін мекен ететінбіз. Дегенмен, ол кезде қазіргідей қайыр сұраған жоқпыз. Кез келген жұмысты істеп, қонатын жер мен тамағымызға қаражат тауып тұратын едік, — деп өткен күндерін еске алған Есенбол әңгімесін одан әрі өрбітті.

 

ҚР Еңбек Кодексіндегі адам құқықтары

5-бап. Әркімнің еңбекті еркін таңдауға немесе еңбекке қандай да бір кемсітушіліксіз және мәжбүрлеусіз еркін келісуге құқығы, өзінің еңбекке қабілеттілігіне билік етуге, кәсіп және қызмет түрін таңдауға құқығы бар.

6-бап. 1. Әркімнің еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға тең мүмкіндіктері бар. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайлар мен тәртіптен басқа, ешкімнің еңбек саласындағы құқықтарына шек қойылмайды.

2. Ешкімді де еңбек құқықтарын іске асыру кезінде шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына немесе дене кемістіктеріне, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды.

3. Еңбек қызметінің тиісті түрлері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленетін не әлеуметтік және құқықтық басымдықпен қорғалуға мұқтаж адамдар жөнінде мемлекеттің ерекше қамқорлығынан туындаған өзгешеліктер, ерекшеліктер, артықшылықтар мен шектеулер кемсітушілік болып табылмайды.

4. Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгінуге құқылы.

7-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы бойынша мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған.

14-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

 

«Біз қалай құл болдық?»

— Бір күні көшеде Ерахмет дейтін танысымызды кездестіріп қалдық. Ол бізді бір үйге алып барды. Шымкенттік Байбол және Монғолиядан келген Октябрь дейтін жігіттермен сол үйде таныстық. Бұлардан басқа Ақмола өңірінің тумасы Манат дейтін жігіт болды. Біраз отырған соң Ерахмет ана жігіттердің сол жерде жұмыс істеуге қалатынын айтты, ал біз — Ерахмет, Гүлмира, мен — үшеуміз қалаға қайтатын болып, олардың көлігіне міндік. Біраз уақыт жүргеннен кейін Ерахмет пен Манат көлікті тоқтатып, бізге арақ құйды. Сосын Манат бізге: «Енді сендер осы жерде жұмыс істейсіңдер. Әрқайсысыңа айына 100 мың теңгеден жалақы төлеймін», — деді. Бұл — 2018 жылдың 20 қыркүйегі болатын.
Кейін білдік, Манат Ақмола облысының Ерейментау ауданына қарасты Еркіншілік ауылының азаматы екен. Бізді сол ауылдың маңындағы өзінің жеке мал қыстағына жұмыс істетуге алып келіпті. Меншігінде 100 шақты сиыры бар екен. Ақыры келіп қалғасын, «Ақшасын төлесе, істей берейік» деп біз де амалсыз келістік. Сөйтіп Қайрат, Байбол, Октябрь, мен және Гүлмира — бесеуміз ай даладағы бір будкада тұрып, жұмыс істей бастадық. Жігіттер жағы Манаттың малын бақтық, ал Гүлмира біздің тамағымызды пісірді.
Жұмысымызды мұқият қада-ғалағанымен, Манат бізге жөнді жағдай жасамады. Жылуы мен суы жоқ жерде тоңып, аш құрсақ күйде қазан айының соңына дейін тұрдық. Уақытша тұрағымыздың суықтығы сондай, сол жерде тұрған тамақ пісіретін газ баллон қатып қалатын. Сырттағы ауыр жұмыстан кейін тамағымызды істеп іше алмай, талай қиналдық. Келесі айда қожайынымыз бізді сол маңдағы малшыларға арналған жер үйге ауыстырды. Бұл үйдің де оңып тұрғаны шамалы, мал қора сияқты бірдеңе. Бір бөлмелі ескі үйді өзіміз жөндеп алып, жұмысымызды жалғастыра бердік. Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатты. Қожайынымыз еңбекақы төлемек түгілі бізді күнделікті азық-түлікке де жарытпады. Манаттың малын баққалы тоя тамақ ішпедік десем өтірікші болмаспын, мұны бізбен бірге жұмыс істеген Қайрат, Байбол, Октябрь деген жігіттер де растап бере алады. Естуімізше, Манат малдарын семіртіп, қалаға апарып, сойып сататын көрінеді. Бізге тамақ ретінде сойылған малдың өкпе-бауырын, ішек-қарнын тастап кететін. Қожайынның адам аямайтын түрін көргеннен кейін біз оған бұл жерден кеткіміз келетінін айттық. Ол бізге: «Орындарыңа жұмыс істейтін екі адам тауып әкеліңдер, сонда ғана сендермен есептесіп, ақшаларыңды беремін», — деді. Мал соңында жүрген біз оған тегін жұмыс істейтін жұмысшыларды қайдан тауып береміз? Сөйтіп, біз, малшылар (әлде жалшылармыз ба?) бірігіп, бұл жерден қашып кетуге бел байладық. Өйткені, құлдықтан құтылудың бұдан басқа жолы болмады.

 

Қашу

— Ең алдымен Манаттың Астанаға кеткенін пайдаланып, Гүлмира қашты. Содан екі күн өткен соң түнде өзім қаштым. Жолға шығып, 20 шақырымдай жаяу жүрдім. Келе жатқан көлікке қол көтерсем, жергілікті полицейлер екен. Құқық қорғау орындарының жігіттеріне көп-көп рақмет, жолда машина тоқтатып, мені Астанаға кетіп бара жатқан көлікке отырғызып жіберді. Бұған қоса, тамаққа ақша беріп, жеке құжатқа парапар болатын уақытша құжат жасатып берді. Астана қаласына келген соң Нұрмешіттің молдасын кездестірдім. Ол кісі мені үйіне апарып, жуындырып-шайындырып, киім, тамақ беріп, жөн сілтеп жіберді. Манаттың малын үш ай баққанда бір рет те суға түсіп, толық жуынбап едік. Тұрған жерімізде су жоқ болды, азын-шоғын суды тек тамаққа ғана пайдаландық. Мейірімді молданың арқасында жуынып, шайынып, әбден биттеген киімдерімді таза киімдерге ауыстырып, бір рахаттанып қалдым. Құдайға шүкір, елімізде қайырымды жандар көп екен, солардың арқасында, міне, күні бүгінге дейін аман-есен жүріп жатырмыз. Қиын уақытта бізге қол ұшын созған азаматтардың барлығына шын жүректен алғысымды айтамын.
Айтпақшы, бізден кейін қалған малшылар да ол жерден қашып кетіпті. Қазір олардың қайда екенінен хабарым жоқ, — деген Есенбол Астанаға келгеннен кейін өзінің Манатқа қоңырау шалып, еңбекақысын сұрағанын айтты. Оның сөзінше, қожайыны Гүлмира екеуіне және өзімен бірге жұмыс істеген басқа да малшыларға үш айлық еңбекақы береді екен. Есенболдың есебінше, Манат Гүлмира екеуіне үш жүз мың теңгеден барлығы алты жүз мың теңге беруі тиіс. Осыны телефон арқылы айтқанында Манат Есенболға жауап ретінде өзінің бұларды тауып алып, өлтіретінін жеткізіпті.
— Өзектіге түбі бір өлім ғой. Құлдықта жүріп күнде өлгенше, бостандықта жүріп, бір рет өлейік деп шештік. Енді осы еңбекақымызды алып беретін мекеме болса, соған барып Манаттан жалақымызды өндіріп беруін сұрайық деп едік. Қасымдағы серігімнің аяғы ауыр. Бұйырса, таяуда сәбиіміз дүниеге келмек. Ал біздің дәл қазір баратын жеріміз, басатын тауымыз, басымызда баспана да жоқ. Манаттан еңбекақымызды алсақ, тұрақты жұмысқа орналасқанша сол ақшаға тамақ ішіп, пәтер жалдап дегендей жан баға тұрар едік, — дейді Есенбол күрсініп.

 

«Қауышу немесе жалшыдан – қайыршыға айналдық»

Серігінің сөзін жалғастырған Гүлмира Есенбол екеуінің жалшылықтан қашып шыққаннан кейін Астанадағы «Тұлпар» Сауда Үйінің алдында кездескенін айтты.
— Екеуміздің бір-бірімізді көрген кездегі қуанғанымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қатты қорықтық па, әлде қуандық па, білмеймін, әйтеуір, екеуміз де ағыл-тегіл жылай бердік. Бір-бірімізбен аман-есен қауышып, көңілімізді бірлегенімізбен, алдағы уақытта қалай өмір сүретінімізді ойлап, тағы мұңайдық. «Қыстың көзі қырауда қайда барамыз, кім бізді панасына алады?» деген сұрақ екеуміздің де көкейімізде тұрды. Дегенмен, екеуміздің аман-есен қауышқанымыз ең үлкен бақыт болды біз үшін. Дәл қазіргі уақытта үй жоқ, күй жоқ, қаңғырып жүрміз. Өзімнің аяғым ауыр, іште төрт айлық балам бар. Кеше ішім, белім қатты ауырып, жедел-жәрдем шақырттық. Дәрігер қарап-қарап, түсік тастауым мүмкін екенін айтты. «Күтініп жүріңіз» деп кеңес берді. Оны өзім де білемін. Бірақ менің тап қазір күтінетін жағдайым бар ма? Есенбол екеуміз күні бойы әркімнің жұмысын істеп, болмаса, базардың есігінің алдында тұрып, өткен-кеткендерден қайыр-садақа сұрап күн көріп жүрміз. Сөйтіп, жалшылардан қайыршыларға айналдық. Күніне қалай да 1400 теңге табуымыз керек. Бұл мөлшердегі қаражатты тапсақ, осы маңайдағы тәулігіне жалға берілетін бөлмеге түнеп шығамыз. Таба алмаған күні осы маңайдағы көп қабатты үйлердің кіреберісіне (подъездерге) қонамыз. Кейде мұндай жерге де қолымыз жетпейді. Бүгінде көп қабатты үйлердің сыртқы есіктеріне кілт салынған. Біздей қаңғыбастарды вокзалға да кіргізбейді. Сондайда не істерімізді білмей, қатты қиналамыз. Жұмыс аяғында осы маңайдағы асханаларға кіріп шығамыз. Асхана қызметшілері бізді әбден танып алған, қалған тамақтарын бізге тегін береді. Бізге қайырым жасаған адамдардың жақсылығы Алладан қайтсын деймін. Астанада күн өте суық, үстіміздегі киімнің жұқалығынан бір күні үсіп өлеміз бе деп қорқамын, — деген Гүлмира өксіп-өксіп жылап жіберді.
…Иә, ерлі-зайыпты екеудің қазіргі халі адам аяғандай. Қол-аяғы балғадай, дені сау еркек пен жап-жас әйелдің осыншама қиын жағдайға түсуіне, әрине, тек қана өздері кінәлі. Бұған олардың көп нәрсені білмейтіні, сауатсыздығы, бәлкім, қоршаған орталары да әсер еткен шығар… Қатыгез қоғамның да кінәсі көп… Өздерін өздері қор қылған, тепсе темір үзетін жастағы адамдарға осының бәрін айтып қатты-қатты ұрсып алғым келді де, тілімді тарта қойдым. «Болар іс болды, бояуы сіңді» дегендей, менің ендігі ұрысқанымнан, айтқан ақылымнан оларға не пайда? Қиналып тұрған жандарға тап қазір нақты көмек керек. Өзімді өзім әрең тоқтатып, оларға бар білгенімді айтып, жөн сілтедім. Бірақ қолдарында құжаты жоқ жандарға қазіргі заманда кім құшағын аша қояды дейсіз?..
…Бет қатталып жатқанда оларға тағы хабарластым. Әлі сол күйлері екен, ештеңе өзгермепті. Гүлмира: «Түрімізге қарап, жұрт бізді жұмысқа да алмайды», — деп тағы да жылады… Содан соң ертең тағы бір телеарнаға барып, сұхбат беретінін айтты.

 

Манат: «Мен оларды құлдықта ұстаған жоқпын»

Әдетте, арыз-шағымға қатысты мақалаларды даярлағанда оқырмандарға қос тараптың да пікірін ұсынуға тырысамыз. Бұл жолы да сол әдетімізбен шағымданушы азаматтарға «қиянат жасаушы» қожайын Манаттың телефон нөмірін тауып алып, жедел хабарластық.
— Есенбол мен Гүлмираның және олардан басқа төрт азаматтың менің шаруашылығымда жұмыс істегені рас. Мен оларды жұмысқа алғанда олардың әрқайсысына 100 000 теңге жалақы төлеймін деп уәде берген жоқпын. Жұмысшы азаматтарға айына 40 0000 теңге төлеймін дедім. Ал Гүлмира оларға көмекші ретінде тамақтарын пісіріп, үй-ішін таза ұстауға тиіс болатын. Мен оған тамағы мен киім-кешегі бойынша көмектеспекші болдым. Мен оларды құлдықта ұстаған жоқпын. Уәдемде тұрып, малымды күтіп-баққан жұмысшылардың әрқайсысына 40 000 теңге жалақыларын беріп, риза қылдым. Олар өз жөндерімен кетті. Ал Есенбол мен Гүлмира: «Бізді құлдықта ұстады, еңбекақы төлемеді, ұрып-соқты», — деп жарияға жар салып жүр. Олардың айтқандары шылғи өтірік. Керісінше, дәл қазіргі уақытта мен олардан қиянат көріп жүрген сияқтымын. Шынына келсек, Есенбол маған жұмысқа келгенде екі аяғын баса алмайтын ауру еді. Мен оған сонау 20 000 теңгеге буын ауруларын емдейтін дәрі сатып алып бердім. Сол дәріні жағып, ол тәуір болып кетті. Содан кейін мен оны ұрып-соққан жоқпын. Желтоқсан мейрамы қарсаңында мен Астанаға мал тапсыруға кеткенде олар мені күтпей, қашып кеткен. Маған жағдайларын айтып, ақшаларын алып, адам сияқты кетсе де болатын еді ғой. Мысалы, бір жұмысшы кететінін айтқанда, мен оған 30 000 теңгесін қолма-қол санап бердім. 10 000 теңгесін темекісіне және тағы басқа да керек-жарағына ұстап қалдым. Есенбол мен Гүлмира өздері қашып кеткен соң маған телефонмен хабарласып, еңбекақыларын сұрағаны рас. Мен жақында Астанаға келіп, Есенболға екі айлық жалақысы ретінде 80 000 теңге бердім және бұл жөнінде өзіне қолхат жаздырып алдым. Үшінші айының жалақысынан Есенболдың дәрісінің ақшасын және темекі, арағының, тағы басқа да шығындарын ұстадым. Өз есебім бойынша мен оларға қарыз емеспін. Өткенде «Бізді құлдықта ұстады, ұрды-соқты» деп телеарналардың бірінен хабар таратыпты. Осы хабарды менің таныстарым, туыстарым көріп, маған ренжіп жатыр. Өте ұят болды.
Менің төрт балам бар, бала-шаға асырап жүрген қарапайым адаммын. Біреуге қиянат жасау ойымда жоқ. Қазіргі уақытта шаруашылығымда екі жігіт жұмыс істеп жатыр. Осы оқиғадан кейін мен «ақылды» болып, кейінгі жұмысшылармен келісімшарт жасастым. Енді бәрі еліміздің еңбек заңына сәйкес жүргізілетін болады.
Ал мен қиянат көруші ретінде енді Есенбол мен Гүлмираны жақында сотқа беремін. Олар өтірік айтып, ел-жұрт алдында менің беделімді түсірді, маған күйе жақты. Осы күйеден арылу үшін, өзімді ақтап алу мақсатында осылай істеу керек болып тұр, — деді Манат бізге телефон арқылы.
Ал біз кімге сенерімізді білмедік…

Айша ӨТЕБӘЛІ