Құлпырған Қордай, ажары ашылған ауыл  

 

   Бүгінде ауылдардың ажарын ашуға барынша күш жұмылдырылуда. «Ауылым –Ел бесігім» мемлекеттік жобасының да беріп жатқан берекесі көп. Бағдарлама аясында Жамбыл облысы Қордай ауданы жыл санап құлпыра түсуде.

Соңғы жылдары аудан орталығының ажары ашылып, көшелердің құлпыра түскеніне көпшілік куә. Ауылдың жолдары жөнделіп, жаңа аллеялар мен гүлзарлар, мәдени демалыс орындары пайда бола бастағанын көзі қарақты жұрт байқап, оған жақсы деген бағасын беріп те қойған.

Алдымен жолдардың жөнделуіне қатысты ауылдық округ әкімдігінен алған мәліметтермен бөліссек. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында Көктөбе көшесіне, Пушкин көшесіне (Жібек жолыдан Сауранбаевқа дейін), Әлімбаев көшесіне (Қазыбек биден Төле биге дейін), Қазыбек би көшесіне (Домалақ анадан Жібек жолыға дейін), 40 лет Победы көшесіне (Қазыбек биден Подгорнаяға дейін), Төле би көшесіне (Волковадан АОА әкімшілік ғимаратына дейін) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, автокөлік тұрақтарына асфальт төселді. Сондай-ақ, биылғы жылдың ІІІ тоқсанында Әйтеке би көшесіне (Жібек жолыдан Домалақ анаға дейін), Қазыбек бидің қосалқы көшесіне (Әл-Фараби көшесіне дейін), Әйтеков көшесіне (Домалақ анадан Абылай ханға дейін) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталған.

Сонымен бірге, Қордай ауылындағы бірқатар көшелердің бойына жаяу жүргіншілер жолы төселіп, ел игілігіне берілді. Мәселен, Абылай хан көшесіне (Төле биден Әйтековке дейін) жаяу жүргіншілерге арналған жол салынса, Абылай хан көшесінің бойына (Төле биден №51 ОМ дейін), Қазыбек би көшесінің бойына (Жібек жолыдан «Бөбек» балабақшасында дейін) және Жамбыл, Ноғайбай, Әл-Фараби көшелерінің бойына жарық шамдары орнатылған. Ерен ерліктің ескерткіштері тоғысқан орталық алаңдағы гүлзарлар маңына декоративті шамдары бар бағаналар орнатылып, орталық алаңның сәнін келістіре түскенін ерекше атап өткен жөн. Осы жұмыстардың аясында қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе, балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығындағы мектеп пен балабақшалардың алдына жасанды жол кедергілері орнатылған.

Сонымен бірге, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Домалақ ана көшесінің бойына заманауи 8 аялдама (автопавильон) орнатылып, қазіргі таңда оларды абаттандыру жұмыстары басталған. Мұнымен қатар, Әлімбаев көшесінің бойындағы каналдың жағалауы (Қазыбек биден Төле биге дейінгі аралық) абаттандырылып, асфальт төселіп, сәнді орындықтар орнатылды.

Осылайша, жаңадан бой түзеген демалыс орны қордайлықтардың көзайымына айналып, ауыл ажарына жаңаша рең  берді. Сонымен қатар, осыдан бірнеше ай бұрын канал жағалауының Кенесары көшесінен Аңырақай көшесіне дейінгі аралығы абаттандырылып, ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналғаны тағы бар. Бұл аз десеңіз жуырда Домалақ ана мен Алматы көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Волкова көшесінің бойындағы саяжайда, емен саябағы және Цемзауыт ауылында орнатылған спорт алаңшалары тұрғындардың, әсіресе жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, денсаулықтарын шыңдауына мол септігін тигізері сөзсіз.

 

Дедек Төлен