ҚУРАҒАН АҒАШТЫҢ БОЗДАУЫ МЕН ШАЛҚҰЙРЫҚТЫҢ СӨЙЛЕУІ…

Ислам дініне қатысты мифтердің ішінде «Құрма ағашының боздауы» деп аталатын мынадай әңгіме бар.
Пайғамбар хұтпаны қурап қалған құрма ағашына сүйеніп оқитын еді дейді. Бір күні сол ағаш пайғамбар бастаған сахабалар келгенде боздап қоя берген көрінеді. Даусы буаз түйенің боздауына ұқсайды екен дейді. Ол дауысты сол араға жиналып қалған сахабалардың барлығы (басқа ұлт адамдары болмаған) естіпті. Бірер мәрте боздап тына қалмай, тоқтаусыз боздай беріпті. Боздауын қоймаған соң пайғамбар жанына жақын барып, сипап жіберсе, әлгі байғұс ағаш дереу жұбанып, боздауын қоя қойыпты. Осы оқиғадан «құрма ағашының өзі пайғамбарымызды сонша жақсы көретін еді» деген қорытынды шығарады. Оның сыртында «егер қураған ағаштың өзі пайғамбарды сонша жақсы көретін болса, біз — адамдар пайғамбарды қалай жақсы көре алмаймыз, қайта одан сайын жақсы көруіміз керек» деген ой жасырын тұр. Осы ойды тірілте түсу үшін «ағаштың боздаған дауысын естіген сахабалардың көздерінен жас парлап тұрды» дегенді қосады. Әнәс бин Малик деген хазіреттің аузына «Мешіттің өзі оның боздауынан теңселіп кетті» деген сөзді салып, тіпті әсерлендіре түседі. Пайғамбар болса, «егер мен оны сипамасам, ол маған деген сағыныштан қияметке дейін боздап тұрар еді» депті. Көрдіңіз бе, арабтар тіпті ол ағашты боздатып қана қоймайды, оған сағына алатын сезім үстейді.
Пайғамбар қураған ағашқа қарап: «Сені бұрыңғы бақшаңа қайта отырғызайын ба, әлде жұмаққа отырғызайын ба?» — деп сұрапты.
«Мені жұмаққа отырғыз», — депті құрма. Бірақ ескіріп, шірімейтін жерде болайын.
Ағашқа жай айтқыза салмайды, шартын қоса айтқызады. «Ағаштың бұлай сөйлегенін жалғыз Пайғамбар емес, сол арада тұрғандардың бәрі түгел естіді», — деп аяқтайды әңгімені.
Осы әңгімеге дінге ұйыған көпшілік риясыз иланады. Айтар ойды образдап, бейнелеп түсіндіргеніне емес, кәдімгі түйенің боздағанына қалай иланса, қурап қалған ағаш та дауыс шығарып, түйеше боздапты деп иланады. «Қураған ағаш боздайтын ба еді?» десең, «Алланың құдіретіне шек жоқ» деп, таласа кетуі мүмкін. Мейлі, не десе де, қураған ағаш түйеше боздады дегенге илана алмаймын, ойдан шығарған аңыз деп қабылдаймын. Көркем әдебиеті күшті дамыған арабтар адамның жүрек қылын шертерліктей неше қилы әңгіме тудырып, оны дінмен байланыстырып, аңғал адамдарды нандырып тастаған.
Иланбайтын себебім, басқа жұрт та қазақтың Ертөстігінің Шалқұйрығы мен Кендебайының Керқұласы сөйледі дегенге сенбейді? Егер аузы бар қазақтың тірі жануарының сөйлегеніне жұрт сенбесе, неге мен арабтың қурап қалған қу ағашының боздағанына сенуім керек? Басқа жұрт былай тұрсын өзіміздің әдебиет танушылар ертегінің дәл осы жерін миф дейді, ертекшінің қымызға тойып, масайып алып, өз жанынан қиялданып, болмасты болды ғып айтқаны дейді. Сөйтеді де қурап қалған құрманың боздағанына сеніп отырады. Сонда Шалқұйрық пен Керқұла аттың сөйлегені өтірік те, қурап қалған ағаштың боздағаны шын болғаны ма?
Мен Шалқұйрық пен Керқұланың сөйлегеніне сенумен бірге, Керқұланы қазіргі мобилді байланыс – қалта телефоны идеясының авторы ретінде танимын.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

Редакциядан: Нұрлыбек мырза! Бұл пәниде екі нәрседен күмәндануға болмайды. Бірі Алла, екіншісі пайғамбарымыз. Сондықтан қураған ағаш түгілі Аллам кез келген нәрсені боздата алады. Сондықтан бұған иланғанын жөн ғой деп ойлаймыз. Шүбә келтірмеші, айналайын!