Құрандағы «ең әдемі қисса» — Жүсіп (а.с.) пайғамбардың оқиғасы
Хазірет Жүсіп құдықтың ішінде үш күн, үш түн жатты. Осы уақыт ішінде тек қара сумен ғана қоректенді. Жүсіп бұл кезде әлі бала болса да сабырлықпен төзе білді. Өмірден үмітін үзбеді. Үш күннен соң Мәдяннан Мысыр еліне қарайбет алған керуен осы құдықтың қасына келіп тоқтайды.
Мысырды ол кезде перғауындар емес, Йемен жақтан келген «амалиқалықтар» басқаратын. Олар перғауынды жеңіп, сол жерде төрт жүз жыл патшалық құрған. Хазірет Жүсіп заманында кейбір деректерде Рәйяан ибн Уәлид атты бір патша елге өз әмірін жүргізгені айтылады. Керуен көп ұзамай Мысырға келді.
Қалада арнайы құл базары бар болатын. Керуен иелері осы құл базарының қайнаған ортасына бала Жүсіпті сатуға қойды. Сол кезде Мысыр еліндегі жоғары лауазымды ақсүйек, Китфир деген кісі бала сатып алмақшы болып, сол базарға барған-тын. Ол үйленгелі көп жыл өтсе де, әйелі Зылиха әлі бала көтермеген еді. Олар базардан өздеріне әрі бала, әрі қызметші ретінде Жүсіпті лайық деп табады. Керуен иелері бала Жүсіпті оған болмашы ақшаға сатып жіберді. Ол баланы үйіне алып келіп, Зылихадан сүйінші сұрап жатып: «Бұған жақсылап қара! Кім біледі, күндердің күнінде бізге қатты бауыр басып, баламыз болып кетуі де мүмкін», — дейді.
Хазірет Жүсіп балиғатқа толған шағында, Хақ тағала оған ілім мен хикметті, түс жору ілімін үйретті. Ол адамдар арасында төреші болып, елге қол ұшын беріп, халықтың қалаулысына айналды. Өзінің мінезі қандай көркем болса, өскенде сондай сымбатты сұлу жігіт болды. Оның сымбаты мен сұлулығына көрген жұрт есінен тана таңырқайтын. Зылихаға күйеуі «өз балаңдай қара» деп тапсырса да күн өткен сайын сол сөзді ұмытып, сұлу Жүсіпке көңілі ауып, ессіз ғашық болды. Ақыры, Зылиха сарайында ешкім жоқ орайды пайдаланып, есік біткеннің бәрін ішінен бекітіп тастады. Сосын Жүсіптің бөлмесіне барып оны өзіне шақырды.[2] Алайда бозбала Жүсіп өзіне қамқор болған қожайынының әйелінен мұндай арсыздықты күтпеген еді. Ол қас-қағым сәтте не істерін білмей сасып қалды. Осы кезде оның көз алдына әкесі Жақып пайғамбардың бейнесі келді. Әкесінің бейнесін көре сала, дереу есін жиып, қарсылық білдірді. Зылиханың арам пиғылын сезе қойды. Амалсыз есікке қарай қашуына тура келді. Ол қашып бара жатқанда, Зылиха «тоқта» деп айқайлап қуа жөнелді. Есікке жете бергені сол еді, Зылиха оның көйлегінің артқы етегінен шап беріп ұстап, күштеп тартып қалғанда, көйлек дар етіп жыртылады. Ол бұған да қарамай, есіктің ілгегін ағытып сыртқа шыға бергенде алдында Зылиханың немере ағасы мен күйеуі тұрады. Жүсіп ұялғанынан кірерге тесік таппады. Артынан қуа шыққан Зылиха да оларды көрген кезде дереу сайқалсып, жәбір көрген адамдай кемсеңдеп күйеуіне: «Сенің әйеліңе жамандық ойлаған біреудің жазасы сөзсіз зындан немесе жан түршігерлік азап!» — деп ашулы жүзін Жүсіпке бұрды. Сонда Жүсіп Китфирдің жүзіне қарай алмай төмен қарап: «Жоқ, қайта ол көңілімді өзіне тартпақшы болды. Ал, мен көнбей қарсылық танытып қаша жөнелдім. Ол мені ұстамақ болып көйлегімнің етегінен шап берген еді, көйлегім жыртылып қалды», — дейді. Осы кезде Зылиханың немере ағасы: «Ендеше кімнің ақ, кімнің қара екенін анықтап көрелік. Егер Жүсіптің көйлегі алдынан жыртылса, Зылиханың айтқаны жөн деген сөз. Ал егер көйлек артынан жыртылған болса, онда Зылиха өтірік айтып, бұл жігітке жала жауып тұрғаны», — дейді. Одан кейін көйлектің артынан жыртылғаны айқындалғанда Жүсіптікі дұрыс, Зылиханың сөзі жалған екендігі анықталды. Зылиханың немере ағасы оған қарап: «Ниетің неткен жаман еді сенің! Онымен қоймай кінәсіз біреуді жазаламақ болдың.[3] «Әйелдің қулығы қырық есекке жүк» деген осы екен ғой деп кінәсін бетіне басты. Сосын Жүсіпке қарап: «Жүсіп! Сен бұл оқиғаны елге айтпай-ақ қой. Онсыз да сенің кінәсіз екендігің анықталды. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деген. Әңгіме өз арамызда қалсын», — деді. Аздан соң арам ниетінің іске аспағанына әрі күйеуі мен ағасына ұсталып масқара болғанына іштей ызаланып күйіп түрған қарындасына қарап: «Сен де тәубе етіп, жарылқау тіле! Сен нәпсіңе беріліп жан түршігерлік қателік жасадың», — дейді.
Әйтсе де олар осы оқиғаны қанша жасырғанымен, бұл қауесет ел ішіне түгел тарап кетті. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайдының» кері келді. Ақсүйек әйелдер өз араларында «¥ят-ай! Пәленшенің әйелі үйіндегі құлымен көңіл жарастырмақ болып, күйеуіне ұсталып қалыпты. Соры қайнаған деген осы», — деп өсектеді. Осыны естіген Зылиха бір күні сол әйелдерді үйіне қонаққа шақырды. Оларға мол дастарқан жайды. Астан соң арнайы жеміс-жидек толтырылған ыдыстарды алдарына қойып, қолдарына бір-бір алмастай өткір пышақ ұстатты. Олар пышақпен жемісті кесіп жатқанда, Зылиха Жүсіпке дауыстап: «Бері кел!» — деді. Алдын-ала оған әсем киім кидіріп қойған болатын. Ол залға шығып, әйелдердің қастарына өтіп, төрдегі Зылихаға жақындай бергенде оны көрген ақсүйек әйелдер естерінен танды. Жемістің қабығын кесудің орнына қолдарын кесе бастады. Тіпті қолдарынан қан аққанын да сезбеді. Ауыздарын ашып, Жүсіпке қарап сілейіп отырды да қалды. «Ой, Алла! Мынау адам емес, нағыз періштенің өзі ғой!» десті». Сол кезде Зылиха «Мен туралы өсек айтуларыңа себеп болған жігіт — осы. Сендер бір көргеннен-ақ естеріңнен танып, қолдарыңды кескендеріңді сезбей қалдыңдар. Ал, мен болсам, онымен бір шаңырақ астында тұрып жатырмын. Бір-бірімізді күнде көреміз. Сол себепті онымен бірге болуды қаладым. Алайда ол менен қашып, ар-ұятын қорғады. Бірақ мен мұнымен ғана шектелмеймін. Өз дегеніме жетпей тынбаймын. Ал, осыған көнбесе, зынданға тастатып, сол жерде сүйегін шірітемін»,[4] — деп өз арам ойын ашық айтты. Осыдан соң Зылиха сол ақсүйек әйелдерді де араға салып, Жүсіпті көндірмек болды.Ақыр соңында Жүсіп (ғ.с.) Зылихадан кұтылудың бір-ақ жолы бар екендігін білді. Ол Хақ тағалаға қол жайып: «Раббым! Бұлардың мені істеуге мәжбүрлеген әрекетінен маган зындан әлдеқайда артық. Егер мені бұл әйелдердің сұрқия қылықтарынан құтқарып, басқа жаққа алып кетпесең, надандардың бірі боламын»,[5] — деп дұға тіледі. Зылиха бұл кезде оны өзіне баурау үшін сан-қилы айла-тәсілдерін аямай жұмсап жүрген еді. Бірақ ешбір нәтиже шықпады. Бір күні оның көнбейтініне көзі жеткен соң, зынданға тастатып қорқытпақшы болды. Күйеуіне тағы бір рет шағымданып: «Бұл жігіт мені ел-жұртқа әбден масқара етті. Бұрқыраған өсекке қалдым. Бұған қалай төзуге болады? Одан да сен осы баланы зынданға дереу тастап, барлық пәледен құтылайық. Осы айтқанымды істе», — дейді. Китфирдереу жендеттерін шақырып, оны зынданға тастатты.
Жүсіп (ғ.с.) қараңғы қапасқа қамалысымен, көңілі жай тауып жадырап сала берді. Жүсіп үшін сайқал Зылиханың қасында жүргеннен гөрі қараңғы зынданда жату әлдеқайда жеңіл еді. Сол күні зынданға онымен бірге екі жас жігіт қамалды. Олардың бірі патшаның наубайшысы да, ал енді бірі шарапшысы болатын. Патшаға қас адамдар оларды патшаға у беруге мәжбүрлеген еді.
Нан жабушы олардың айтқанына амалсыз көнді, ал шарап құюшы келіспеді. Бірақ патша ниеттерін біліп қойып, екеуін де зынданға тастатты. Олар бір күні зынданда жатып түс көріп, көрген түстерін Жүсіпке (ғ.с.) айтып, жорып беруін өтінді. Біреуі: «Мен түсімде шарап құйып жүргенімді көрдім», — десе, екіншісі «Мен түсімде төбеме нан көтеріп жүр екенмін. Оны құстар шоқып жеп жүр екен» дейді. Жүсіп (ғ.с.) олардың түсін жорудан бұрын оларды иманға шақырып, ақиқат дінді насихаттады. «Мен Хақ Тағаладан жіберілген пайғамбармын. Менің міндетім — адамдарды тура жолға салу. Сендердің менің бойымнан көрген түс жору және жақсылық жасау сипаты -пайғамбарлық сипат. Сондай-ақ бұлардан басқа отбасыларың жіберген тамақтарды сендерге келмей жатып, қандай тамақ екенін, тіпті дәмін, мөлшерін де айтып бере аламын. Осының бәрі — Раббымның маған берген ілімдердің бір бөлігі. Мен осылар арқылы адамдарды тура жолға шақырамын», — дейді. Одан соң Хақ пайғамбар оларға өзінің зынданға түсуінің себебін ұзын сонар түсіндіре келе: «Мен имансыз елден жырақ кеткім келді. Егер айтқандарын істегенімде, мен де солар сияқты иманнан жұрдай болар едім. Мен олардан бет бұрып, аталарым Жақып, Ысқақ, Ибраһимнің дініне мойынсұндым. Осының бәрі — маған берілген Хақ Тағаланың шарапаты», — дейді. Хазірет Жүсіп екі жігітке осылайша дінді түсіндіре бастағанда, сол зынданда жатқандар оған жақындап келіп сөздеріне құлақ түре бастады. Тіпті кейбірі жылы шыраймен дінге қатысты сауал тастап үлгерді. Ақырында хазірет Жүсіп оларға: «Уа, менімен бір қапастагы жолдастарым! Бөлек-бөлек тәңір жақсы ма? Әлде әр нәрсеге өктем жалғыз Алла жақсы ма? Сендердің де, аталарыңның да табынып келгені ойдан шығарылған негізсіз сенімдер. Алла оларға табынуға қатысты ешбір дәлел түсірмеген. Үкім Алла Тағалаға тән. Ол өзіне ғана құлшылық жасауды бұйырған. Міне, тура дін — осы. Бірақ адамдардың көбі білмейді»,[6] — деп көп ақиқаттың бетін ашады.
Аздан соң Хақ пайғамбар екі жас жігіттің көрген түсін жорып: «Уа, менің зындандас жолдастарым! Араларыңдағы патшаның шарапшысы болған жігіт әрі қарай қызметін жалғастырады. Екінші жігіт болса, дарға асылып, басына құстар үймелейді. Екі түстің мәні осылай», — деп сөзін аяқтайды. Күндер зулап өтіп жатты. Бір күні екі жігіт зынданнан шығарылады. Сонда хазірет Жүсіп өзі «аман қалады» деген жігітке қарап: «Сенімен бірге біраз жолдас болдық. Жағдайымның қандай екенін жақсы білесің. Реті келгенде, мен туралы патшаға айтып түсіндір. Кінәсіз болсам да, зынданға тасталдым. Әрі жазықсыз жапа шегіп жатқаныма көп болды», — дейді. Екі жігіт зынданнан шыққан соң, Жүсіптің айтқаны айдай келіп, шарапшы ақталып, наубайшы дарға асылып, басына құстар үймелейді. Ал ақталған жігіт өзінің бұрынғы жұмысына қайта оралды. Бірақ ол патшаға Жүсіп пайғамбар туралы айтпады. Өйткені шайтан оны ұмыттырып жіберген болатын. Кейбір деректе сол жас жігітпен бірге зынданда бес жыл жатқаны айтылса, тағы бір деректе одан кейін жеті жыл жатқаны жазылған.
Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.