ҚҰРАННАН ҚУАТ АЛҒАН КЕМЕҢГЕР

Жұмысбастылықтың кесірінен, оқыған шығармаларым туралы ойымды жазуға қолым тимей кетті. Сондықтан өзіме ерекше ұнаған кітаптар жөнінде ғана ойларымды қағаз бетіне түртіп қойғанды жөн санадым. Биыл ЖЗЛ сериясымен шыққан автобиографиялық зерттеулерге ықыласым ауып кетті. Кейде ұлы ақындар туралы жазылған еңбектерден олардың туындыларын оқығаннан да күшті әсер алатын кездерің бар.
Міне, бүгін Эмиль Людвигтің Гетенің өмірі мен шығармашылығын зерттеп жазған көлемді еңбегін оқып тастап, тәтті сезімнің құшағында отырмын.
Гете тек ұлы ақын, ұлы жазушы ғана емес, ұлы ойшыл, ұлы ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері де болды. Сөз өнерінің барлық саласында да оның салып кеткен айшықты ізі сайрап жатыр. Данышпанның 60 томға жуық мұрасы жалғыз немістердің ғана емес, дүниежүзілік мәдениеттің құнды қазынасына айналғанына қай заман. Германияның мүйізі қарағайдай ғұламалары Шиллер, Гердер, Виландпен бірге ол неміс әдебиетінде «веймарлық классицизм» деп аталатын жаңа бағытты қалыптастырды. Кемеңгердің «Вильгелм Мейстері» Ағартушылық дәуірдегі тәрбиелік роман жанрының негізін салып берген туынды болды. Ал, әлем әдебиетінің жауһары болып саналатын Фаустты оқырмандар әлі де сүйсініп оқып, сүйекті туындыдан көңілдерін толғандырған мазасыз сауалдардың жауабын тауып келеді. Поэмадағы көтерілген проблематика күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Ата-анасы Гетенің келешекте заңгер болғанын қалады. Алайда, ол ақындық жолды таңдады. Он алтыдан асқанда өмірдегі өз жолын таба алмай адасып, жалғыздықтан жаны күйзелген бозбала өзіне-өзі қол салып, атылып өлмек те болады. Жатса да, тұрса да оның жанын сайтандай арбаған өлім елесі көз алдынан кетпей қояды.
Қатты қиналып, не істерін білмеген жігіт бір күні ішіне симаған ойын ақ параққа ақтарып, бір деммен «Жас Вертердің қасіреті» романын жазып тастайды. Шығарма жарық көре салысымен, замандастарының көңіл-күйіне бейбіт күнде жарылғандай бомбадай әсер етті. Бір-екі жылдың ішінде әйгілі туынды Германияда 16, Франция мен Қытайда одан да көп рет басылып шықты.
Гетенің тырнақалды туындысы автордың атын айдай әлемге танымал еткенімен, өмірден өз орнын таба алмаған жастардың сана-сезіміне кері әсерін тигізіп, талайларды өлімге итермеледі. Шығарманың оқып шыққан жігіттердің арасында өзіне-өзі қол салып, атылып өлу оқиғалары жиілеп кетті. Кейін ұлы ақын қартайғанда осы бір оқиғаны бір лорд оның бетіне салық қып басып, тұқыртпақ болып «Сіздің романыңыз бірнеше жастың өздеріне қол салып өлуіне әкеліп соқтырды» деп баяғыда болып кеткен оқиғаны оның есіне салғанда Гете оған «Мыңдаған жастар сіздің құрған жүйеңіздің құрбаны болған кезде, менің романымның бір-екі жастың өліміне әкеліп соқтыруында тұрған не бар?» деп жауап береді.
Ол рух азаттығын бәрінен биік қойды. Массондық ложаға кіруден бас тартты. Еуропаға Шығыс әлемінің даналығын алғашқылардың бірі болып танытқан да Гете болатын. Ұлы ақынның Мұхаммед пайғамбарға деген құрметінің шексіз болғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Мұсылман екенін ресми мәлімдеп, айдай әлемге жар салмағанымен ақын туындыларынан ізгілік пен гумманизмнің нұрлы сәулесі шашыраған Исламның рухани құндылықтарын қатты құрметтегені айдан анық байқалады.
Айталық, «Ұйқыдағы жетеу» өлеңінде Гете Исаны Құдай дәрежесіне көтерудің –Тәңірді мазақ ету екенін сынап, Алланың бірлігін таныту арқылы бүкіл әлемге бас идірген Мұхаммед әкелген шындық салтанат құрсын! дегенге мойынсұнады. Онымен қоймай ұлы ақын 1820 жылы Цельтерге, 1831 жылы Адель Шопенгауэрге жазған хаттарында өздерінің Исламда қалуы тиістігі туралы ойын жасырмай айтып, ағынан ақтарылады. Гетенің 1827 жылдың 11 сәуірінде қалдырған жазбасында әлемде Исламнан артық адамның жанына тыныштық сыйлай алатын діннің жоқ екеніне арнайы тоқтаған толғамы бар.
Оны айтасыз-ау «Кітаптардың кітабы – Құран. Мен нағыз мұсылманмын» деп жыр толғаған Гете Германияда Құранға байланысты қызығушылықтың пайда болғанына жүрегі жарыла жаздап қуанып, 1814 жылдың 5 қаңтарында Требрге былай деп хат жазады:
«Осыдан біраз жыл ғана бұрын өзіміздің протестант гимназиясында мұсылмандар құлшылық қылып, қасиетті Құранның сүрелері оқылады деп кім ойлаған! Әйтсе де бұл осылай болды және біз башқұрлардың намаз оқығанын көрдік, молдасын тыңдадық, басшысын театрда құтықтадық.
Башқұрлар маған үлкен құрмет көрсетіп садақ пен жебе сыйлады, мен оны өз ошағымның үстіңгі тұсына іліп қойдым. Ал, өзіміздегі ерекше діндар ханымдар тіпті Құранның аудармасын кітапханадан алдырды».
Немістің ұлы ақыны 1771 мен 1772 жылы қасиетті Құранды құмартып оқиды және парсының ұлы ақыны, сопы Шамс ад Дина Мұхаммед Хафиз Ширазидің (Хафиз) «Диуан» атты ғажайып шығармасымен танысып, тағылым алады. Бұл екі дүние Гетеге ерекше шабыт беріп, соның әсерімен «Батыс-Шығыс Диуаны туралы ескертпелер мен очерктер» атты еңбегін жазады.
Ұлы ақынның осы туындысында Исламның тұжырымдарына таң қалып қана қоймай, тіпті, табынып жазған мынандай ойлары бар:
«Егер Ислам Аллаға мойынсұну болса, бәріміз де Исламда өмір сүріп, Исламда өлеміз. Бір Аллаға деген сенім әр уақытта рухыңды биік етеді, өйткені ол адамның — рухани тұтастығының өлшемі. Біз бүкіл адамзат баласына нұр шашқан киелі Құран түскен – Мұхаммед, салла Аллаһу алейһи уә сәллам пайғамбарға мәңгілік қарыздармыз.
Біздер, Еуропа халықтары мәдениетіміздің айрықша дамығанымен, хазірет Мұхаммедтің ұлылығының ең бірінші сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Және бұдан кейін де одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес.
Алланың тоқсан тоғыз сипатын айтып мұсылмандардың таспих тартуының өзі өте ұлық ғибадат. Тәңірге тән сипаттарды бір негізде еске алу оның құдіретінің аса шексіздігін білдіреді, сондықтан мұсылмандар оның еркіне бағынып, тыныштық табады».
1995 жылы Веймер қаласында шейх Абулқадыр әл-Мураби бастаған бір топ зерттеушілер ақынның көптеген шығармаларын зертейді. Осы атқарылған жұмыс пен зерттеу нәтижесінде шейх әль-Мураби немістің ұлы ақынын мұсылман деп танып, бұған бір пәтуа шығару үшін жеткілікті дәлелдер жинастырады.
Дегенмен, Гетенің Исламды қабылдап, мұсылман болғаны немесе болмағаны басы ашық ақиқат емес. Бұл бір Аллаға ғана аян жұмбақ. Алайда ұлы ақынның Исламға деген махаббатының шексіз болғандығына еш күмән жоқ. (Жалғасы бар)
Амангелді Кеңшілікұлының фейсбук парақшасынан