Құрбан айт мерекесінде елордалық еріктілер мұқтаж жандарға құрбандық етін таратуда
Құрбан шалу рәсімі тек онлайн ұйымдастырылады. Құрбан шалу үшін «Qurban2020.kz» сайты іске қосылды. Дәстүрлі құрбан шалу орындары жабық болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Құрбандық еті әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға бөлінеді. Қазіргі уақытта елорда мешітіне аз қамтылған отбасылардан 4 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Әлеуметтік көмекті таратуға 500-ге жуық елордалық ерікті мен 200 автоволонтер көмектесіп, өз көліктерімен мұқтаж адамдардың үйіне дейін жеткізеді. Айта кету керек, еріктілер етті бөлуден бастап, жеткізуге дейін басы-қасында жүреді. Қоғамдық қауіпсіздікті, адамдардың көп жиналмауын қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында орналасқан дәстүрлі құрбан шалу орындары (базарлар, шаруа қожалықтары) жабық болады. Қашықтан құрбан шалуды ұйымдастыру мақсатында Qurban2020.kz сайты іске қосылды. Аталған сайтта кез келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады. Құрбандыққа сойылған ет түгелдей әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. «Qurban2020.kz» сайтында мұқтаж жандарға арнайы «Құрбандық етін алу үшін өтініш қалдыру» фунциясы да іске қосылды. Тиісті құжаттарды жүктеу арқылы мұқтаж отбасылар әлеуметтік көмек алу үшін онлайн өтініш жолдай алады. Сонымен қатар елорда аумағына сату мақсатында ірі қара мал мен қой кіргізу шектеледі. Дін істері басқармасы тұрғындарды санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Биыл Құрбан айт мерекесі 31 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді.