Құрылысшыларға құрмет
Павлодар қаласындағы «Колос» мәдени-сауық орталығында құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиын болды. Шара барысында осы салада ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, облыс және қала әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары тапсырылды.
Шараға қала әкімінің орынбасары Андрей Балашев қатысып, шаһар басшысы Нұржан Кемеровтің құттықтау сәлемін жеткізді. Оның сөзінше, бүгінгі таңда облыс орталығында тоғыз көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Бұдан бөлек тағы алты үйдің құрылысы басталуы мүмкін. Жалпы қала бойынша биыл 300 мың шаршы метр үй қолданысқа берілмек.
— Сонымен қатар, Усолка шағын ауданында бассейн, мұз алаңы сияқты басқа да үлкен құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдымызда бұдан басқа да маңызды жобалар күтіп тұр. Жалпы, шаһарымыздағы құрылыс саласының қарқын алуы – жергілікті құрылысшылардың еңбегі. Сіздер осы арқылы бір қаланың ғана емес, еліміздің дамуына үлес қосудасыздар. Сондықтан, құрылысшы мамандық иелеріне ерекше алғыс айтып, зор денсаулық тілеймін, — деді ол.
Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталғандардың бірі – құрылыс саласына 40 жылын арнаған Жанат Кәрішев. Ағамыз Кеңес одағы кезінде Павлодардағы «Промстрой» құрылыс компаниясында, одан кейінгі жылдары «ГСУ-Құрылыс» ЖШС-де дәнекерлеуші болып еңбек еткен.
— Сол құрылыс компаниясында істеп жүріп «Павлодар алюминий зауыты», «Павлодар трактор зауыты» және «Ақсу ферроқорытпа зауыты» сынды алып кәсіпорындардың салынуына атсалыстық. Сонымен қатар, «Сарыарқа», «Павлодар» секілді бірқатар қонақ үй және балабақшалар салдық. Еліміз алғаш Тәуелсіздік алған жылдары құрылыс қарқыны бәсеңдеп қалған еді. Ал, қазір бұл салада ілгерлеу бар. Облыс орталығында үлкен тұрғын үйлер бой көтеруде. Міне, осының бәрі құрылысшылардың маңдай тері. Барша әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын, — дейді Жанат Кәрішұлы.
Тілеуберді САХАБА