Құт орда
Өмір-теңіз, жүзем онда демеңіз,
Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз.
Рудаки
Тағдыр жолы сан тарау. Өрлі, соқпақты, кеңістікті, еңісті, таулы, қыратты болып тарам-тарамға бөлінген. Осы жолда адаспай мұратына жетер түзу жолды табу кез келген пенде үшін оңайға соқпасы анық.
Қалай десек те өмір жұмбағы көп, сырға толы қызық әлем. Бір күнің бір күніңе ұқсамайтын өмірің бірде қуанышқа толып шаттанып жадырасаң, енді бір сәтте тұңғиық тылсым ойдың шырмауында қалдырады. Сондықтан әр адам өмірінің мәнін ұғынуға ұмтылып, ізгі мұраттарды бағындыру жолында күресті бастайды. Сондықтан болар «өмір-күрес» деп топшылап, еріксіз мойындайсың.
Ізім де тағдырдың сан түрлі соқпақтарын басынан өткерді. Түрлі қиындықтармен белдесті. Керек десеңіз ажалмен де бетпе-бет келген кездері аз болған жоқ. Тепсе темір үзетін, жалындағын жас шағында қан майданның ортасына түсті. Отанын, туған жерін жау аяғына таптатпаймын деп қару асынып, жан алысып, жан беріскен кескілескен қанды ұрыстардың бел ортасында жүрді.
Көретін жарығы бар екен, сан боздақтар жер жастанған майданнан аман-есен елге оралып, бейбіт өмірдегі еңбекке араласты. Қатарластары үйлі-баранды болып, отбасын құрып, түтін түтетіп, жар құшып, бала сүйіп жатты. Бірақ Ізім өзін-өзі тұмшалап, қыздарға қырындаудан қашқақтап жүретін. Оған себеп, соғыс даласындағы кезекті бір шайқаста жараланған бет-жүзі еді. Соның салдарынан түр әлпеті зақымданып, бет терісі әлсін-әлсін тартып тұратын халге ұшыраған. Содан қымсынған ол бойжеткендермен сөйлесуге тартыншақтап, жастар бас қосқан жерден жырақ жүретін. Бірақ әке-шешесі: «Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен. Біздің де келін жұмсап, немере сүйгіміз келеді», — деп ата тілектерін айтып, талабын қойып жататын.
Осылайша, жаны мұңға, ойы тұманға батып, жігері құм болып, қиялы сан-саққа кетіп жүрген Ізім бой сергітіп қайтпақ ниетпен Ақтөбе облысының Мұғалжар ауылындағы туысқандарына сапарлап келеді. Міне, ол осы ауылда көптен күткен махаббатын кездестірген еді. «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп хакім Абай қалай тауып айтқан десеңізші.
Туысқандарына келіп, құлын мүшесі көз тартатын сымбатты да сүйкімді Айғанаш есімді қызына көргеннен тұла бойы өртеніп, екі беті алабұртып, кең дүниеге сыймай кететіндей күйге түсетін. «Қазанаттың жолында жазық та бар, ор да бар, азаматтың жолында бақыт та бар, сор да бар» демекші, сезімін жеткізбекші болып, өзін-өзі бірнеше рет қайрап, оқталса да, жүрегі дауаламады. «От пен оқтан өттім. Қар жамылып, мұз жастандым. Жауымның бетін қайтарып, тізе бүктірдім. Бірақ мына нәзік қыздың алдында соншалықты неге әлсізбін, бір ауыз сөз айтуға қауқарсызбын», — деп іштей кіжінетін де қоятын. Сосын сабасына түсіп, майданнан алған бетіндегі жарақаты есіне түсіп, тез бойын ширатып алатын. «Е, мұндай көрікті қыз мені менсіне қояр деймісің. Қолым жетпейтін арманнан дәметпейін», — деп тағы да тартыншақтап, өзін-өзі жұбатқандай болады.
Не керек, ойы сан-саққа жүгіріп, махаббаттың торына шырмалғанымен, жүрегі дауаламаған қалпы, қайратын шеңгелінде уыстап, сезім-желігін төзімге салып Ізім ауылына қайтады.
Қимайды өзіңді көңіл шіркін,
Сыр бермейін десем де ішім түтін.
Өзіңді көре алмасам ертелі-кеш,
Шыдап жүре алмаспын менде бір күн — деп жыр оқып, күбірлеп қояды. Не істеу керек?
Жалпы, қазақ халқында ежелден келе жатқан «жеңгетайлық» деген жақсы дәстүр бар.
Ізімнің ғашықтық дертіне шалдыққанын сезген жеңгелері жігіттің шынайы сезімін шытынатқысы келмей, ретін тауып қызды да пойызға мінгізіп жібереді. Ақыры «бұйырмаған жетпейді, бұйырған кетпейді» дегендей, Ізім мен Айғанаш тіл табысып, жүректері, тілектері бір арнада тоғысып, шаңырақ көтереді.
Барға — шүкіршілік, жоққа — сабыр, азға — қанағат ететін қасиеттерінің арқасында үлкен іргелі шаңыраққа айналды. Айғанаш он үш құрсақ көтеріп, Ізімнің ізін жалғастырар арыстай алты ұлды дүниеге әкелді. Бүгінде саясына 29 немере, 27 шөбере, 6 шөпшек жинастырып, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған мәуелі бәйтерек. Айғанаш тоқсанның төріне шыққан абзал ана, ақ дидарлы әже.
«Мың құбылып дүниенің дидары,
Жастық шақта соғыс, бейнет қинады.
«Бейнет түбін зейнет» қылып Құдайым,
Тәуба деймін, бақ-ырысын сыйлады», — деп бүгінгі күнге шүкіршілік етуде. Иә, Ізім екеуі берекені еңбектен тапқан, өмір жолдары тәлім-тәрбиеге толы жандар. Тек бір өкініштісі, сүйген жары, отағасы Ізімі бүгінде қасында жоқ. Тәңірдің жазуымен өмірден озды. Оның бақилық болғанына да жиырма жылдың жүзі болыпты.
«Балалы үй базар» деген ғой. Алайда Ізім мен Айғанаштың шаңырағына іңгәлаған сәби келген сайын ауыл-аймақ, көрші-қолаңның арасында «өздері ауыздары аққа жарымай отырып, осыншама баланы туа беретіні несі, қалай асырайды» дегенге саятын күңкіл сөздер де болғаны рас. Сонда Ізім: «Бір қой егіз туса бір түп жусан артық шығады», — деп бекер айтпаған. Балаларымды Құдай өзі асырайды. Тәңірім перзентті маған есепсіз бермей, ырыс-несібесімен жаратқан шығар», — деп жұрттың меселін қайтарып тастаушы еді. Айтса айтқандай балаларының бәрі жаратылысынан алғыр, сезімтал болды. Талаптары алға басты. Тұла бойы тұңғышы Зұлқожа (Захар) Қожаев өңірге танымал азаматтардың санатында. Аталас туыстарымен жұмылып құрылыс жұмыстарын сапалы да сәнді салып, белгілі атақты фирма құрды. «Ырыс қашса да туыс қоймайды» демекші, бауыры Қамқа, басқа да інілері қолқанат болып және бір буын тумалары Асылбектер де ұйымшылдық танытып нәтижелі биікті бағындыруда. Бүгінде, Ақтөбе мен Батыс Қазақстанға аты мәшһүр құрылысшыға айналды. Зәулім үйлер салып, туған қаласының сәулетін арттырып, халықтың алғысын арқалап жүр.
Бірде жаңадан қызметке келген аудан әкімі Зұлқожаны шақырып алып, әкімшілік ғимаратын қай жерге салғанымыз дұрыс деп жөн сұраса керек. Сонда Зұлқожаның ойына ауылдың шетінде мал жайылып, әбден тапталып, малдың боғынан аяқ алып жүре алмайтын қараусыз жер түседі. Осы алаңға салайық деп ұсыныс айтады. Оның бұл ойын аудан әкімі жақтырмаған сыңай танытады. Әйтсе де, сөзіне мығымдық танытқан Зұлқожа ісімен дәлелдеп сол аймақты гүлденген әкімшілік орталығына айналдырды.
Қазақ халқының әдет-ғұрпында жекжаттық қарым-қатынастарға бастайтын ресми қадамның бірі — құда болу. Бұл орайда да тілегі қабыл болып Зұлқожаның жанұясы текті әулет Мұхамбетпана-Майра атты парасатты жандармен құда ретінде жарасым тапты. Бұл кісілер осы әулеттің құдаларының бірі ғана. «Ел мен елді қосатын қыздан айналдым» деген қазақ қағидасына сай басқа да ұзатылған қыздары тұрмыс құрып, ел мен елді жақындастырса, кіндігінен тараған ұлдары отау тігуі арқылы құдалардың қатарын арттырғаны рас. Соның нәтижесінде қырық рулы елге айналып, құдалар арасындағы сыйластық үлкен туыстық қарым-қатынасқа дейін ұласқан жайы бар. Қазіргі таңда Зұлқожаның шаңырағы ордалы отбасына айналып, ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жекжат жиі бас қосып, үй-ішін думанға, дастарқанды ырыс-берекеге толтырып жатады.
Зұлқожаның атқарған үлкен сауапты ісінің бірі — Әбілқайыр ханға биіктігі 14 метрді құрайтын теңдесі жоқ кесене салуы. Кесененің сәулет үлгісі заманауи тұрғыда өріліп, ою-өрнегі анадайдан көз тартатын, асқан шеберлікпен салынған нағыз ханның мазары деп ұялмай айтуға тұрарлық құрылыс болғаны рас. Ол болашақта түсетін Торғай-Ырғыз тас жолының бойында тұр. Бұл дегеніміз, туризмді дамытуға бағыт ұстаған еліміздің көрнекті бір саласы болары сөзсіз.
Одан қалды Ресейдің Орынбор облысында жерленген Әбілқайыр ханның сүйіктісі Бопай ханымның мүрдесін алып келіп, қайта жерлеу жөнінде ұсыныс тастап, қолдау білдіргені. Аталмыш мәселе әлі де шешімін таппағанымен, Зұлқожа бұл ізгілікті шарадан тыс қалмайтындығын ісімен дәлелдеп жүр. Сонымен қатар бүгінде өз қаржысы есебінен Ақтөбе қаласында 150 орындық балабақша салу қамымен жүгіріп жүргендігі көңілге қуаныш ұялатады. Балабақшаға Бопай ханымның есімін беру жөніндегі шешімін де еш бүкпесіз ортаға салуда. Зұлқожа ұлы бабалардың есімдерін ұлықтау жолында қызмет жасауды өзінің тікелей перзенттік парызы санайды.
«Әкеге тартып ұл туар» дегендей Зұлқожаның баласы, 9 сынып оқушысы Әлихан да мектеп табалдырығында жүріп-ақ әке жолын қуып сәулетші болсам деп армандайды. Сондай-ақ ол болашақта қасиетті Түркістан қаласының бір шағынауданының жобасын жасасам деген. Текті атаның ұрпағы Әлиханның бұл межені де бағындыратынына шүбәміз жоқ.
Талабына нұр жаусын деген тілегіміз бар
Қазіргі таңда Айғанаш сүт кенжелері, қара шаңырақ иесі, ұлы Әділдің қолында тұрады. Әділ дүниеге келгенде Айғанаш 44-те, Ізім 55 жастың төрін бағындырған ел ағасы екен. «Тоғыз ұлым — бір төбе, Ертөстігім — бір төбе» деп ертегідегі Ерназар шал айтқандай Ізімнің де көзі тірісінде кенжесі Әділге деген ықыласы мүлде бөлек, шығарға жаны жоқ болған екен. Бірде іші сезді ме кім білсін, қайтыс боларынан аз күн бұрын барлық балаларын жинап алып: «Аналарыңды аялап жүріңдер. Кенже інілерің Әдәужанға көз қырларыңды салыңдар», — деп өсиет айтып, табыстап кеткен көрінеді. Міне, сол кішкентай Әдәужаны үйлі-баранды, Асыланбек, Құралай, Санжар есімді ұл-қыз мәпелеп отырған асқар тау әке болыпты. Бірде Әділден сыр суыртпақтағанымызда: «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын», — деп тілейтін әке-шешенің орны қашанда бөлек қой. Қаншалықты дәулетің тасып, мерейің асып тұрып оларға арнап салып берген хан сарайындай зәулім ғимаратың да, алтын жаға, зер оқалы шапаның да осынау қымбат екі жанның маңдайынан аққан бір тамшы тердің де өтеуі бола алмайды деп ағынан жарылғаны бар.
Айтпақшы, жұбайының ұзақ жас жасайтынын Ізімнің өзі де жорып кеткен екен. Ол былай болған. Өмірдегі жұмбақ құбылыстың бірі — түс көру ғой. Адам баласы түнде ұйықтағанда түс көрсе, соны жоруға, құпиясын ашуға тырысады. Тіпті түсті «тәңірдің берген несібесі» деп те қабылдайтындар бар. Баласы Айнабектің 4-класта оқып жүрген кезі. Ол кезде қойшы шаруалардың балалары интернатта жатып оқиды. Бірде ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде анасы бақилық болған екен. Ояна келсе еңкілдеп жылап жатыр. Моншақтап аққан жастан жастық шылқыған су. Екі көзі жылай-жылай бұлаудай боп ісіп кеткен. Содан жанталасып, екі өкпесін қолына алып, Електі белуардан кешіп өтіп үйіне жетеді ғой. Әкесі Ізім қорада мал жайлап жатыр екен. Келген бойда «Мамам қайдалап» байбалам салып анасын іздесе керек. Қапелімде не болғанын аңғармаған шешесі шошып кетіп: «Не болып қалды, құлыным?» — деп сыртқа атып шығады. Анасының дауысын естіген Айнабек еңіреп жылап қоя береді. Артынан мән-жайды анықтаған соң Ізім сәл ғана езу тартып: «Шешеңнің өмірі ұзақ болады», — деп жорыған екен. Сол айтқаны келіп, Айғанаш тоқсан жасқа шығып, ағайын мен бала-шағасының ортасында бұйыртқан бақытының қызығына кенелді. Адам өмірінің бар мәні де осында жатқан жоқ па? Сірә-да ата-ана үшін ұрпағының құрметіне бөленуден артық құрмет жоқ шығар.
Қазақтың абыз ұлы Әбіш Кекілбаев «…Төңірегіңе бейнет болмай, жан-жағыңа салмақ салмай, ұрпағыңның алдында кеткенге не жетсін» деп айтқандай, Айғанаш та балаларының ортасында отырғанда: «Туған-туыс, перзенттеріме салмақ болудан сақтап, екі дүниенің абыройын бере гөр» — деп Алладан тілеу тілейтін еді. Тәңірім кейуананың тілегін қабыл етті білем, тоқсаннан асқанда ешкімге бейнет көрсетпей, балалары, немере-шөберелері, туған-туыстарымен, құда-жекжаттарымен бақұлдасып бақилық сапарға аттанып кете барды. Нұры пейіште шалқығай. Жаратқан ием артында қалған үрім-бұтағына ұзақ ғұмыр бергей деген тілегім бар. Жан-жары Ізім ағамызбен о дүниеде Фердаус жәннатында болуды жазғай.
Осындай сыйластығы артқан ұядай отбасын көріп және де нешебір ұрпақтың туыстығы, бауырмалдығы бір арнаға тоғысқан сәтке тәнті болғанда атақты Қабылисаның мына бір даналығы еріксіз ойға оралады:
Бақыт қайда барасың?
— Өсірген жақсы баласын,
Сыйлаған ата-анасын,
Көргенді ұлға барамын, — деген екен.
Ендеше, бұл әулетті көңілдері суат боп тасып, ниеттері шуақ боп арайын шашып, ықыластары арнасынан асқан, ынтымағы жарасқан жандар жиналатын «құт орда» деген дұрыс шығар. Бұдан көңілге түйер ой — қазіргідей ер тоқымы бауырына түсіп, кежегесі кері тартып, адамнан мәміле кетіп бара жатқан кердең заманда бала мен әкенің, ана мен қыздың, туыс пен туғанның ара-қатынасы үзіліп, кездесуі, пікірлесуі азайып бара жатқан тұста бірлігі астасқан мұндай әулеттің болуы қоғамның байлығы болып қана қоймай, өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі-өнеге бастауының аққайнары екені сөзсіз.
Өмірзақ Озғанбаев,
профессор