ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ – ДАЛАЛЫҚ САУЫНАШАР

Совет дәуірінде көшпелі қоғамның салтымен ешкімнің ісі болмады, оған қызыл империяның қазақ халқына деген ерекше рухани өшпенділігі де әсер етті. Қазақы ауылшаруашылық форматын өзіне лайықтап, жаңа түр мен мазмұн бере отырып, советтік империя қазақ халқының санасын өзіне лайықтады, оған өзінің тарихи рухани құндылығын жек көруді, жатырқауды сіңірді. Этноқұндылықты ескінің қалдығы, архаикалық әрі жаңа дәуірге кедергі келтіретін, қажеттілігі өмірден ығысқан құндылық ретінде мойындатты. Және де ескіні жаңғыртып, жаңа дәуірге лайықтауға қазақ халқына еркіндік пен билік бермеді, ондай бастама қудаланды.

Десек те, соңғы жылдары аталмыш рухани сала біртіндеп дамып, бірте-бірте өз мазмұнын дәуірге лайықтап бет түзегендей сыйық байқалады. Соның бірі – қымызмұрындық фестивалінің барлық өңірде қолға алына бастауы.

Осыған орай атты мәдениеттің басты нышаны боларлық бұл салтанатты ішінара болса да, зерделеп, жүйелеп, мазмұнын жаңғыртып, сыры мен қырын ашу қажеттігі туындады. Бұл дәстүр мемлекеттік деңгейде болмаса да, жергілікті биліктің қолдауымен алға басуда. Алайда, кез келген елдік ауқымдағы шара өзінің тарихи тамыры мен болмысын барынша сақтап, заман талабына сәйкессе ғана өміршең болатыны анық.

Қымызмұрындық көктемгі аяқталар тұстағы қазақтың Ұлы іс күні саналған – Наурыздан кейінгі маңызды далалық шара болған.

Осыған орай біздің мақсатымыз — қымызмұрындық салтының болмысы мен мазмұнын барынша ашу, анықтау, ресми мерекелеуге сәйкестендіру және оны ұлттық құндылық есебінде әлемге паш ету жолында бұл этнографиялық шараның өз орнын анықтау, ресми сипат бергізу мен бүкіладамзаттық игілік талабына жуықтату.

 

 

«Қымызмұрындық» сөзіне қатысты ұғым мен таным

Аталмыш шараның түрлі өңірге қатысты атаулары да алуан екендігі байқалып отыр. Алайда, бұл алуан атаулар оның мазмұны мен сипатын ашпаса бір біріне керағар емес.

Бұл тақырыпқа қалам тартқан белгілі этнограф Тоқтыбай Ахмет Уалханұлы  «Қазақ жерінде қымызмұрындық әр түрлі аталады. Жетісу, Батыс Қазақстанда қымызмұрындық, Сарыарқада биемұрындық, Шыңжаңда биебау, Моңғолияда бие байлар т.с.с., бірақ бәрінің мағынасы бір» деп жазады. Біздің пайымымызша бұл атаулар этношараның түрлі қырын танытып тұр: қымызмұрындық атауы қымызға қатысты белгілі бір ғұрыптың сырын аңғартады, «биемұрындық» атауы биелердің «мұрнынан тізіліп» байланатынын, «биебау» сөзі де сауын биелердің желіге тізілетінін, «бие байлар» тіркесі де әдетте еркін жүретін жылқының байлауға түсіп, сауын маусымына тартылатынын білдіреді.  Оның үстіне бұлар шараның түрлі сипатын аңдатады.

Аталмыш атаулардың ішінде барынша кеңінен таралғаны әрі этнографиялық жағынан мейлінше терең сипат байқататыны – «қымызмұрындық» атауы. Бұл атау ежелгі дәуірлерге тән халықтарда болатын кез келген этношара сенім тұрғысынан белгілі бір жоралғымен, рәсіммен сүйемелденетін ғұрыпқа негізделгенін меңзейді.

Ұлттық мерекелерде болатын этнографиялық қисынды ғұрыптың мазмұны қымызмұрындыққа да тән. Бұл жарыстың мәні – жаңа қымыз маусымының сәтті болуы, маусымашар ретінде «бәс қымыз» жарысымен  қымыз ішкізіп жарыстыру жай ғана ермек емес. Оның астарында қымыздың жеткілікті, тіпті ағыл-тегіл мол болуын тілейтін тылсым ғұрып жатыр. Осындай рәсімдік жарысқа қатысушылардың қымызға аузы да, мұрты да, мұрны да қанған. Бұдан басқа құлынның тұмсығына қымыз бүрку арқылы маусымашар ғұрыптар  болғандығы өз алдына. Осыдан келіп, жақсы ырыммен «қымызмұрындық» аталған деген пайымымыз бар. Әйтпесе, жай ғана «биебайлар» болмаса «биебау» секілді қысқа да нұсқа атауы орныққан болар еді. Қымызмұрындық атауы шараның этно-теологиялық мазмұнын ашып тұр: қымызға тою, қымыздың молдығын, жайлаудың жайлы болуын паш ету – осы шараның басты құны, мазмұны.

 

 

Шараның тарихи сипаты

Қымызмұрындық мерекесіне қатысты тарихи сурет белгілі жазушы Ғалым Ахмедовтің «Жем бойында» романында [29,5-бет] «Қымыз мұрындық» деген атаумен барынша айқын бейнеленген: «Ауыл ерте көктемде шөбі малдың ауызына мол ілініп қалған Мәні бойына көшіп қонып, бие байлаған. Сәске кезі. Күн енді-енді қызып келе жатыр. Бүгін осы елдің белгілі байы Ерназар қымыз мұрындық бермекші.Байдың ас үйінде екі жігіт ту биенің терісінен тігілген сабаны ертеден бері дамылсыз гүрсілдете пісіп, қара терге түскен. Саба кісі бойы, бас жағын оюлап, сырлап істеген қайың піспек одан да биік… Әйтеуір сабаға да, піспекке де тыным жоқ, бабымен ашыған қымыз шапшып көбік атады….»

Бұған қоса этнограф Ахмет Тоқтыбай «Жарасымды жанұя» журналында жарияланған «Қымызмұрындық» жазбасындағы мазмұны жоғарыда атап өткен сипатты аша түседі, яғни бұл ғұрып алуан рәсімге толы: «Қымызға арналған бата Қамбар атадан басталады. Әр үйде дайындалған қымыздың және тойдың қымызының басын әйелдер ішеді. Мерекенің қымызын сол ауылға, елге, руға қадірлі әйел адам – бәйбіше, әже ішіп бастайды. Қымызмұрындықта әйелдердің арасында «қатын күрес» өткізілген. Әйелдер кимешектерінің төменгі жағын беліне байлап, өзара күрескен, бірақ та қыздарды күреске шақырмаған. Сонымен бірге басқа тойларды көп көрсетіле бермейтін мешкейлер жарысы болған. Әр ел палуан, мерген, қамшыгерімен, т.б. сайысшыларымен қатар мешкейлерін де жарысқа әкелген. Халық арасында бір қойдың, бір құнан қойдың етін бірден жеген мешкейлер жайында аңыз-әфсаналар көп. Қаппен жүгіру (адамдар қапқа түсіп, белдерін байлап, секіріп жарысады), айраннан ақша шығару (айран толған местің ішіндегі шүберекке түйілген теңгелерді тісімен тістеп шығарады, бет-аузы түгел аппақ болады), т.б. мұндай ойындардың бәрін көрермендерді күлкіге батыру үшін істеген дала театрының элементтері деуге болады.
Қымызмұрындықта ақсақалдар, рубасылар үй-үйге кіріп, қымыз ішумен қатар сабаларға баға берген. Қазақ бәсекешіл халық қой, сабаларды, шараларды, ожауларды, тостағандарды бір-бірінен асырып, әдемілеп жасаған. Атақты адамдардың, бидің, батырдың сабасынан, шарасынан қымыз ішу құрмет болған»
— деп айшықтай жазады.

Бұл келтірілген шараның тарихи сипаттары далаға тән шаруашылықтың мәні мен сәнін көрсетеді. Оның космогониялық мазмұнын байқатады. Кез келген этношара ғаламдық ауқымдағы сенім мен рәсімге айналғанда оның мәні барынша орнығып, идеологиясы қалыптасады. Шамасы басында жоралғы ретінде бастау алған ғұрып келе-келе мерекеге ұласқан. Сол себепті бұны мереке дегеннен гөрі ғұрып атаған мейлінше дұрыс. Мерекелеу ғұрыпқа қосымша мән мен сән беру ғана.

Қымызмұрындық өткізу уақыты

Біз кездестірген мәліметтің баршасында қымызмұрындық шарасының өту мерзімі көктемнің соңын ала, бие біткен құлындай біте, жаз жайлауға шыға жасалатыны айқын. Бұл уақыт кәзіргіше шамамен мамыр айына келеді. Бұны дәйектейтін бірқатар жарияланым келтіре кетейік.

Ғалым Ахмедовтің «Жем бойында» романында: «Ауыл ерте көктемде шөбі малдың ауызына мол ілініп қалған Мәні бойына көшіп қонып, бие байлаған…»

Этнограф А.Тоқтыбай: «Қымызмұрындық дегеніміз – ел жайлауға шыққанда жазғытұрым аталып өтетін – қымыз тойы».

БАҚтардағы жарияланым: «Көшпенді қазақ халқының жаз жайлауға жеткенде тойлайтын ұлық мерекесі бар. Ол «Қымызмұрындық» деп аталады. Осы күні ел-жұрттың ақ батасымен желіге құлын байланып, бие сауылады…». Бұл дәйектер қымызмұрындық этношарасының жазғы сауынашар шара екеніне көз жеткізеді. Және де бұл тек қана жылқы сауынына қатысты емес, төрт түлікке қатысты. Бұны ғалым А.Тоқтыбай келтіріп отырған жылқыға қатысты ерекше ұлттық ілтипаттан байқаймыз: «Қамбар атаға бұлайша табыну – көшпенділер өміріндегі жылқының басқа түліктерге қарағанда орасан үлкен маңызында болса керек. Тіпті қарапайым өмірде де қазақ қоғамында сиыршы, қойшы, түйеші дегендер ең төменгі сатыда тұрады, ал жылқышы үй иесі баймен бірге төрде отырады, қоғамдық өмірдің барлық салаларына қатынасады».

Қымызмұрындық сауын маусымының жолашары болса, күзде қазан айының басында биелерді ағытып, құлындарды желіден босатарда «сіргежияр» аталатын маусымжабар ғұрпы болған. Демек бұл басы мен аяғы жинақы іргелі этноғұрып.

Мерекенің мазмұны

Қымызмұрындық біршама жарияланымдарда үстірт түрде жай ғана «бие байлап, алғашқы қымыз ішу рәсімі» делініп жүр. Бұл тар мағына аталмыш дәстүрлі шараның зерттелмей, зерделенбей тұрып айналымға түскен сипаты екенін атап өту керек.

Қымызмұрындық шарасы арнайы дайындықты талап еткен. Ол әуелі «биебау» аталатын желіні тарту жұмысы. Шараның кейбір өңірде осылай аталуы да осыған қатысты. Себебі, тек қана сауын биелер ғана байланады және ол дала халқы үшін ерекше маусым мен көрініс екенін байқатады.

Бұған ауылдың қарулы жігіттері кірісіп, сауылатын биелер санына қарай желі тартқан.  Қыз-келіншектер жағы бие сауатын көнектер мен күбілерді, сабаларды әзірлейді, оларды майлайды, сайлайды.

Құлынды биелер желіге айдап келтіріледі, жылқышылар құлындарды ұстап желіге байлайды. Осы кезде қыз-келіншек желі басына сүт тағамдарын: қымыз, шұбат, айран, құрт, ірімшік тағы басқа тағамдар әкеледі. Бұл рәсімді «ақтамақ» атаған. «Ақтамақ» рәсімінің өзі далалық сүт өндірісінің маусымашарын байқатады. Және бұған тек қана жылқыға қатысты емес, төрт түлікке қатысты сауын маусымының таныстырымы деп қараған абзал.

Дайындық осымен бітеді.Желі басына ауыл адамдары жиналады. Бата беріледі, дәм тату ырымы жасалады. Алғашқы қымызды еркектер емес, ауылдағы жолы үлкен әжелер мен аналар бастап ауыз тиеді. Бәлкім, аналық негіз қоректің көзі ретінде мойындалып, дәріптелетін басты жоралғы осы болар.

Желіге үйірдің айғыры келтіріліп, оның маңдайына, жалы мен сауырына сары май жағады. Биенің бауына да май жағып ырым етеді. Құлынның тұмсығы мен батырдың байрағына қымыз бүркеді. Бұл рәсімді жинап-теріп  «биебайлар» атайды.

Осыдан кейін мерекеге дайындық басталады. Биебайлардан соң қымыз ашыту басталады. Ашытқысы барлар күнделікті саумалды бір-біріне қоса отырып, қымызмұрындыққа дайындайды. Ашытқы «ұйытқы» немесе «қор» аталады. Ашытқысы жоқтар қымызы ашыған үйлерге келіп, ақ мата байлап, «Ниетім мен көңілім ақ» деп сабадан керегінше құйып алады.

Келесі кезекте жұрт жаппай мал сойып, мерекеге кіріседі. Байлар жылқы, орташалар қой, одан төмендегілер тоқты, бағлан, ал шамасы келмегендер қымыздың өзіне ғана шақыра беретін болған. Атақты адамдардың, бидің, батырдың сабасынан, шарасынан қымыз ішу құрметі өз алдына  болған.

Спорттық ойынның бірі – асауды үйрету. Бұл күні жүген, ноқта тимеген құла құнанға шалма салынып, алғаш рет тақымдалады. Мереке соңы ұлттық ойындарға ұласады. Тақымы мықты білекті де, жүректі жігіттер аударыспақта сынға түсіп, көкпар тартты.

Қымызмұрындықта ақсақалдар, рубасылар үй-үйге кіріп, қымыз ішумен қатар сабаларға баға берген. Қазақекең сабалар мен шараларды, ожау-тостағанды бір-бірінен асырып, жарыса әдемілеп жасаған.

Жалпы қымызмұрындық мерекесі – жазғы далалық шаруашылықтың маусымашары. Осыған байланысты байлар өзара бәсекелесіп, ағыл-тегіл қымызбен  жұртты тойғызатын болған.

Қымызмұрындықтың келтірілген мазмұнын зерделей келе оның мынадай кезеңдерден тұратынын аңғарамыз:

1.Биебау – шараның басы. Құтты саналатын сауын алаңын дайындау, желі тарту. Бұған ырымбастар бата беру мен «ақтамақ» рәсімі, дәм тату кіреді.

  1. Биебайлар – бие мен құлынды желіге байлап, оларға тән рәсімдер жасалады, бата беріледі. Айғыр майлау секілді маңызды ырым орын алады. Алғашқы бие сауу ырымы жасалады. Бұған сауынға қатысты барлық жарақтарды әзірлеу де кіреді. Саба мен көнек әзірлеу, қымыз ашыту секілді маңызды дайындық басталады.
  2. Мерекелік сипаты басталады. Құрбандық шалынады, мал сойылады, қазан асылады. Саба-саба қымыз тартылады. Ойын-той қызады. Асау үйрету, аударыспақ, көкпар, бәйге секілді ойындар мен думандар.

Қымызмұрындық кәзіргі кезде несімен құнды? Бұл — далалық шаруашылық пен өмірдің ерекше сипаты. Жерімізде жылқы шаруашылығына қатысты 6000 жылдық Ботай мәдениеті бола тұра, оны паш етпеу бізге сын. Сол себепті бұл  мерекені кәзіргідей өңірлік ойын-той ретінде емес, ұлттық болмыстың көрінісі есебінде елдік ауқымда атап өту керек. Айталық қымыз мерекесінің ашылуын Ботай қонысынан бастаған жөн. Ол жерде басты еларалық жиын ашылып, бата беріліп, қымызмұрындық фестивалінің ашылу салтанаты елге жария етілу керек.

Келесі кезекте астана маңындағы Құлагер ескерткішінен басталған атшабыс эстафетасы бүкіл елдің төрт тарабын бетке алып жайылғаны мақұл. Эстафета қай өңірге барса сол жер мерекені өз беттерімен бастап кету тиіс. Бұл қозғалысты, өмірді паш ететін көрініс. Жылқы Күннің, жарықтың нышаны болғаны мәлім. Ал Жарық — өмірдің көзі. Бұл далалық тұжырымда үлкен мән жатыр. Бұған туристік саланы тартса — құба құп. Келушілер мен инвестиция өзін өзі қамтамасыз етеді. Қысқасы, қымызмұрындық өзімізді өзіміз әспеттеу мен паш етудің бабадан қалған дайын үлгісі. Және бізден басқа оған ешкім де мұра емес. Қолға алайық!

 

Серік Ерғали