ҚЫР ТӨСІНДЕ ҚЫЗУ ЕҢБЕК

Қырда егін егу қарқын алып, көктемгі дала жұмыстары жандана бастады. Ауданның диқандары бұл іске қызу кірісіп, көктемнің бір күнін жылға азық ету жолында бар күшін салып-ақ жатыр. Апта басында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пен сала орынбасары Болат Сағынбеков қыр басындағы жұмыстарды көріп қайтты.
Бүгінгі таңда, көктемгі дала жұмыстары аясында аудан аумағында 5 445 гектар жерді жырту, 30 530 гектарды дақылдар егуге дайындау, 12 790 гектарға жаздық масақты дақылдар себу, 4 700 гектарға жаңа көпжылдық шөп егу, 5 704 гектарға көкөніс, 1 400 гектарға майлы дақылдар, 1 000 гектарға қант қызылшасын және 700 гектарға картоп егу жоспарлануда. Соқасын сайлап, техникасын майлап, сақадай сай дайын отырған диқандар күндіз-түні тынбай еңбектену үстінде. Аудан басшысы Ақшолақ елді мекені маңайында «Аспан Агро» агрохолдингінің көктемгі дала жұмыстары барысына куә болды.
— Өздеріңізге белгілі, биыл мына ауа райы қолайлы болуына байланысты биылғы жыл аудан бойынша 60 000 гектар егістік алқапқа егін егеміз деген жоспарымыз бар. Оның ішінде, мына тұрған алқапқа биылғы жылы 400 гектар жүгері егу көзделуде.
Жоспар бойынша өңір басшысының берген тапсырмасына орай, биыл ауданда 2000 гектарға жүгері егу жоспарланса, соның алғашқы алқабына бүгін келіп, жүгері егуді бастадық. Бұған дейін аудан көлемінде 13 000 гектарға жуық жерге арпа егілуі керек болса, бүгінде оның 12 300 гектары егілді. Ал, қалған 300 гектар арпа бір аптаның көлемінде егіп бітіреміз деп отырмыз, – дейді бізге берген сұхбатын аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы.
— Өздеріңіз көріп тұрсыздар, міне, көктемгі дала жұмыстарын бастап кеттік. Егін егуді техникалық дақылдан бастадық. Қант қызылшасы 170 гектарға егудеміз, ертең тәмамдаймыз жұмыстардың бәрін. Биылдыққа қант қызылшасына француздық «Фларимон» деген тұқымды егіп жатырмыз. 170 гектардың 70 гектары тамшылатып суару әдісімен егілсе, қалған 100 гектарын кәдімгі жаңбырлатып суару арқылы жүзеге асырмақпыз. Одан кейін жүгері дақылына өтіп, 250 гектарға жүгері егеміз, соның ішінде 50 гектары силос (шырынды жем), — деп өз ойымен бөліскен «Аспан Агро» шаруа қожалығының төрағасы Саха Ұзақұлы алқапта бір дегенде жеті түрлі қызмет көрсетуге қабілетті агротехниканың артықшылықтарын айтып берді.
— Қазіргі таңда, көктемгі дала жұмыстарына пайдаланып жатқан техникалардың бәрі өзіміздікі. Үкіметтен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы алған техникалар. Бағанағы көрген агротехника «Комрактомат» деп аталады. Оның артықшылығы егін егу алдындағы аппарат 7 операцияны бірден жасап кетеді. Күзде жерді айдап қойғаннан кейін, көктемді бірінші сонымен кіріп, бүкіл жерді тегістеп, нығыздап, топырақты қопсытып, жердегі дымқыл топырақты үгіту сынды түгел операцияларды бір жүргенде жасап кетеді, — деп жауап берді.
Айта кетейік, ағымдағы жылы аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы егістік жердің көлемі 59 790 гектарды құраса, оның 29 549 гектары суармалы, 30 241 гектары тәлімі жер. Осы жылдың өнімі үшін аудан бойынша 8 750 га күздік бидай дақылы себілсе, күздік бидай дақылынан басқа 12 790 га жаздық арпа, 2 010 га дәндік жүгері, 50 га дәнді бұршақ, 1 400 га мақсары, 1 000 га қант қызылшасы, 700 га картоп, 7 504 га көкөніс-бақша, 25 307 га мал азықтық дақылдары және 26 га жемісті дақылдар орналастыру жоспарлануда.

Мұхтар Шалғынбай. Байзақ ауданы