ҚЫРҒЫЗ «СИНДРОМЫН» ҚАЗАҚҚА ТАҢУДЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

Ұлт тыныштығы тұрмыстың түзелгені емес

Қырғыз бен қазақ бір туған ел. Оған ешкім дау айта қоймас.  Алатаудың екі беткейі – екі ағайынның сары жайлауы. Қойымыз қоралас, жұртымыз аралас тіршілік кешуде. Салт-дәстүріміз де, дініміз де, тіліміз де ұқсас. Айтысымыз бен әніміз, көкпар тарту мен аламан бәйгеміз де бірдей. Тіпті болмыс-бітіміміз де, түр-әлпетіміз де қоладан құйғандай аумайды. Осындай да Әбілдә Тәжібаев атамыздың:
«Басыма кидім ақ қалпақ,
Оюлап шетін сырғызған.
Менің де бетім жап-жалпақ,
Айырмам қайсы қырғыздан…» деген әзіл өлеңі еске түседі. Иә, бізде ұқсастық көп, бірақ саяси көзқарас жағынан бөлекпіз.  Билікті төңкеріп тастау жағынан алшақпыз. Партия  құру жағынан төменбіз. Шерулетуге енжармыз. Түркінің енші алыспаған бел баласы болсақ та,  қызуқандылық жағынан кейіндеп, адуынды мінез тұрғысынан артта қалыппыз. Мұның қазақ үшін жақсылығы да, жамандығы да итжығыс түсіп жатыр. Жақсылығы – әлі күнге ақ ордамызды ойрандамадық; төрінде сайран салмадық; киелі жер деп – кеңдігімізді көрсетіп келеміз; Президентімізді – қыр асырып қумадық; бұл қазақтың билікке шексіз сенгенінің белгісі!

 

В парламент Кыргызстана проходят 4 партии. Проигравшие объявили бессрочный  митинг

Жамандығы – кейбір шенеуніктер ұлттың тыныштығын тұрмыстың түзелгені деп түсінетіні; сөйтіп, қызыл сөзбен ісінетіні; сайлауларда бармақ басты, көз қысты әрекеттердің жиі көрініс беруі; тағы басқа да елдің сеніміне селкеу түсірер жайттар баршылық.
Бір биеден ала да, құла да туады деген рас екен. Дәніккеннен құныққан жаман дейтін қара шалдардың айтқаны айнымай келуде. Бір аптадан асты, қырғыз ағайын тағы дүрлігіп жатыр.
Тағы не болып қалды екен десек, кешегі парламенттік сайлау әділетсіз өтіпті. Ашынған топ әділдік іздеп, көшеге шыққан көрінеді.  Сайлау нәтижесі бұрмаланған деген сыбыс бар. Дауысты сатып алу деректері көп кездескені айтылуда.  12 партия сайлаудың нәтижелерін мойындамағанын тағы қосыңыз. Тізе берсек, былық көп.
Партия демекші, Қырғызстан әділет министрлігінің мәліметі бойынша, ол  елде екі жүзден астам партия бар көрінеді. Көп пе, аз ба, өзіңіз саралаңыз!
2020 жылдың 1 шілдесіндегі санақ бойынша Қырғызстан халқының саны 6 млн 553,9 мың адам. Оның ішінде қырғыздар – 73,3 %, өзбектер – 14,7 %, орыстар – 5,6 %, басқалар – 6,4 %.
Ал ұланғайыр жері бар,  19 миллион халқы бар Қазақстанда ресми тіркелген партия саны екі қолдың саусағына жетпейді. Жә, делік.
Ашуға берілген қырғыз халқы сайлауға көңілдері толмай, 6 сағаттың ішінде ақ үйін күл-талқан етті. Бүлікшілерді қорғап, мақтап жатқан жұрт та аз емес. Ақ үйін басып алып, өрт қойғаны аздай, сол түнде біраз дүкен мен дәмхананы талқандап тонап кетіпті. Халық өздері дүние-мүлкін қорғамағанда, шерушілер мұнымен шектелмес те еді. Ал, саяси дағдарыс тіпті дендей түскен тәрізді. Тәртіп орнатар билік жоқ, билік болса да оны тыңдар құлақ жоқ. Құлақ болса да құлық жоқ. Әркім бас – басына би болған қилы кезең.
Ең қызығы, бұрын кездеспеген бір жайт,  4 қазанда, дауыстарды есептеген Орталық сайлау комиссиясы 6 қазанда өздерінің бекіткен, қолдарын қойған нәтижені заңсыз деп табуы… Басқалар емес, өздері! Бұл дегеніңіз, өз арттарын өздері ашумен тең дүние. Кешегі шешімдерін ұялмай, қызармай екінші күні өзгертетін биліктен не күтуге болады?
Сонымен қырғыздар тағы да бүлік шығарды. Бұл не, шынымен демократия ма? Жоқ әлде, сыртқы күштердің әсеріне алданған шерушілердің аңқаулығы ма? Алты рет төңкеріс жасаса да аузы күймейтін бұл не деген халық?!  Мүмкін бұл қырғыз еліндегі өз мүддесін көздеген ірі кландық топтардың айтағы шығар? Егер  кландық топтардың тартысы болса халық құрбан болуы бек мүмкін. Қазақ мұны «Екі өгіз сүйкенсе арасында шыбын өледі» дейді.
Егер солтүстік пен оңтүстік жұртының текетіресі болып, әркім өзіне тартса мұның артының да қайыры аз. Өйткені «бөлінгенді бөрі жейді» қазір.
Сайлау әділ өтпеді деп қырғыз халқының жік-жікке, топ-топқа бөлініп бас көтеруі  таңсық болудан қалғалы қашан. Бірақ одан шыққан мүйізі қайсы? Жетістігі қайда? Көтерілістен қарыштап дамып кетпегенін халық қашан сезінеді, соны көзге шұқып көрсететін біреу бар ма, өзі?
Сөйте тұра қырғыздардың талапшылдығына, әділетсіздікке төзе алмайтын мінездеріне кейде ішің жібиді. Жаның да ашиды, қанша айтқанмен біртуған елміз ғой.

 

БІЗДІҢ ЕЛДЕ «ӘДІЛЕТТІ САЙЛАУ» ӨТКІЗЕМІН ДЕУДІҢ ӨЗІ АСЫЛЫҚ

Біздің елде  кез келген сайлау қарсаңында «электорат», «дауыс беру, жинау», «сайлаушылар тізімі, дауысты сатып алу», «популизм», «пендешілік» т.б. сияқты ұғымдар жиі қайталанып, жанданып, өрши түседі немесе әртүрлі әңгімеге арқау, сөзге сылтау болып, әшкереленіп жатады.
Пендеміз ғой, қырғыздардың шымбайына батқан сайлауға қарап отырып салыстыруға тырысасың. 30 жыл бойы елде сайлауда алдау, дауыс ұрлау мен жаппай заңбұзушылықтар көп болғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Тіпті бірде-бір саяси партияны сайлауға қатыстырмай тіркемей, өздерінің белгілеген «қуыршақ» ұйымдарымен жасанды бәсеке ұйымдастыруға күш салғаны да ел жадында. Бірақ халық тыныштық сақтады, дүркіреп ешкім көтерілмеді. Қиянатты көріп тұрса да іштен тынып, дүрбелең тудырып, дүрсе қоюға бармады. Бірең-сараңның әу дегеніне билік пысқырмады. Бұл саяси сауатсыздық па? Әлде қойдан жуас қазаққа тән мінез бе? Ат төбеліндей топ қана шырылдап-шырылдап шындыққа ешкімнің көзін жеткізе алмай пұшайман болып қала берді. Әй, момындығымыз да бар-ау!

 

Как пройдут выборы Президента в Казахстане

 

Жалпы билік жуастан кейде жуан шығып кететінін жадында ұстағаны дұрыс секілді. Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады. Кешегі әлемді шулатқан, Желтоқсан көтерілісін тарих сахнасына шығарған қазақ жастары екенін естен шығару – өткенді ұмытумен пара-пар нәрсе ғой.
Қырғыздарда бәрі басқаша. Сайланған президенттері әділ сайлау туралы жақ ашпайды. Оны қаптаған партиялар мен халық шешеді. Біздің президенттер әрдайым әділ сайлау өткіземіз деп уәде беруге тым құмар. Жалпы, «Әділ сайлау өткіземіз» деген сөзді дені дұрыс өркениетті елдерде айтпайды екен.  Бұл сөз өкінішке орай диктаторлық мемлекеттерде, мәселеңки әскерсымақ ұрдажық ноқайлар билеген диктаторлық арап мемлекеттерінде, артта қалған мешеу Африка республикаларында, елдерінде өмірі дұрыс сайлау өтпейтін, сайлаушы дауысын бояуға бейім Совоктың феодалдары билеген ТМД-ның авторитарлы елдерінде ғана актуальды сөз. Халықтары биліктерінің сұрқия саясаттарынан әбден зәрезап болғасын, ондағы кезекті басшысымақтар жұртты сендіру үшін «әділ сайлау» дегенді нығарлап айтып үйренген.
Ал өркениетті елдерде, мысалы Францияда, президент Макрон «келесі сайлауды әділ өткіземін» десе, француздар «осы уақытқа дейін ол әділ өтпей жүр ме еді?»  деп оны түтіп жеп қояр еді. Себебі сайлаудың аты сайлау, ол тек әділ ғана болатын процесс, оны бұрмалау, яғни халықтың таңдауын ұрлау  – қылмыс. Сондықтан ол жерде мұндай сөз тіркесі керек емес.
«Жалпылама айтқанда қырғыздарға немқұрайлы карап, санасудың, салыстырудың қажеті жоқ! Қырғыздар әділетсіздікке біз сияқты шыдап отыра бермейді,  көп жағдайда жұлып тастайды!
Біз де жемқорлықты тамырын жайғызбай, жұлып тастауды дұрыс деп санаймыз! Сонда келесілері әділ болуға тырысады деп ойлаймыз! Түбінде шын демократия жолы бұл, батыс елдерінікіндей! Бізде де адамдар саясатпен айналысулары керек, белсенді болулары керек! Шыдамның да шегі болу керек! Тек бейбіт жолмен!»  деп жатқандар әлеуметтік желіде жеткілікті.
Қанша әділдік іздеуші халық десек те, қырғыз ағайынның соры бес елі деуге негіз бар.  Бір рет басшысын тақтан тайдырғанда батыр дедік, екінші рет төңкеріс болғанда демократияға баладық. Сыртқы жаулар «әп бәрекелді!» деп алақандарына түкірді. Әлем саясаткерлері Орта Азия да сең қозғалды деп көйт-көйт деді. Соған көкірек ұрып, мәз болған айырқалпақтыларды көрдік. Бірақ одан бері 15 жыл өтті.  Ел оңалып, жұрт түзелді ме? Жоқ. Экономика дамып, тұрмыс жөнделді ме? Жоқ. Жарты қырғыз Ресей мен Қазақстанда жүр нәпақа іздеп.  Шекесі қызып, шалқып тасып отырғаны шамалы.
Керісінше, қит етсе көшеге шығу сәнге айналды.  Қанша ауысса да билік пен бұқара бір-бірін түсінбейтін, жау санайтын күйге жетті. Екі төңкеріс өз зардабын тигізді. Экономиканың оңалатын түрі жоқ. Кедейлер саны күннен-күнге артуда. Сыртқы қарыз өсті. Енді келіп «Ресейге қосылу керек» деп ашық мәлімдемелер жасайтын сатқындар шыға бастады. Осыларды көріп отырып «бүйткен саясатыңды, аттандап ақ үйге шапқаныңды қайтейін?!..» демеске шарамыз жоқ.

 

КӨРШІМІЗДІҢ ТӨҢКЕРІСІНЕН ҚАЗАҚ БИЛІГІ САБАҚ АЛСА ИГІ

Қазіргі Қырғызстандағы қызметке талас билікті төңкеріп тастаудан да қиын болып тұр.
Саяси серкелер бір-бірін мойындамайды. Сансыз жиындар, сансыз митингілерден нәтиже жоқ. Әркім көрпені өзіне тартып, бар болғаны екі-үш айлық уақытша билік үшін жанталасып жатыр.
Шынын айту керек, билікті төңкеріп тастаумен іс бітпейді екен -ау. Бұған көзіміз әбден жетті.  Қай саяси топ болсын мемлекет тізгінін заңды жолмен қолға алғысы келеді. Бірақ қырғыздарда ондай заңды жол жоқ. Қырғыздарға айызы қанып отырған қазақ осыны неге ойламайды? Біздің халқымыз бұдан сабақ алуы тиіс негізі. Өйткені бізде  бұдан да өткен кикілжіңдер болуы бек мүмкін. Орыс және қазақ тілді болып бөлінсек, таза масқарамыз сонда шығар. Кландардың айқасы қырғыздарды шаң қаптырып кете ме деп қорқамыз.  Беті аулақ! Алла сақтасын..!

Дәл қазіргі таңда қырғыз халқы, адамның бассыз қалған  денесі секілді.. «Бассыз үйдің иті ос….ақ»  дейді қазақ.
Жас жазушы Қанат Әбілқайыр «қырғыз қазаққа мысал бола алмайтынын» әлеуметтік желідегі парақшасында жақсы жазды: «Жоғарғы Кеңес легитимді, солар Үкіметбасын сайлауы керек» дейді сауаттылары. Ал, Жоғарғы Кеңестің депутаттары бас сауғалап кеткен. Экс-президенттікке «үміткер»  Сауранбай Жиенбеков байке өз өтінішімен президенттіктен кетуге дайын екенін байқатты.
Қысқасы, сарапшылар революцияның соңы Қырғызстанда азаматтық соғыс отын тұтатып жіберуі әбден ықтимал екенін айтып жатыр.
Батыс пен шығыс болып екіге бөлініп кету қаупі де тууы мүмкін. Сондықтан қырғыз ағайындарға қазір сабыр керек. «Бұған дейін екі рет революцияны басынан өткерген ел ғой, есін тез жияды» деп жатқандар да бар. Лайым солай болғай!
«Қырғыздардың осындай күйге түсуіне әлемдік пандемияның да әсері болды. Көрші Ресей мен Қазақстанда жан бағып жүрген қырғыз ағайын әлемдік індет кесірінен өз елдеріне оралды. Қырғызстанда істейтін жұмыс жоқ. Жұмыссыздықтың соңы осындай хаостық ахуалға түрткі болып отыр» деген пікірлерді оқып қалдым. Бұл пікірдің расында жаны бар болса керек. Егер қазаққа революциялық емес, эволюциялық даму қажет болса, жұмыс орындары көптеп ашылуы керек. Бұл – бір.
Екіншіден, қырғыз мысалы арқылы халыққа төңкерістік көңіл-күй «сыйлағысы» келетіндердің де жазбасын оқыдым. Қырғыз – қазақтың төрттен бірі. Біздегі ахуал олардікіне ұқсамайды.
Қапелімде бізде де билікке талас бола қалса, қан төгілу қаупі төрт есеге артады. Бұдан қазақтың ұтпасы анық.

ПРЕЗИДЕНТТІ ТӨҢКЕРУ ЕМЕС, ҚОҒАМДЫ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК!

Қырғыздағы революциядан біздің халық та, билік те сабақ алса деймін! Халыққа «ұзын арқан, кең тұсау» демократия керек. Билік өз ішіндегі жемқорлықты түпкілікті жойғаны дұрыс».
Дәл қазір бүкіл әлем демін ішіне тартып Қырғызстанды бақылап отыр.  Алып-қашпа әңгіме көп. Соның ең маңыздысы ресейлік сарапшылардың пікірі. Олар Қырғызстандағы дәл осы жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін деп бал ашып отыр.  Қазақтың «жаманның айтқаны емес, сандырағы келеді» деген тәмсіліне сүйенсек, бұл пікірдің астары терең. Мысықтілеу саясаттың исі мүңкиді.
Беларуссиядағы тәртіпсіздік, Таулы Қарабақтағы шайқас және Қырғызстанда басталған «майдан»  Қазақстанда да болады деп жатқан  сырт көздің ойын білу үшін  Life.ru басылымына сұхбат берген ресейлік сарапшыларды тыңдап көрдік.

«Биылғы жылдың басында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның посткеңестік  елдерге жасаған саяхатын еске алсақ жеткілікті. Ол Украинаға, Белоруссияға, Қазақстанға және басқа да бірқатар республикаларға барды. Бұл елдерде қазіргі Қырғызстан секілді саяси шиеленіс жүріп жатыр немесе енді белең алып келе жатыр», – деп атап өтіпті ММУ профессоры, саяси ғылымдарының докторы Андрей Манойло. Осыған ұқсас ой айтқан шешендер тіптен көп екен. Қайталап қайтеміз.
Қазақта «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген керемет сөз бар. Олай болса Қырғызға туған күн қазаққа да туады деп жазып жатқан ресейлік саясаттанушылардың пікіріне қатысты саясаткер Дос Көшім былай депті: «Кеңес өкіметі құрамында болған елдердің жағдайы бір-біріне ұқсас. Сондықтан келесі қадамының қандай болатынын болжауға болады. Украина, Грузиядан бастап бірінен кейін бірі келе жатыр, сол себепті кезек бізге келді деп ойлайтын шығар. Бал ашудың бір түрі деп ойлаймын. Бірақ олардың айтып отырғандары болуы мүмкін. Кеңес үкіметі кезінде ең бірінші болып желтоқсанда көтерілген қазақ болды. Қазір қазақ халқының мінез-құлқын болжау өте қиын. Менің ең таңғалатыным және риза болатыным қазақтар бір ауыз сөзге көтеріледі. Бірақ оны түсіндіру қиын.
Халық ағынымен келетін көтеріліс жолындағысының бәрін алып кетеді. Сондай ағымнан келетін биліктен қорқуға болады. Олар шолақ белсенділер, бұрын билікте болып, кейіннен оны жамандап шығатын екіжүзділер келеді. Әңгіме бір адамды биліктен алып, екінші адамды қоюда емес, әңгіме қоғамның өзгерісінде жатыр. Қоғамды өзгертетіндей күш келуі керек. Бізде билікті ауыстыру, Президентті құрту деген ұран бар. Жоқ, олай емес, әуелі қоғам өзгеруі керек».
Бірден айту керек, Қырғызстанмен ұқсас жақтар бізде жоқ емес, ол барлығымызға белгілі. Бізде де билікке деген сенімсіздік, наразылық бар. Олардың бірталайы негізді.  Дегенмен ресейлік сарапшылар дәл осындай болжамды 2005 жылы Қырғызстанда революция болған кезде де айтқанын естен шығармайық.  Оның астарында өздерінің түрлі негіздемелері, дәйектемелері бар да шығар. Бірақ бұған бей-жай қарау, орны толмас өкінішке апарып соқтыратынын билік  бір сәтте есінен шығармағаны абзал. Естен шығарса, өздерінің соры!

БИЛІККЕ ТАЛАС… КЛАНДЫҚ  АЙҚАС… ЕНДІ ҚАНШАҒА СОЗЫЛАДЫ?

Әлемде түрлі түсті революциялар болып жатады. Халық талабын ашық алаңда айтып жатады. Кейін ың-шыңсыз үйлеріне қайтып жатады. Әріге бармай-ақ, соңғы бір ай бойы табандап тұрып алған Беларуссия халқын алайық. Неткен мәдениет! Неткен ұстамды халық!  Қырғыз жұртымен мүлде салыстыруға келмейді. Баяғы да Имам Зуннур (р.а) айтыпты деген сөз бар: «Қияметтің белгісі мұсылманның аты ғана қалады. Мен Еуропаға бардым Исламды көрдім, бірақ мұсылмандарды көрмедім. Ислам мемлекеттеріне бардым, Исламды көрмедім, бірақ мұсылмандарды көрдім» деп.  Сол ғұламаның сөзі шындыққа айналып келе жатқаны анық байқалады.
Бір-екі жылдың көлемінде бауырлас елдегі  ахуал қалыпқа түсіп келе жатқандай көрініп еді,  корона дағдарыс қайта ушықтырып жіберді.  Шетте жүрген жұмысшыларының көбісі еліне қайтты,  әлеуметтік-экономикалық жағдай шиеленісті.  Саяси лидердің рөлі аса мығым емес,  кландар күш алды…  Соның ақыры президенттің резиденциясын ойрандап,  мородерлік жасауға апарып соқты. Ғимаратты өртеу, тонау дегенді біз мүлде түсінбейміз де, қолдамаймыз да.
Оны бізге үлгі қылып көрсетіп жатқандар да бар.  Әрине, Қазақстанда бәрі керемет,  халықтың бәрі аузынан ақ май ағып отыр деуге болмайды.  Бірақ біздегі әлеуметтік жағдай,  экономикалық ахуал көршімізден көш ілгері.  Сосын қалай десек те Президенттің салмағы бар.  Жасалған әлеуметтік көмектер,  бюджет қызметкерлерінің жалақысы көбейгені,  зейнетақы қорынан қаржы беру мәселесі сияқты жаңалықтар бәрібір әлеуметтік жағдайды жақсартуға біраз көмектесті. Әйтсе де бұған мастануға болмас,   әлі де күрмеуі шешілмеген мәселелер шашетектен. Жемқорлық дендеп тұр.  Сайлау додасына қатысуға тиіс саяси партияларды тіркеу қиямет-қайым.

 

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Ақаев,  Бакиев сияқты елден қашпады. Кез келген уақытта президенттіктен кетуге дайын екенін ашық айтты. Өзінің легетимді президент екенін дәлелдеп  халыққа үндеуін де жасады.  «Құрметті отандастар! Кей саясаткерлердің шектен тыс кеудемсоқтығының кесірінен біздің азаматтардың бейбіт тіршілігі мен ел тыныштығына қауіп төнді. Саяси үндеулермен қатар, елдің бірлігі мен қоғамның тыныш өмірін бұзуға шақыратын провакациялық үндеулер де болды. Қырғызстан қауіп-қатер шегінде тұр.
Қымбатты қырғызстандықтар, халқымыздың бейбіт тіршілігі саяси ойынның құрбанына айналмауы тиіс. Міне, сол үшін ел астанасы Бішкекте төтенше жағдай режимі енгізілді. Бүгін мен сол туралы тиісті жарлыққа қол қойдым. Конституциялық құзіретімнің аясында мен азаматтардың тыныш өмірі мен елдің біртұтастығын сақтау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Елдің бүкіл дені сау күші мені толық қолдайды деп сенемін. Бүгін біз мемлекеттігімізге шынайы қатер төнгенін көріп отырмыз. Сондықтан шетте құр қарап тұрмай, осы қиын күндерден бірге шығайық. Жаратқан халқымызды және сүйікті Қырғызстанымызды аман сақтасын», – деді ол.
Негізі тағын тастап, елін мазақтап қашпаған патшаның алды жарық. Қолы таза, ары биік.  Ең қиыны аттандап жатқандар бір келісімге келе алмай әуре.  Крыловтың мысалындағы  «Аққу көкке,  шаян жерге,  шортан көлге тартатын» көрініс баяғы.  Айтысып-тартысып жүргенде Жапаров түрмеден босап үкімет басына келді. Үкімет құрамы  әлі жаңарған жоқ.  Өйткені әр партия өз адамын ұсынып әлек. Жігерленіп атқа мінген Атамбаев қайта түрмеге отырды.
Билікке талас енді қаншаға созылары әзірге белгісіз. Жұмысы тоқтап қалған қарапайым халыққа,  қиратылған мүлікке  ғана обал!  Бір жігіт шерудің құрбаны болды! Бұл да үлкен қайғы! Бақылап отырсақ  қарапайым халық қана ұтылып жатыр!
Қырғызстанда бұған дейін бірнеше көтеріліс болса да дәл бүгінгідей Орталық Азияның 4 мемлекетінің (Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) президенттері бірігіп мәлімдеме жасамаған болатын. Демек, жағдай бұрынғыдан да күрделі деген сөз.
«Бауырлас Қырғыз Республикасында болып жатқан оқиғалар бізді қатты алаңдатып отыр. Біз ғасырлар бойы ажырамас достық, тату көршілік байланыстары мығым, мәдени және рухани құндылықтары ортақ жақын көрші елдер ретінде Қырғызстан халқын осы қиын күндерде парасаттылық танытуға, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта қалпына келтіруге шақырамыз. Қырғызстанның барлық саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін қажетті күш-жігерін біріктіріп, туындаған мәселелерді Конституция мен ұлттық заңнаманы сақтай отырып, шешеді деп үміттенеміз. Қырғызстандағы тыныштық – өңірлік қауіпсіздік пен Орталық Азиядағы орнықты дамудың маңызды факторы. Елдеріміздің өткен жолы бір және болашағы да ортақ. Орталық Азия халықтарын келешек ұрпақтың игілігі жолындағы берік бейбітшілікке, келісім мен жасампаздыққа ұмтылысы біріктіреді. Мемлекеттеріміз ортақ мақсатқа біріге отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды, шекаралық және өңіраралық іс-қимылдарды күшейту жөніндегі аймақтық ынтымақтастықты белсенді нығайтуда.
Орталық Азиядағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру мақсатында біз Қырғызстан халқының бірлікке, бейбітшілікке, дербес дамуға және өркендеуге деген ұмтылысын үнемі қолдаймыз» делінген мәлімдемеде.

ТҮЙІН СӨЗ: БҰЛҒАҚТЫҢ АРТЫНДА ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ БҰРҚАҚ ТҰРАДЫ!

Қырғыздың әзілкештері сахнада да айтып жатыр ғой «біз обед пен ужиннің арасында таспен билікті ауыстырып тастаймыз» деп. Қылжақ болса да астарында шындық бар бұл сөздің.  Тек ойыннан от шығып кетпесе дегіміз келеді.
Сонымен бейбіт жолмен билікке келген С.Жээнбеков бейбіт түрде кетпейтіні анық болды. Ол өзін әлі де легитимді президент санайды. Күн сайын бір Жарлық шығарып жатқаны да сол шығар. Оның жарлықтарына пысқырып та қарамай тұрған өзге партия өкілдерінің билікке таласу әрекеті тіпті күшейіп кетті.
Сөз соңында айтпағымыз, «Үйде бір күн ұрыс болса, қырық күндік ырыс кетеді» дегенді елге жеткізу. Қате болайын десе быламыққа да тіс сынады. Бір кездері анау Сирия мен Ливияда бұлғақ осылай басталған. Арты немен тынғаны әлемге аян. Сондықтан қит етсе «ақ үйін» ойрандайтын Қырғыздардарға қызығуға,  еліктеуге болмас.  Алла бізді кесірінен сақтасын!
Біріншіден, бұл жағдай билікке әсер етуі керек.  Өйткені бізде де Парламент сайлауы тақап келеді. Билік әділетсіз сайлау өткізсе, халықты алдай берсе, бір күні «жарылатынын» түсінуі керек. Себебі қайта-қайта алдап, сайлауды ойынға айналдыра берудің арты жақсылыққа соқпайды.
Ал екіншіден, бұл халық үшін үлкен сабақ. Әркім өз дауысы үшін күресе алуы керек, басқалар үшін емес. Әңгіме өз дауысың ұрланды ма – әділдік үшін күрес, талап ет. Демократиялық елде сайлау әділетсіз өтсе, өз көзқарасыңды білдіру заңмен қорғалған. Қашанғы әділетсіз сайлауға көне береміз деген ұмытылыс бәрімізде болуы керек.
Тағы бір айтарымыз мынау. Біздің билік орыстың ыңғайына жығылғыш. Солардың қасы-қабағына қарауға бейім. Өте елпілдемей-ақ, салмақты  диолог орнатуға не кедергі?
Байқасаңыздар, соңғы он жылда путиндік Ресейдің соңынан ерген елдер қатары түрлі кедергілерге ұрынып оңбай келеді. Мұнайдың үстінде отырып аштықтан сорлаған Венесуэла, мемлекеттігінен айрылған Либия, соғыстан жарты миллион халқы қырылған Сирия, күллі әлемге жеккөрінішті болған Солтүстік Корея, Путинге сеніп түбі тақырға отырған Армения, экономикасын Кремльге жығып беріп көтерілістен көз ашпаған Кырғызстан, Ресеймен одақтас боп диктатура құрбаны болған Беларусь. Тағы кім қалды? Ал енді Ресейден алшақтаған сайын Прибалтика, Грузия, Украинаның беті бері қарап келеді. Меніңше бұл жай ғана кездейсоқтық емес, заңдылық. Ендеше осыдан Қазақ билігі дер кезінде дұрыс сабақ алғаны жөн.

 

Сосын біздің елдегі саясаткерлердің біразы бауырлас Қырғыз еліндегі төңкерісті бір жақты сипаттауға, халықты кінәлауға дайын тұратыны да ұнамсыз әрекет. Иә, қай заманда да  төңкерістің зардабын халық тартады. Билік басындағылар ұры болса, қашып кету оларға түк емес. Ары таза болса халықтың жағына шығады. «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе – нең қалар?!» деген бабалардың қанатты сөзін әр қазақ кеудесіне тұмыр қылып тағып алса жарасар еді.
Айтпақшы, қырғыздың «Құрманжан датқасы»  2010 жылы Құрманбек Бакиевті тақтан тайдырғаннан кейін елді басқарған Роза Отынбаева барлық саяси күштерді келіссөзге шақыруда. «Елдің халықаралық деңгейдегі беделді сақтап қалу үшін осы қадамға баруымыз керек. Қырғызстан абыройынан мүлде айырылмай тұрғанда маңызды шешімдер қабылдауымыз тиіс», – деді экс-президент. Роза Отынбаеваның cөзінше, саяси дағдарыстан шығатын жол бар. «Қазір елде билікке талас жүріп жатыр. Ең бастысы Жоғарғы Кеңеске ұрылар мен тонаушылардың келуіне жол бермеуіміз керек», – деді ол. Бұл әрине ең өзекті мәселе.
«Енді бір қызық айтайын» деп ақын жырлағандай, бізде бір «қызық» айтқалы отырмыз. Мысалы революция болып жатқан Беларусьте бүкіл зауыт-фабрика мемлекеттікі! Тракторден бастап бәрін шығарады. Және оларды сатып,  қыруар қаржыға кенеліп отыр.
Халқы төңкерісшіл  Қырғыз елі шағын және орта бизнесін жолға қойып тастапты. Әлі күнге қырғыздың көйлек пен матасы жыртығымызды жамап жүр. Осындайда сұрақ туындайды: «тыныштықтың бесігінде тербеліп жүрген  Қазақстан қай зауыт-фабрикасымен мақтана алады?» Үнсіз қаласың ондайда.
Мақаланың басында қырғыз бен қазақ бір туғанын жаздық. «Ойда сиырдың мүйізі ауырса, қырда бұғының мүйізі сырқырайды» деген кеп екі елдің басында тұр.
Екі елдің де туына назар салсаңыз, көк аспан, жарық күн мен шаңырақ бейнеленген.  Бұл біздің тамырластығымыздың, етене жақындығымыздың, тыныштықты сүйетініміздің белгісі. Олай болса ағайынның амандығын, жерінің тұрақтылығын тілейік. Ынтымағы күшейсін деп дұға жасайық. Қолдан тілеулестіктен басқа не келеді?
Баяғының қара шалдары бір биеден ала да, құла да туады деп бекер айтпапты. Қырғыз бауырлар соның нақты көрінісі! Бізге қарағанда тентектеу әрине. Сол тентекті тезге салу – өз ішінде қиын болып тұр. Күнде бұлғақ, күнде бұрқақ.
Тағы айтамыз көршілер бізге үлгі емес. Төңкеріспен дамып кетсе баяғыда биікке жетер еді. Қайта кері кетіп жатыр. Ылаң шыққан жерге инвестиция түгілі, туристің өзі де жоламайды. Бұл экономикаға үлкен соққы!  Тек эволюциялық жолмен ғана тығырықтан шығуға болады. Онда да халық тас-түйін бірлікте болса…

Айтпақшы, праймеризге құлағымыз үйреніп қалып еді, мынау қырғыз бауырлар «люстрация» деген сөзді жаттатып жатыр. Әйтеуір құлағымыз түрік жүрсін деп айтып жатқаным ғой…

 

Сәуле Мешітбайқызы,

 ҚР Еңбек сіңірген қайраткері