Қысқа дайындық барысы пысықталды

Батыс Қазақстан облысында қарашаның 5-і күні «Қыс – 2020» облыстық штабтық жаттығулары өтті.

Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Аталмыш шараның мақсаты – қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайды жоюға тұрғындар мен азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің дайындық деңгейін арттыру.

Іс-шара барысында жаттығу басшысының орынбасары, БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев орталық атқару органдары өкілдерінің күштер мен құралдардың дайындығы, олармен атқарылған іс-шаралар жөнінде баяндамаларын тыңдады. «Дабыл-101» белгісі берілгеннен кейін басталған кеңесте Жасұлан Қыдырқожаұлы тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша жедел шешім қабылдау, төтенше жағдай орын алғанда адам және мүлік шығындарын азайту, объектілердің қауіпсіз жұмыс жасауын және тұрақтылығын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

 

 

Бұдан әрі күш-құрылымдардың дайындығы тәжірибе жүзінде тексеріліп, арнайы «жаттығуға» кезек берілді. Яғни, облыстық ТЖД-нің Дағдарыс жағдайлары басқармасының «112» нөміріне облыс орталығының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан 10-шағынауданындағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-қабатында «жарылыс» болып, «өрт» шыққаны жөнінде қоңырау түседі. Технологиялық үрдістің бұзылуы нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйде жарылыс орын алып, үйдің екі кіреберісі қирайды. Ал тұрғындар ғимарат ішінен шыға алмай қалады, олардың арасында зардап шеккендер мен жараланғандар да бар.

Тактикалық-арнайы оқу барысында бес оқу орны қамтылып, БҚО ТЖД мен оның бағынысты бөлімшелерінің жеке құрамынан 104 адам, 15 бірлік техника жұмылдырылды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы