Қытайлар қырына алған Тәжікстан
Қытайдың Орталық Азиядағы көршілерінің бірі — Тәжікстан Республикасы. Екі ел Памир Үстірті арқылы шекараласып жатыр. Екі елдің шекара сызығы 519 шақырымды алып жатыр. Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғыз Республикасы қатарлы екі көршімен салыстырғанда, тәжік-қытай шекара дауы біршама күрделі болып есептеледі. Қашан болсын өздерінің «жазба тарихтарын» көлденең тартатын қытайлар, «қазіргі Тәжікстан жері 2000 жылдан бері қарай қытайлардың иелігіндегі территория болатын» деген сөздерінен танған жоқ.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі кездері, Тәжікстан мен ҚХР арасында шекарадағы даулы аумақ туралы келіссөздер ұзаққа созылды. Ақыры 2010 жылы 27 сәуірде «ҚХР мен Тәжікстан Республикасы үкіметтерінің мемлекеттік шекара сызығы туралы демаркациясы туралы хаттамаға» қол қойылып, Тәжікстан 1158 шаршы шақырымдық аумақты Қытайға бөліп беруге мақұл болды. 2011 жылы қаңтарда тәжік парламенті Қытай шекарасындағы талас түйіні есептеліп тұрған аумақтың бір бөлігін Қытайға беру туралы келісімді депутаттардың мақұлдауынан өткізіп ресми түрде бекітті. Бұл даулы аумақтың 3%-ын ғана иелейтін еді. Аталмыш тақырыпты бір бөлім саясаткерлер «Тәжік дипломатиясындағы жеңіс» ретінде бағалағанымен ол оппозициялық саясаткерлердің көңілінен шыққан жоқ.
Тәжіктердің «ұтып шықтық» деуіне негізгі себеп — Қытай тарапының «28000 шаршы шақырымдық аумақты тұтасымен қайтарып алсақ» деген ұсынысына, салыстырмалы түрде айтылған сияқты. Қытай елі талас түйіні ретінде қарастырып келген осыншама аумақты тұтасымен қайтарып алуды ашық көтергенімен, бұл Тәжікстан үшін тиімсіз еді. Жалпы жер көлемі 140310 шаршы шақырым келетін мемлекет үшін Отан топырағының 5\1 бөлігін бөліп беру үлкен мәселе еді.
Осыған қарата Қытайдың ресми БАҚ-тары, «көрші елдермен тату-тәтті болуды негізге ала отырып, Тәжікстанға тиімділік таныта білдік. Халықаралық даулы территория туралы істерді реттейтін, «Вена конвенциясы» тармақтарын негізге алғанда, Қытайға тиеселі болуы тиіс көлемді аумақ сол күйінде қалды. Сөйтіп, 130 жылға созылған даулы мәселеге нүкте қойылды» деп сипаттағанымен, «қайтарып алған 1000 шаршы шақырымдық аумаққа қуана қоймайтындығын» ашық жазды. Кейбір басылымдарда, «Қытайдың ұтылуы» дегенді ашық айтты. Олар өз сөздеріне тұздық ретінде мына мәліметтерді баяндапты.
1864 жылы Патшалық Ресей мен Цин империясы арасында «Батыс терістік шекараны белгілеу тоқтамы» кезінде Памир, Қытай шекарасы ішінде қалады. Аталған келісімдерге сай орыстар Балқаштың шығысындағы 440 мың шаршы шақырымдық аумақты меншігіне алғаны белгілі. 1881 жылы «Қытай мен Патшалық Ресей арасындағы Іле келісімі» кезінде де Памир Қытайларға тәуелді аймақ ретінде қалады. 1884 жылғы «Цин империясы мен Патшалық Ресей арасындағы Қашқар шекарасын жалғастыру» кезінде Памирдағы шекара бекеттерінің орындарында өзгеріс болады. Екі елдің шекара бекеті, Памирдың солтүстігіндегі Алайыннан, солтүстік шығыстағы Үзбелі аңғарына көшірілді. «Орыс шекарасы оңтүстік батысқа қарай жылжыса, Қытай шекарасы оңтүстікте қалып қойды да ортасында 45 градустық үшбұрышты «мәртебесі тұрақтанбаған аумақ» қалыптасты. Осылайша Россия Памирдың солтүстік батыс жағындағы көлемді жерді иеленіп кетті. Бұл аумақ кейінгі кездері орыстардың қолына өтті», — деп жазады Қытай тарихшылары. Бұдан ары Памир тарихын сөз еткен қытайлар, Англия мен Патшалық Ресей арасындағы 1872-1873 жылдары жасалған келісім екінші рет 1895 жылы наурыз айында жасалған «Памирдағы иеліктері» туралы келісімдерді жасаған кезде Цин империясының билеушілерімен ақылдаспағандықтарын да «сенімді дәлелдермен» келтіріпті. «Қазан төңкерісінен кейінгі уақытта, Кеңес одағы Қытаймен екі арада шекара мәселесінде әлі де шешілмеген түйіндердің бар екенін мойындады. 1919 жылы 25 шілдеде, 1920 жылы 27 қыркүйекте, жаңадан құрылып жатқан Кеңес одағының Сыртқы істер министрлігі екі рет мәлімдеме жариялап, Патшалық Ресей кезінде қаратып алған бір бөлім аумақты Қытайларға қайтаратындығын мәлімдеді. Бұл туралы 1924 жылы екі елдің делегаттары тағы да кездескен. Алайда кейінгі уақыттарда бұл мәлімдемелерді жүзеге асыруға Кеңес одағы асыққан жоқ. 1964 жылы Қытай мен Кеңес одағы арасында шекара мәселесі туралы келіссөздер қайта қарастырыла бастады. Қытай елі қазіргі шекара сызығын сол күйінде қалдыру мәселесін көтерді. 1987 жылы екі ел арасында тағы да шекара мәселесі туралы келіссөздер орын алған еді. Арада бірнеше жыл өткенде Кеңес одағы ыдырап, бұл мәселе жаңадан тәуелсіздігін жариялап жатқан Тәжікстан мен ҚХР арасындағы толғақты түйінге айналды» деп жазады қытай зерттеушілері.
Тәуелсіз Тәжікстан мен Қытай арасындағы шекара мәселесі осылайша шешімін тапқандай болды. Кейінгі кезеңдерде Тәжік-Қытай қатынастары қалыпты дамып жатқандай болатын. Қытай тарабы ортаға қойған халықаралық бастамаларға Тәжікстан да өз деңгейінде қолдау білдіріп келген еді. Тек соңғы уақыттарда ғана екі елдің қатынасы бұрынғы жүрісінен баяулай бастаған сыңайлы.
2016 жылы Қытайдың бір бөлім ұлтшыл тарихшылары үкіметке, Памир үстіртіндегі аумақты тұтасымен Қытай иелігіне алудың «тарихи әділдік» екенін алға тарта отырып, «Памир үстіртінде архелогиялық зерттеу жұмыстарын алып бару» туралы жолдаған хаты Орталық Азия мен Қытай қатынастарын зерттейтін саясаткерлер үшін «тың тақырыпқа» айналып шыға келді. Осыдан кейін, Тәжікстаннан Қытайға барған делегациясы Памир туралы әңгімені қайта сөз етуге мәжбүр болды. Бұл мәселеге айрықша белсенділік танытқан Ши Ань қаласындағы Солтүстік батыс индустрия университеті барлық зерттеу шығындарын мойындарына алатындығын мәлімдей отырып, өз жобаларын ұсынған екен. Қытайлар ұсынған жобада «алты томнан тұратын «Тәжікстан тарихын» қытай тіліне аудару, Памир үстіртінде архелогиялық қазба жұмыстарын жүргізу арқылы тарихта Қытайға тиесілі екендігін айғақтайтын деректерді тауып шығу» сықылды мазмұндар қамтылған. Бұл мәселе ары қарай жалғасын тапқан жоқ. Тек Ресейлік басылымдар, «Қытай Тәжікстаннан территория талап етіп жатыр», — деген тақырыпта шолу жариялады. Осыдан кейін, Орта Азияны танушылар арасында «Қытай қаупі Тәжікстанға төніп келеді» деген сарындағы сараптамалар қаптап кетті. Олар «Таулы Бадахшан өңірі Қытайға кетті. Қытайлар тағы да жер бөліп алғысы келеді» десе, екіншілері «тәжіктер қарыздарын өтей алмағандықтан, жер бөліп беруге мәжбүр болды», — деп жазып жатты. Ал Ресейлік сарапшылар болса қытайларды осы өңірдің қазба байлықтары көбірек қызықтырып отыр дегенді алға тартады.
Аталмыш тақырып Орта Азия мен Қытай арасындағы геосаясаттағы күйіп тұрған мәселелердің бірі десек артық кетпейміз. Осыған қарата тәжіктер де Қытаймен болған қарым-қатынасқа сақтықпен қарай бастаған секілді. «Бір белдеу, бір жол» стратегиясына сырттай ғана қолдау білдірген Тәжікстан өзгелер секілді, Қытайдың құшағына бірден құлап кетуге асыққан жоқ.
Біздің ойымызша, Қытайлардың Памир аймағына деген «ынтасы» мұнымен басыла қоймасы анық. Ресми билік, «Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара мәселесі толық шешімін тапты» дегенімен, Тәжікстан туралы күмілжіген қалпын бұзған жоқ.
Ерқазы Сейтқали