Қытайлық инвесторлар Павлодар облысында логистикалық хаб ашуға дайын
Екібастұз аэропортының базасында Қытай Халық Республикасына түрлі өнімдердің экспорты жүзеге асырылатын орталық ашылуы мүмкін. Бұл туралы Қытайдың үздік 100 экспорттық компания тізіміне енетін ҮЕМА корпорациясының өкілдері айтты. Олар аймақ басшысы Болат Бақауовпен бірге ондаған жылдар бойы қаңырап тұрған екібастұздық аэропортқа барып қайтты.
ҮЕМА Group вице-президенті Чен Ганғаның
Аймақ басшысының сөзінше, мұнда логистикалық орталық ашу тиімді. Себебі, Екібастұз Павлодардан небары 120, ал Астанадан 280 шақырым жерде орналасқан. Сол үшін бұл хаб құрудың ең ұтымды нүктесі.
– Сіздер бұл жерде логистикалық орталық ашуларыңызға болады. Осы жерден сіздер Қазақстанда өндірілетін тауарды Қытайға жібере аласыздар, — деді Болат Бақауов.
Инвесторлар екібастұздық «QazTomat» кәсіпорнының жылыжайында болып қайтты. Төрт айдың ішінде кешенде 1,2 мың тоннаға жуық қызанақ өсірілген екен. Шығарылатын өнімнің негізгі сатып алушысы – ресейлік «Лента» дүкендер желісі. Күніне 10 тоннаға жуық қызанақ Екатеринбург, Новосібір және Бийскке жөнелтіледі.
– 2019 жылдың бірінші жартысында іске қосуды жоспарлап отырған 16 гектарлық жаңа кешеннің құрылысымен айналысып жатырмыз, – деді жылыжай басшысы Ерлан Матымов. – Бұл шығарылатын өнім көлемін күніне 35 тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бәлкім қызанақтан бөлек тағы қияр мен баялды өсіреміз.
Павлодарда YEMA Group топ-менеджерлеріне арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін таныстырды. АЭА ішінде олар «Guissenhaus» ЖШС қоспалы алюминий өндірісінде болды, сондай-ақ химиялық препараттар өндіретін «АгроХимПрогресс» ЖШС және қатты қыздырылған кокс шығаратын «УПНК-ПВ» ЖШС-нде болып қайтты.
– Синьцзянда жылына шамамен 3 миллион тонна өнім шығаратын алюминий зауыты жұмыс істегендіктен, бізге Павлодарда өндірілетін қатты қыздырылған кокс өте қызық, – деді Қытай корпорацияның вице-президенті Чен Ган. – Агроөндіріс кешенінде біз өсімдік майын сатып алу мен Қытайға жеткізу бойынша серіктес болуға дайынбыз.
Қытайдан келген қонақтар соңғы 15 жылда Павлодар облысына алғаш келулері екенін айтты. Бүгінде инвесторлар бұл жерде не өсіруге болатынын білу үшін жергілікті нарықты зерттеуде.
Өз тілшімізден