Қыз перзенті – үлкен нығмет
Қыз бала туылғанда ренжу, әсіресе анасын айыптау – үлкен қателік. Құран кәрімде «Аллаһ қалағанына қыз, қалағанына ұл бала береді. Біреулерге әрі ұл, әрі қыз бала береді, ал қалағанын тумайтын қылады. Барлық нәрсені хаққымен білетін және бүкіл нәрсеге күші жететін тек қана Аллаһ» делінген. (Шура 49, 50)
Сүйікті пайғамбарымыз «Қыз балаларды қор қылмаңдар» деген. Қор қылу, дінді білмеуден туындайды. Қайырлы перзент сұрау керек. Қайырлы болмайтын болса, қыз немесе ұл болуының қандай айырмашылығы бар?
Дінімізде әйелдің және қыз баланың қадірі жоғары. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Қыздарыңды алтын және күміспен әшекейлеңдер! Киімдері әсем болсын! Құрметке ие болуы үшін ең әдемі сыйлықтарды сыйлаңдар!» (Хаким)
«Қыз баланы жақсылап тәрбиелеп, Алла Тағала берген ниғметтермен молшылықта жегізіп, киіндірсе, бұл қыз ол үшін берекет болады, тозақтан құтылып жәннатқа оңай кіруіне себеп болады» (Табарани).
«Екі қыз баласымен жақсы мәміледе болған адам міндетті түрде жәннатқа кіреді» (Ибн Мажа).
«Екі қызы немесе екі қыз бауыры болып, күн көрістерін толығымен қамтамасыз еткен адаммен жәннатта бірге боламыз»(Тирмизи).
«Базардан алған нәрселерді ұл балалардан бұрын қыз балаларына берген адамға Алла Тағала мейіріммен қарайды. Алла Тағала мейіріммен қараған адамдарға азап бермейді»(Хараити).
«Базардан жеміс-жидек алып үйіне әкелген адам садақа сауабын алады. Әкелген жемісті ұл балаларынан бұрын қыз балаларына берсін! Әйелдерді, қыздарды қуантқан адам Алладан қорқып жылағандардың сауабын алады. Ал Алладан қорқып жылағандардың денесі тозаққа харам болады» (Ибн Адий).
«Үш қызына қажеттіліктен құтылғанға дейін жақсы қараған, ішіп-жегізіп, киіндірген адам әлбетте жәннатқа қолжеткізеді» (Әбу Дауд).
«Үш қыз немесе қыз бауырларының күнкөріс немесе басқа да қиыншылықтарына шыдаған адамды Алла Тағала жәннатқа кіргізеді» Асхаби кирамнан бір кісі «Екі қызы болса да солай ма?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз «Иә, екі қыз болса да солай» деді. Басқа бір кісі «Ал бір қыз болса ше?» деп сұрады. Жауап ретінде: «Бір қыз болса да солай» деді. (Хаким, Хараити)
Көрініп тұрғанындай, қыз және әйелдерге қадір бермейтіндер мұсылмандықты білмейтін адамдар. Мұсылманның дінін жақсылап үйреніп, әйелдерді лайықты түрде қадірлеуі керек!