ҚЫЗАН АУЫЛЫНДА СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Маңғыстауда тағы бір спорт кешені бой көтерді. Бұл жолы облыстың ең шалғай ауылы Қызанда ашылды. Көптен күткен қуаныштың тұсауын аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров пен ауылдағы соғыс ардагері Тілембай Телбаев кесті.

Бұл ауыл үшін көптен күткен қуаныш болатын. Сондықтан да қызандықтар жер-жерге хабар беріп ат шаптырып, үй тігіп кең көлемде атап өтті.

Ауыл балалары осы уақытқа дейін мәдениет үйінде, мектеп залдарында жаттығатын. Жаңа зал 2000 шаршы метр. Кешенде жуынатын, киінетін бөлме мен фитнес залы бар. Мұның бәрі болашақ спортшылар үшін.

Спорт кешеннің ашылуымен қатар алғашқы жарыс та өтті. Ақтау мен Қызан ауылының кигбоксшылары кездесу өткізді. Бес салмақта шаршы алаңға көтерілген спортшылар бәсекесі тартысты өтті. Өз алаңында өнер көрсетуі қызандық спортшылар үшін екі есе жауапкершілікті жүктеді. Шаршы алаңда барын салған қызандық ұландар қонақтар құрамасынан 3:2 есебімен басым түсті. Бұл бәсекеге ауылдың залында жаттығатын жастар мен қатар әлем, азия чемпионаттарында жүлде алған кигбоксшылар да қатысты.

Қазақы мерекенің қашанда қазақ күресінсіз өтпейтіні белгілі. Бәсекеде 20-ға тарта балуан белдесті. Олар 70 және 90-нан жоғары салмақта сынға түсті.

Туған елі мен жеріне сый жасауда кәсіпкерлердің еңбегі толассыз. Жаңа спорт кешенінің салынуына да жомарт жандар қол созған. Кешеннің құрылысына қаржы құйып, игілікті істің бітуіне үлес қосқан кәсіпкерлерге ауыл халқы «Қызан ауылының құрметті» азаматы атағын беріп алғыс айтты.

-Мына спорт кешенінен ауылдың, ауданның, елдің намысын қорғайтын мықты спортшылар шықсын. Жасалып жатқан дүниелердің барлығы жастардың болашағы үшін. Спорт кешенін салуға атсалысқан жандарға әсіресе кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз, дейді Қызан ауылының тұрғыны Сартбек Үркімбаев.

Мереке көркін ауыл, ауданның өнер ұжымдары мен айтыскерлер кіргізді.

Айман Оңғарбайқызы