Қыздар университеті білім сайысында жеңімпаз атанды
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері бірнеше республикалық пән олимпиадасында топ жарып, жеңімпаз атанды, деп хабарлайды оқу орнының Баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Жаратылыстану факультетінің білім алушылары жоғары оқу орындары студенттері арасында «Химия» мамандығы бойынша ұйымдастырылған XII республикалық пәндік олимпиадасында екінші орынға ие болды.
Сайыс барысында «Химия» мамандығының студенттері Айбану Өтегенова мен Назым Ералиева білімі мен білігін паш етіп, барлық сынақтан жоғары нәтиже көрсетті.
Жастардың шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыру және химия саласындағы студенттердің ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру мақсатындағы биылғы білім жарысы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өтті. Онлайн форматта жүргізілген сайысқа еліміздегі 10-нан астам жоғары оқу орнының студенттері қатысып, бақтары мен баптарын сынады.
Сонымен қатар Қыздар университетінің студенттері «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасы бойынша өткен республикалық пәндік олимпиадада екінші орын алды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған дәстүрлі білім сайысы онлайн форматта өтті. Болашақ педагогтардың білімі мен білігі сарапқа салынған жарыстың мақсаты – студенттерді оқу-танымдық және оқу-зерттеу жұмыстарына ынталандыру, олардың кәсіби-тұлғалық әлеуетін қалыптастыру және дарынды жастарды анықтау.
Олимпиадаға еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, бірнеше кезең бойынша тапсырмалар орындады.
Жеңімпаз білім алушылар мен олардың жетекшілері «Алғыс хаттармен» марапатталды.