«Қызыл жұлдызды» барлаушы

Ұлы Отан соғысынан кейін ірі әскери қақтығыс он жылға созылған Ауған арпалысы болатын. Оңы мен солын, қулық пен сұмдықтың, қитұрқы өмірдің мәні мен мағынасын әлі де толық ажырата алмайтын 18-20 жастағы бозбала жігіттер екі алпауыт мемлекеттің геосаяси ойынының құрбанына айналды. 1979-89 жылдар аралығында Қазақстаннан сол қан майданға 20 мың 148 боздақ аттанса, соның 924-і жат жерде қаза тапты, 500-ге жуығы мүгедек болып оралды. Ал 21-і із-түссіз жоғалып, хабарсыз кетті.
Сарысу ауданынан сол қияң-кескі сұрапылға отыз жеті мұрты енді тебіндеген жас жігіттер қатысқан екен. Солардың бірі Асхан Оңғарұлы Ақмолдаев. Саудакент ауылында 1963 жылы наурыз айында дүниеге келген. Әскер қатарына шақырылғаннан кейін 1982 жылы сәуір айында Самарқанд қаласында кіші командирлер-сержант курсында үш ай, содан соң Шымкент облысы Абай селосында үш ай мерзім ерекше дайындықтан өтеді. Әскери өмірге әбден төселген сайдың тасындай сарбаздар Ауғанстан аумағынан өтіп, Герат провинциясында Моджахедтерге қарсы ашық айқасқа шығады.
— Ауғанның азапты күндерін есіме алсам әлі өзімді қолайсыз сезінемін. Тәнге түскен жара жазылады, жанға түскен жараның зардабы мәңгілік екен. Мен барлаушы болдым. Жолға шыққан әскери колонналар мен техникалардың алдында 300-500 метр қашықтықта дұшпандардың тосқауылын торуылдаймыз. Күн сайын емес сағат-минут сайын қауіп-қатердің, оқ пен оттың ыстық лебін сезінесің. Моджахедтер де ақымақ емес, жарылқаушыларының жәрдемімен өте жоғары дайындықтан өткен. Жықпыл-жықпыл жартастың ең биігіне бекініп алып тұтқиылдан екі жақтан оқ снарядты қардай жаудырады. Біздің міндетіміз осы жасырын тосқауылдарды анықтау. Қырғын кезінде талай боздақтардың қыршын кеткендігін, жантәсілім алдында қатты қиналғандарына жиі кез болдым. Жүйкені жұқартар қиямет-қайым әсер аласың. Мұндай төзімсіз көрініске шыдай алмай психикалық ауруға ұшырағандар да кездесті. Бірде Иранға өтіп кетіп үш күн сарсаңға түскеніміз бар. Ол жақта шекара шегені болмайды екен. Алланың медетімен елге аман-есен оралдық. Бейбіт күннің, жайма-шуақ заманның қадірін ұмытпасақ екен, — дейді «Қызыл жұлдызды» батыр. Ауған жаңғырығы жадынан кете қоймаған Асекеңнің ерлік жолы жастарға патриоттық үлгі болса кәнекей.

Б.Мұхамедқали,
Саудакент ауылы