Құрғақ құрылыс қоспалары қайта шығарыла бастады

Атырау облысы, Индер ауданы орталығында «Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауыты ашылды. Озық технологиямен жарақталған өндіріс орны нарыққа сапалы өнім шығарады. Алдағы уақытта 82 адам жұмыспен қамтылмақ. Жалпы, «Алтын сандық» аталған Индер ауданында қазба байлықтың алуан түрі бар. Оны алғашқыда кешенді игеру мақсатында «BIAS TECH» ЖШС жұмыс жасай бастаған. Өндіріс көлемі де ауқымды еді. Жобалық қуаты 125 мың тонна гипс шығаруды қамтамасыз ете алса, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру жылына 150 мың тоннаны құраған. Дегенмен, 120 адам жұмыс істеген зауыттың тірлігі көпке ұзамады. Осыдан бес жыл бұрын қаржылық қиындықтарға байланысты өндіріс тоқтап қалды.
Өткен жылдың қыркүйегінде «АзияКредитБанкі» мен «Fincraft Resources» акционерлік қоғамы жалға алу арқылы сатып алу келісім-шартын жасаған болатын. Соған сәйкес, «Fincraft Resources» компаниясының еншілесі — «Ақтау Битум» серіктестігі жыл басында зауытты оңалтуды қолға алды. Ескі техникаларды қалыпқа келтіріп, жаңасын әкелді. Түркияның құрал-жабдығын орналастырды. Білікті мамандарды тартып, жұмысты жүйеге түсірді. Соның нәтижесінде енді зауыттың жылына 120 мың тонна өнім шығаратын мүмкіндігі бар. Еліміздің гипс тас пен құрғақ құрылыс қоспаларына деген сұранысының бір бөлігін қамти алады. Өндіріс орнынан 30 шақырым жерде гипс өндіретін және ұсақтап сұрыптайтын кешен жұмыс жасайды.
Бұл жерден 0-300 фракциялы гипс тасын алуға болады. Зауыт жеке теміржол тұйығымен қамтамасыз етілген. Осының бәрі сапалы өнімді тұтынушыға кедергісіз жеткізуге мүмкіндік береді, — дейді «Ақтау Битум» құрғақ қоспа зауытының қаржы жөніндегі директоры Дамир Мусин.

Атырау облысы, материалдарды дайындаған Ғ.Әділ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған