ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Щучинск-Зеренді» автожолын қайта жаңарту жұмыстарымен танысты  

Ақмола облысында ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясы жанындағы комиссияның көшпелі отырысы өтті. Комиссия «көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға ҚР Ұлттық қорынан бөлінетін республикалық бюджеттің мақсатты және тиімді жұмсалуын бақылау үшін құрылған.

Көшпелі отырысқа ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері, сондай-ақ өңірлердегі комиссияның басшылары қатысты. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалының директоры Талғат Смағұлов халық қалаулыларына «KazWay» сервисі және «Нұр-Сұлтан-Щучинск» төлем алу пункті туралы баяндады.

Жұмыс сапары аясында мәжіліс депутаттары Ақмола облысындағы «Щучинск-Зеренді» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты.

Ұзындығы 80 шақырым «Щучинск-Зеренді» автожолын қайта жаңарту жұмыстарын «Казахдорстрой» ЖШС жүзеге асыруда. Аталмыш автожол Бурабай мен Зеренді курорттық аймақтары және  Златополье, Веденовка, Савинка, М.Ғабдуллин, Дороговка, Серафимовка елді мекендерін аудан орталығымен байланыстырады.

Жобаға сәйкес аталмыш жолда 64 темір-бетон су өткізгіш құбыры, 2 демалыс алаңы, 10  автобус павильоны, қарды тоқтатуға арналған 15 шақырым баған, 14 шақырым жол жиегіндегі қауіпсіздік бағанасы орнатылады. Сондай-ақ, Серафимовка, Зеренді, М.Ғабдуллин ауылдары маңында жол жиегін жарықтандыру, Зерендіде бағдаршам орнату жоспарда бар.

Жолшылар күрделі учаскелерді, қауіпті бұрылыстарды түзулеу жұмыстарын аяқтауға жақын. Аталмыш жұмыстардың нәтижесі бойынша, жолдың жалпы ұзындығы 80 шақырымнан 77 шақырымға дейін қысқарады.

Құрылыс нысанына 207 бірлік жол-құрылыс техникасы мен 423 адам жұмылдырылған. Қайта жаңарту жұмыстары биыл күзде толық аяқталады.