РАДАЙ КӨПІРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАУ АЛДЫ

Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов аудан орталығы Мойынқұм ауылының батысында орналасқан Радай өзені бойындағы көпірдің құрылыс жұмыстары барысымен танысты. Онымен  бірге аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсембаев, Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Тұрарқұл болды.

Құрылыс басында болған техникалық бақылаушы Абай Мұқашев Ержан Әлімханұлына құрылыс жүргізу барысында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтті.

-Нақтылай айтқанда әзірше ескі, құлағалы тұрған көпірді бұзу жұмыстары жүргізілуде. Осы көпірдің үлкен бетон жабындылары бұзылып, құрылыс алаңынан тысқары жерге тасымалданып жатыр. Жоспарға сай жоба келесі жылға өтпелі. Алайда биылғы жылдың қазан, қараша айларына дейін көпірдің бір көліктік қозғалыс бөлігін дайындап үлгереміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстағы басты мәселе Шудың суы Радайға түсіп кетпеуі, ол үшін Радайдың байлауын жылдағыдан мықты етіп жабу керек. Сонымен қатар төменгі ауылдың азаматтары байлауды бұзып кетпеу үшін кезекшілік тағайындау керек, — деп ұсыныс жасады.

Өз кезегінде Ержан Әлімханұлы жүргізіліп жатқан жұмыстарға тағы да қарқын қосуға мүмкіндік бар екенін ескертіп, жылдам жасалған жұмыстың нәтижесінде ғана Радай өзегінің арғы бетіндегі шаруалардың кедергісіз қатынауына қол жеткізуге болатынын ескертті. Сонымен қатар, шығарылып жатқан бетон жабындыларын осы өзеннің жағалауын бекітуге жұмсау жағын қарастыруды тапсырды.

Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысын жүргізу үшін жоба құны 626 млн теңге. Мемлекеттік сатып алу порталына ашық конкурс жарияланып 573,9 млн теңгеге жеңімпаз  ЖШС «ЖБИ-С» анықталды. Ағымдағы жылдың көктем айларында Радай өзенінде су ағынының қатты болу салдарынан өткел салу мүмкіншілігі болмай, құрылыс жұмыстары белгіленген уақыттан кеш басталды. 15 мамырда ауыл ішілік тоғандарға су бұру жұмыстары жүргізіліп, өзеннің ағысы саябырсып, мердігер ЖШС «ЖБИ-С» мамандары құрылыс жұмыстарын бастап, айналма жол салынып, демонтаждау жұмыстары жүргізілуде.

 

Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ