РАЙЫМБЕК СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫ БАРНАУЛДА ӨТЕТІН ФЕСТИВАЛГЕ ҚАТЫСАДЫ

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры жаңа маусымда қоржынын ерекше қойылымдармен толықтырмақ. Мерейлі маусым қарсаңында театр орыс жазушысы В.Шукшиннің 6 прозалық шығармасынан жиынтық жасап, «Ауыл әңгімелері» спектаклін қояды 20-21 қыркүйек күндері өтетін қойылым премьерасына қазіргі таңда қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы маусымның ашылуы алдында ұйымдастырылған баспасөз жиынында театр басшысы Арман Алиев мәлімдеді. Оның айтуынша шығармашылық ұжым дәл осы қойылыммен Ресейдің Барнаул қаласында өтетін «Здравствуйте, люди!» атты театр фестиваліне қатыспақ. Бұл фестиваль екінші рет В.Шукшиннің 95 жылдығына орай қыркүйек айының 18-27 күндері аралығында ұйымдастырылып отыр. Аталған қойылым режиссері – Құдыс Қожамияров атындағы мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Фархадбек Қанафин.
Пресс-конференцияға қатысқан театр актерлары өңір журналистері мен зиялы қауым өкілдеріне театр тынысы туралы баяндап, тарихи қойылымдардан сыр шертті. Сонымен қатар келушілерге театр жанынан ашылған Райымбек Сейтметов мұражай үйінен театрдың 25 жылдан бері келе жатқан құнды жәдігерлер мен алған марапаттары көрме ретінде ұсынылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі