РАҚЫМШЫЛЫҚ — КЕҢШІЛІК ӘРІ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Қаңтар қасіреті туралы әр қилы әңгіме айтылатыны жасырын емес. «Ақиқатын Алла біледі» десек те, құқықтық қоғамда бәріне заң орындары баға берді. Ал, жаза басып, арандап қалған жандардың жағдайын кім ұғады?
Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында осы шетін мәселені айналып өтпегені дұрыс болды.
«Бізге ел бірлігі ауадай қажет, — деді ол. — Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым».
Иә, мейірім, кешірім деген құндылық немесе адами ишарат жөнсіз ұрыс-керістің, орынсыз пәле-жаланың алдын алуға ықпал етеді. Мұндай өрелі шешім адамшылыққа негізделген дәстүрімізге де, кешірімді болуға шақыратын ата дінімізге де сай келеді.
Бірақ «алмақтың да салмағы бар» дегендей, мұның арғы жағында қоғам жауапкершілігі арта түсуі қажет. Жаңа Қазақстан мұны терең түсінеді деп ойлаймыз.

Дархан МЫҢБАЙ