Рәміздердерге құрметпен қарай білейік!
4 маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні болып кезінде Елбасының Жарлығымен жарияланған еді. Ол мемлекеттік маңызды мерекелі күндердің құрамына енеді. Осы мереке-мемлекеттік рәміздерге деген шынайы құрметтің белгісі болып табылады. Яғни қоғам өміріндегі ерекше орнына байланысты көрсетілген мемлекеттік қолдау. Сондай-ақ тарихи санамызда тәуелсіздік идеясын біржола сіңіру мен жастарды отаншылдық рухқа баулу мақсатында жасалған болатын.
Президенттің шетелдік сапарларының кортеждерінде келген мемлекетін айшықтайтын кішкене Ту ілініп тұрады. Бұл яғни қарсы алу рәсімінде екі мемлекеттің жалауын желбіретіп, салтанатты рәсім өтеді деген ұғым. Сонымен қатар олимпиадалық ойындарда жеңіске жетіп ойнаған спортшыларымыз тұғырға көтеріліп, алқа тағынғанда көк Туымыз желбіреп, Әнұран орындалады. Сол кезде кеудең шаттыққа кенеліп, көзіңе еріксіз жас үйіріледі екен. Біз тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін ерекше қадірлеп, қастерлеуіміз керек. Осы елдің азаматтары Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнін тұмардай қасиет тұтуы тиіс. Өйткені туған елінің рәміздеріне құрметпен қарау — елдіктің, отансүйгіштіктің, тұтастай алғанда, патриотизмнің негізгі белгісі.
Біз осы рәміздердің қадір-қасиетін түсіріп, қолда бар алтынның қадірін түсініп жүрміз бе? Көк Туымызды қорлап, оған немқұрайлы қарап, аяқесті етіп жүрген намыссыз жандарды көргенде айтарға сөз таппай жаның күйзеледі екен. Көк Тудан күл-қоқыс таситын дорба жасап алдық. Ауылдар түгіл қаладағы мемлекеттік мекемелердің маңдайшасындағы ілінген Тулардың есіріп, өңі кетіп жыртылып, жұрнағы ғана ілулі тұрғанын көріп жүрміз. Бірақ оған селт етіп, ескерту жасап жатқан адам жоқ. Бұндайға етіміз өліп кеткен сияқты.
Әйтсе де бұқаралық ақпарат саласының қызметкерлері осы мәселеге байланысты үнемі дабыл қағып, газет-журнал, радио-телевидение шырылдап жазып, айтудай-ақ айтуда. Алты-жеті жыл бұрын көк Тумен күл-қоқыс тасып жүрген көркейту мекемесі жазаланды. Сосын Жаңа жылда Әкімдік алдында шырша орнатылып, оны безендіретін ойыншықтарды көк байрақтан дорба жасап көтеріп жүргендерді көріп бір шуластық. Тіпті базарларда іш киімге көк байрақты жапсырып сауда жасап жатқан сатушылардың көріністерінен шошып, естен тана жаздадық.
Бір ауыл тұрғыны ауласындағы жинаған жем-шөбін Қазақстанның Туы бейнеленген баннермен жауып қойған. Көк туды қорлағаны үшін шаруа, әкімшілік жауапқа тартылды. Тіпті Туымызды әспеттеп көп қабатты тұрғын үйдің балконына (қылтимасына) ілген жанның да ісі заңсыз ретінде әкімшілік жауапқа тартылды.
25 мамыр күні Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында өткен «Ирина Кайратовна» тобының концертінде әншілер сахнада мәдениетсiздiгін көрсетті. Әсіресе «Shiza» лақап атты әншi Көк Туды қорлап, елдің намысына тиді. Артынша-ақ ғаламтор желілеріне бұл сұмдық жайлы хабарлар, пікірлер келіп жатты. Осыған орай ел Президенті Туды қорлағандарға байланысты өз пікірін айтты.
«Біз ғылымның ұлттық экономикаға қосатын үлесін көбейтуіміз керек. Сонымен бірге, әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастықты күшейткен жөн. Ғалымдар еліміздің рухани дамуына да баса мән бергені дұрыс. Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік Туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк Туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені көк Туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. «Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – Туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес», – деді Президент Қ.Тоқаев.
Сонымен мемлекеттік Рәмізді қорлағандар қатаң жазаға тартылуы тиіс. Алматыдағы спорт сарайында өткен «Ирина Кайратовнаның» концертінде еліміздің Туын мазақтап, лас сөздер айтқан әншілердің тек бірі кешірім сұрап, айыппұл төлегенін ескертті. – «Бұл жеңіл жаза «Қылмыстық кодекстің 372-ші бабы» бойынша Қазақстан Республикасының рәміздерін қорлау – 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не болмаса 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Әдетте концертті кімдер ұйымдастырды? Қалтасында қомақты қаржысы барлар өткізеді. Оларға мына мөлшердегі айыппұлды төлей салу түкке тұрмайды», – дейді депутат Нұртөре Жүсіп. Сонымен мемлекеттік Рәмізді қорлағандар қатаң жазаға тартылуы тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік, аяушылық болмауы тиіс. Туыңды қорлағаның- еліңді, тіліңді, намысыңды, арыңды қорлағаның!
Шаргүл Қасымханқызы