Рәміздерді қастерлеу – біздің ортақ парызымыз

Сіздерді 4 маусым – Мемлекеттік рəміздер күнімен құттықтаймын!
Биыл ел тарихындағы ерекше мәртебеге ие Мемлекеттік рәміздеріміздің бекітілгеніне 30 жыл толып отыр.
1992 жылы дәл осы күні қыран бейнелі көк Туымыз, шаңырақты Елтаңбамыз, алғашқы Әнұранымыз қабылданған болатын.
Бүгінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран – әр қазақ мақтан тұтатын, халқымыздың береке-бірлігін арттыра түсетін бойтұмары.
Рәміздерді қастерлеу – біздің ортақ парызымыз.
Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен тұтастығының бейнесі.
Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков Жамбыл өңірінің тумасы және ел мақтанышы.
Өткен жылы тарихи тұлғаның есімі өзінің кіндік қаны тамған жер Жамбыл ауданындағы Бесжылдық ауылына беріліп, ауыл маңында Мемлекеттік Ту-тұғыры көтерілді. Бұл Мемлекеттік рәміз мен тұлғаға көрсетілген құрмет!
Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отыра, Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын тілеймін!
Көк байрағымыз биіктен желбірей берсін!

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі