Рәміздерім – айбыным!
4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күні. Осыған орай Павлодар қаласындағы мемлекеттік рәміздер алаңында салтанатты шара ұйымдастырылды. Шараға жоғары оқу орындарының студенттері және өнер ұжымдары қатысты.
Еліміздің мемлекеттік рәміздері күні 1992 жылдың 4 маусымынан бері аталып өтуде. Сол жылы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік нышандары бекітілді. Мемлекеттік рәміздердің қатарында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран сынды үш ұлы құндылығымыз бар.
Салтанатты шараға жиналған жастарды облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев құттықтап, мемлекеттік рәміздер – еліміздің ең басты үш тағаны екенін атап өтті. Жиын барысында колледж студенттері көк туымызды көкке желбіретсе Иса Байзақов атындағы филармонияның камералық хор ұжымы мен «100 жаңа есім» жобасының қатысушысы Алексей Лодочников Қазақстанның әнұранын шырқады.
Шара барысында ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған автоквест ойындарының жеңімпаздары марапатталды. Сайыс қорытындысы бойынша Қанат Қабжамитов бірінші орынға ие болса, Махаббат Қанапия екінші және Дамир Сағадиев үшінші орын алғаны үшін марапатталды.
— Бүгінгі мемлекеттік рәміздер күнімен барша жерлестерімізді құттықтаймын. Бұл – біздің еліміздің мызғымас берік күш-қуатының белгісі. Мемлекеттік туымыз талай халықаралық жиындар мен спорттық додаларда көкке желбіресе, әнұранымыз әлемдік ареналарда орындалып еліміздің атын асқақтатуда. Осы патриоттық мерекеге арналған байқауда жеңімпаз атану – мен үшін үлкен қуаныш. Жастарымыздың ой ұшқырлығын көрсететін осындай білім сайыстары көп ұйымдастырылуына тілектеспін, — дейді сайыс жеңімпазы Қанат Қабжамитов.
Тілеуберді САХАБА