«РАҚМЕТ СІЗГЕ, ДӘРІГЕР!»

Бүгін Сарысу аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтті.

Ерекше форматта өткен жиынға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастаған барлық мемлекеттік және құзырлы орган басшылары мен кәсіпорын директорлары қатысып, ақ халатты абзал жандарға Құрмет грамоталары мен арнайы Алғыс хаттарын табыс етті.

Мерекелік басқосуда алғашқылардың бірі болып сөз алған аудан басшысы медицина мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, коронавирус дерті әлемді дендеген тұста, адам жанына араша түсіп, антына әрдайым адалдық танытқан сала мамандарына барша сарысулықтардың атынан жүрекжарды алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Марат Қырғызәліұлы қазіргі таңда Жаңатас қаласы, Дегерес елді мекенінде және Тоғызкент ауылында 30 келушіге арналған дәргерлік амбулаторияның, сондай-ақ, Әбілда елді мекенінде шағын медпунктің құрылыс жұмыстары жүріп жатқандығын тілге тиек етті.

Жиында келесі боп сөз алған аудандық орталық ауруханасының директоры Бағлан Қыдырбаев дәрігерлерге құрмет көрсеткен барлық сала басшыларына өз кезегінде алғыс айта отырып, бірқатар үздік мамандарға облыстық Денсаулық сақтау басқармасының, облыстық Медицина қауымдастығы филиалының және танымал медициналық ұйым басшыларының Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарын, сондай-ақ, арнайы төс белгілерін табыстады.

Мерекелік кездесуде аталған салада табан аудармай қызмет қылған ардагерлердің әрбірінің аты аталып, кездесуден табылған қарияларға да құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар үлестірілді.

⚜️Салтанатты жиын аудандық мәдениет үйі қызметкерлері ұсынған ән мен жырға толы концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, ауданда денсаулық сақтау саласында 26 медициналық ұйым бар. Онда 740 медицина қызметкерлері жұмыс істейді десек, оның 67-сі жоғары санаттағы дәрігер.

Нұрсұлтан Рахымбай
Сарысу ауданы