РЕФЕРЕНДУМ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен үстіміздегі жылдың 6 қазанында өткен елімізде атом электр станциясын салу жөніндегі бүкілхалықтық референдумның қорытындысы бойынша жиын өтті.
Жиынға Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айдапкелов Серғали Өмірзақұлы, аудан активі, Сарысу аудандық аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты.
Жиында Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулетберді Шортанбаев биылғы жылы атқарған жұмыстары мен референдум қорытындысы бойынша хабарлама жасады.
Бұдан кейін Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айдапкелов Серғали Өмірзақұлы сөз сөйлеп, референдумға белсенділікпен ат салысқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Атом электр станциясын елімізде салудың қаншалықты маңызды екендігіне тоқталып, биыл құрылғанына 85 жыл толып отырған Жамбыл облысының дамуына өзіндік үлесін аянбай қосқан және қосып келе жатқан сарысулықтардың еңбегін айрықша атап өтті.
Референдумды дайындауға және өткізуге белсене ат салысқан бірқатар азаматтар мен комиссия мүшелері ҚР Президентінің, ҚР Орталық сайлау комиссиясының және Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулетберді Шортанбаевқа Орталық сайлау комиссиясының арнайы төсбелгісі мен 60 жасқа толуына орай, сый-сыяпат табысталды.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі