РЕЙД БАРЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ АҢ АУЛАУШЫ АНЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысындағы мемлекеттік орман қоры аумақтарында браконьерліктің алдын алу, заң бұзушылықтарды жою мақсатында рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Осы орайда, Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемесінің мамандары жүргізген рейд барысында заң бұзушылықтар тіркелді.
Кезекті рейд барысында мекемеге қарасты Шолаққорған орманшылығының «Байқошқар» алқабында уақытша мал жайып отырған Құмкент ауылының тұрғынының үйіне орман күзетшісі-қорықшылары Ж.Атабаев, Е.Асқаров, Ж.Амангелділер барған. Үйінің маңында жабайы қабан аңының терілері шашылып жатқаны анықталған. Бұл оқиға бойынша нақты анықтау мақсатында Созақ АПБ-нің 102 нөміріне арнайы хабарлама беріліп, жедел-шұғыл түрде шақырылған.
Жедел-шұғыл топ тұрғынның үйіне кезек күттірмейтін тінту жүргізу барысында 6 бас жабайы қабан аңының кесілген бастары, терілері және қарақұйрық аңының етінен ұқсас 2 туша еті табылды. Сонымен бірге тіркелмеген 12 калибрлі, қос ауызды аңшы қаруы мен 24 оғы, тіркелмеген 1 дана 20 калибрлі аңшы қаруы, 2 дана жарақат салатын қарудың патрондары, 16 дана ПМ тапаншасының ойық ұңғылы оқтары табылып, айғақты заты ретінде алынды.
Аталған оқиға бойынша Созақ аудандық полиция бөліміне қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі