Реніш деген не?

Реніш – адамды бүлдіретін көңіл күй. Реніш – бұл тоқтатылған, «буып-түйіп» қойылған ашу. Бірақ, сонда да адамның бет-жүзі мен тәнінде оның белгісі көрініс береді. Ренжіген кезде айнаға қарасаңыз, сұқсырдай болып тас боп қатқан түріңізді көрер едіңіз. Ерніңізді жымқырып алғансыз. Иегіңіз дір-дір етеді. Көзіңізге жас тұнады. 

Реніш тұншықтырып барады. Өксік тамаққа тіреледі. Дем ала алмай, қиналып кетесіз. Кеудеңіз басылып, ішіңіз бос боп қалады. Бас айналып, бір жағынан – өмірден баз кешіп, екінші жағынан – тар қапаста қалғандай күй кешесіз. Дыбыстар талып жетіп, сөздерді, елдің бетін айыра алмай қаласыз.
Кеудеде ащы күйік тұрғандай. Біреу келіп жүрегіңе қанжар тығып алғандай. Өкініш пен ашу, өкпе-реніш жиналып қалады, кекету, мұқату жазылмас жара салады.
Оған жауап беру үшін – сол сәтте шешім қабылдап – дереу тәкәппар қалыпқа енесіз. Бетіңіз сазарып қалады. Бітті. Інжу өз қабыршағында жабылып қалды. Тек қорғанысқа көшеді.
Реніш – сізді «жақсы көрмейтін» жандарға жауап.
Мені сыйламайды, бағаламайды, сүймейді деген ойға жауап. «Мен ол үшін ешкім емеспін». Ренішке ешбір фактінің қажеті жоқ. Сүймейді екен ғой деген күдік жеткілікті.
Реніш арғы жағада біреу міндетті түрде кінәлі болса екен дейді. Сол кінәсі үшін өзін айыпты сезінсе дейді. «Мен ренжісем, ол кінәлі». Екінші адам мүлде кінәлі болмаса да, ренжіген адам оған бар айыпты тағады, сондықтан айыпты адам өзін шынында кінәлі сезіне бастайды. Адамның табиғаты солай жаратылған.
Бір кездері реніш қыздарға жігіттерін басқаруға ыңғайлы құрал еді. Олардың шын сүйетіндігін дәлелдеуді талап ететін. Жігіт үшін өзінің несімен бағалы екенін тиянақтауды міндеттейтін. Бұртиған еріндерге қарап жігіті ойлануы тиіс болатын, қай жерден жаза басқанын анықтап, дереу кешірім сұрап, гүл сыйлап, сыйлық жасап әуреге түсетін. «Әйелдің тәкәппарлығы» деген ұғым ұсақ-түйек дүниенің бәрін өзіне себеп қылатын. Себеп айтарлықтай болса, өзін сыйлайтын әйел мәңгілікке ренжіп, сол ренішпен өмір сүруі тиіс еді.
Үнемі ренжи беретін, ерке, тым талапшыл әйел – жылдар бойы әйелдер үшін осылар қалыпты мінез-құлық болып келеді.
Айтпақшы, еркектер де тәкәппар әрі кекшіл болуға қарсы емес. Олардың күш көрсетуге, ашуын әйелден алу өнері бар. Сондықтан еркекті ренжіткенде (намысына тигенде) есте болсын, «есі дұрыс еркек мұны жай қалдырмайды».
Сонымен реніш деген не болды?
Бұл махаббатқа деген жауап. Ренжіген адам жақындарына «маған бұлай жасама, мен өзімді сүйікті сезінбей қалдым» деп белгі береді. Біреу мені жақсы көрмеуі, бағаламауы, мені қадірлемеуі мүмкін деген ойдан адам ренішке тұншығады. Біреу менің бағалы екендігіме күмән туғызды деген жанайқайы.
«Қалайша, бұлай?!»
Ренішке тереңірек үңілсеңіз, жұрттың бәрі тастап кеткен, қауқарсыз, ешкім жақсы көрмейтін баланың жан жарасын сезінесіз. Шулы көшедегі жаңа жыл мерекесі қарсаңында өз баласына асыққан сәнді киінген жұрттың аяқ астында кішкентай қыздың жалғыз қалуы. Тас қабырғаға арқасын сүйеп, қардың үстінде отыр. Қолында сіріңке. Тек қана Құдай оның жалғыздығына куә. Қыз оның құшағына асығады.
Психика тілінде осынау жалғыздық, жұрттың бәрі тастап кеткен, ешкім жақсы көрмейтін жағдайдан шығудың жалғыз жолы – өлім делінеді. Тікелей немесе шартты түрде. Қатып қалу, мұз боп қалу, естен адасу, жанның сезімталдығынан айырылу.
«Осы сәттен бастап мені ешкім жылата алмайды. Мен ештеңе сезінбейтін боламын. Сенің жақсы көрмеуің мені қинай алмайды».
Ренжіген адам жүрегінің түкпірінде тастанды баланың жалғыздығын, қайғысын, бақытсыздығын өткереді. Біреу келіп оның босап қалған құмырасын өзінің махаббатымен толтыратындай күтеді. Тастай боп қалған қолын біреу жылытып беретіндей көреді. Семіп қалған жанын үрлеп, тірілтетіндей болады. Бала күнінде ата-анасының шартсыз әрі бәрін толтыратын сүйіспеншілігіне бөленбеген баланың әдеті бұл.
Махаббат жоқ деген күмән туған сайын бұл қайғы тіріле береді. Ол үшін екінші тарап міндетті түрде бұған деген махаббатын үздіксіз дәлелдеп отыруы тиіс. Оның жан жарасын емдеп, жүрегін жаулап, ата-анасы бере алмаған махаббатты толтыруы керек.
Бірақ бұл мүмкін емес. Ол жүректе қалған бос құмыраны ешкім толтыра алмайды. Қай кезде де аз боп тұрады. Жаны бос қалғанда адамдар ол бос кеңістікті баласына, дүниеге, сүйіктілеріне деген сезімімен толтырғысы келеді. Бірақ онымен толмайды. Сол ойымен ылғи бір сценарийді қайталай береді.
Реніш әдеттегі қорғанышы боп қалады. Ашық әңгімелесейік деген сайын ол өрши түседі. Он жылдан аса күйеуіне жанын ашпаған әйелді білем. Маған ақша жетпейді, не сен маған көңіл бөлмедің деп айтқысы келген сайын оның тамағына өксік тығылып, ештеңе дей алмай қалатын. Екеуінің әңгімесі қайғырумен бітетін. Қайтадан бас салып жылау.
«Сенен сұрауға ұялам» — реніштің тағы бір қыры.
Реніш – махаббатты сұрай алмайтын адамның қылығы. Барлық адам махаббатқа мұқтаж.
Өзінің мұқтаждығын, әлсіздігін, махаббатқа, қамқорлыққа деген мәжбүрлігін мойындау, оны сұрау – өте қиын. Өйткені, әлсіз болуға көп адамның құқы жоқ. Әлсіз әрі мұқтаж болу бар адамға тән емес. Кей отбасы баланы тәрбиелегенде оның әлсіз болуға құқығы – тек дертке шалдығумен ғана ақталатындай қатал болады. Сондықтан кей адам бейсаналы түрде өзіне назарын аударту үшін, дем алу үшін, қамқорлық сұрау үшін осындай қулықты қолданады.
Біздің мәдениетіміз ғасырлар бойы әлсіз болуға болмайды деп үйретті. Ертегі мен аңыздарда да өздігінен бас тарту мен қаһармандықты жырлады.
Кішкентай баланы анасы жалғыз қалдырып, кетіп қалады. Бала ұзақ жылап, шаршап, ұйықтап қалады. Жоқ, ол тынышталмады. Оның жанының бір бөлшегі семіп қалды. Оның бейсанасында анасы тастап кетті, ешқашан қайтып келмейді деген ой бекиді. Осы тастанды баланың қайғысы, әсіресе бала күнінде көп рет қайталанған болса, ересек кезде махаббаттан айырылу қаупіне жан ауырта әрекет етуіне себепші болады.
Бала үшін ол және оның қалауы ғана бар. Ол анасы маңызды шаруамен сыртқа шығып кеткенін білмейді. Түсіне алмайды. Бала үшін тек қана ол және махаббатқа мұқтаждығы ғана бар. Оған керек кезде махаббат берілмей қалса, жүрегі жаралана береді.
Ересек адамдар көп жыл өткен соң өзін осы бала секілді ұстайды. Олар үшін махаббатқа деген зәрулігі және махаббаты сыйлайтын қайғы ғана бар. Екінші тараптың өз қалауы барын ескермейді. Қарсы тарап мұның қалауын бермесе, қамқорлық танытпаса, жанын қайғы бұлты торлайды. Шындап ренжиді. Ауыр қайғы жүректі тіліп түседі, тынысы тарылады.
Жүрегі жырым-жырым адамға өзгенің қалауын ескеру, өзінің сезімін білдіру өте қиын.
Ол бүкіл әлем оның анасы сияқты бұған не керегін айтпай-ақ алдына келтірер деп дәмеленеді. Ең жақын адамы олай етпесе, ескі қайғысы, ескі жараның тыртығы қайтадан ашылып кетеді.
«Ренжіген бала» күйінде қалатын адам өзін ғана ойлайды. Ол өзінің бала күнгі жан жарасына сүңгиді.
Басқа адам – ол басқа. Оның өз ойы, сезімі, өзі жайлы, өмір жайлы пікірі бөлек, келешекке жоспары, қалауы басқа. Оның өмірлік мақсаты сізді бақытты ету емес. Ол да өздігінше өмір сүреді. Өмірден өзін іздейді. Сіз сүйетін жігіт ешқашан сіздің әкеңізге айналып кете алмайды. Әке сезіндіре алатын терең махаббатты, ешбір шартсыз сүйіспеншілікті көрсете алмайды. Оны кішкентай қызына тек әкесі ғана береді. Әрине, жолы болғандардың әкелері қызының жүрегіндегі сезім құмырасын толтырып бере алады.
Әйел ерін бәрібір анасы секілді сүймейді. Егер ол махаббат тағына бүкіл өмірін қойып, тек сіз үшін өмір сүрер болса, ол махаббаттың аты – психологиялық тәуелділік.
Жаныңның жарасын өзге адаммен толтырам деу – бақытсыз адамдардың арманы. Ондай жараны махаббатпен, адалдықпен, сүйіспеншілікпен, өмірлік мақсатпен, түсіну сынды шартсыз құндылықтармен ғана толтыруға болады. Сонда теңгерім қалыпқа түседі.
Махаббатқа деген ашкөздікті ауыздықтау өз қолыңда. Әсіресе, екінші адамның өз өмірі бар, өз хикаясы болатынын біліп тұрып, өз сұранысы мен тілегі, мүмкіндігі болатынын ескеру керек, ол адам саған керекті махаббатты толық бере алмауы, не бергісі келмеуі мүмкін дегенді ескеру шарт, оның шешімі маңызды, ауыр шешімін біле тұра ренжімей қалу тіптен қиын. Тіпті болмашыға ренжи беру, қит еткен сайын басыңды құмға тығып, ештеңеге мән бермеу оңай, әрине. Бұл жүрегі жырым-жырым бақытсыз жандардың жылдар бойы қайталай беретін қайғыдан қорғану амалы ғана.
Құмнан басыңды шығарып, айналаңа өзің туралы айт, өзіңнің қайғыңды білдір, қалауың мен тілегіңді жеткіз, басқа адамдардың да менін ескере біл, осының бәрі шындап келгенде – азапты еңбек.
Көңіл күйіңді жасырмай турасын айт. Қайғыңды мойында. Сонда өзгенің қайғысын көру оңайырақ бола түседі. Оның сол қайғыға құқы барын сезінесің.

Автор: Юлия Базылева
Аударған Шынар Әбілдә