«Ресей қашан тарпа бас салады екен?» деген үреймен күн кешкен елді басқару оңай емес!
1989 жылы 16-25 желтоқсан аралығында Румынияда халық көтеріліп, билік басындағы басшысын әйелімен бірге жазалап тынды.
Мемлекет басшысы Николае Чаушеску мен оның әйелі әрі вице-премьер Елена Чаушескуды тергеусіз, сотсыз атып тастауға не себеп болды?
Бүгінге дейінгі жарық көрген материалдарға көз жүгіртсек, бір сарапшылар мен журналистер Чаушеску билік басында болған кезде Румын мемлекеті қарыштап дамыған, сыртқы қарыздарынан (шамамен 20 млрд $) толықтай құтылып, социалистік мемлекеттердің ішінде өзін-өзі толықтай қамтамасыз етіп, экономикасын жоғары көтерген жалғыз ел ретінде айтады.
Ал, келесі топ оның қанішер диктатор болғандығын, мемлекетті тирандық методпен басқарғандығын алға тартады.
Әрине, «Ресей қашан тарпа бас салады екен?» деген үреймен күн кешкен елді басқару оңай емес! Оның үстіне бір ғана Румынияның сыртқы қарызы бүкіл КСРО-ның сыртқы қарызымен пара-пар болмаса, кем емес еді. Одан бөлек, АҚШ «қара алтын» бағасын қолдан түсіріп жібергенде, румын еліне алыс-жақыннан анталаған жау аз болмады. Мүмкін, сол кезде ішкі-сыртқы тәртіпті тым қатайтып та жіберген болар…
Бүгінгі есепшілердің айтуынша, астанадан шет аймақтарда бой көтеріп, бірер күнде Бухарест көшелерін отқа ораған халық толқуына шамамен 100 мыңдай адам қатысып, мыңнан аса адам қаза тауыпты.., мың жарымдай адам түрлі дене жарақатын алған…
1967 жылы бала көтертпейтін дәрі-дәрмек пен түсік тастауға қатаң тиым салған Румынияда адам саны күрт өскенін айтады. Сондай-ақ, мұнай бағасы көтерілгенде ішкі экономикасын жедел дамытып алған, туризм, машина жасау, кен өндіру салаларын жетілдіріп алған Румыния 80-жылдары дамудың Батыстық үлгісін ұстануға мәжбүр боп, 20 млрд $ көлемінде шет мемлекеттерден қарыз алады да, 1982 жылы сырт елдерден қарыз алу мәселесіне түбегейлі түрде заңмен нүкте қояды. Міне, сол кезде румын халқы «тарта жеп — тайдың, қоя жеп — қойдың басын сақтап қалуына» мәжбүр болады. Есесіне, арада 7-8 жылдай уақыт ішінде бүкіл сыртқы қарыздан түз-түгел құтылады…
Кей деректер Румыниядағы халық көтерілісін Батыс банкирлері ұйымдастырды десе, ал кей мәліметке үңілсек — Чаушескуді жылдам жазалауға Кремльдің мүддесі болған деген әңгімеге килігеміз…
…қалай болғанда да, бас-аяғы он шақты күннің ішінде.., табан астында мұздай қаруланып шыға келген аз ғана жалаңаяқ топ бір елдің басшысын тағынан төңкеріп қана қойған жоқ, қолға түскен соң жарты сағатқа жеткізбей атты да тастады…
…оқиғаның шындығын тарих біледі, ақиқатқа тарих куә…
Канат Ескендировтың фейзбук парақшасынан