Ресей Қазақстанның қарызын кешіре ме?

Бұл сауал Ресей Қырғызстанға 240 миллион доллар қарызын кешіріп, үлкен рақымшылық жасағаннан кейін тіпті қызықты бола түскен сыңайлы. Кремль әлгі мырзалығының себебін: «Бұл Ресей тарапынан Қырғыз елі экономикасының дамуына берілген достық көмек»,— деумен түсіндірген-ді. Осылайша, айыр қалпақтылар елі Ресей тарапынан қарызы кешірілген алтыншы мемлекет болып шыға келді. Бұған дейін ресми Мәскеу Куба, Өзбекстан, Моңғолия, Эфиопия, КХДР сынды елдерге де осындай тосын «сый» жасаған болатын. «Қазақстанға да осындай «бақыттылар» қатарынан орын тие ме?» — деген сауалға кәнігі сарапшылар нақты жауап бере алмай, кібіртіктеп қалады. Оның өзіндік себебі де бар көрінеді.

Қазақстанның сыртқы жалпы мемлекеттік қарызының мөлшері ҚР Қаржы министрлігінің казначейлік комитетінің дерегіне сәйкес, 2017 жылдың 25 сәуірінде 11,642 триллион теңге болса, 4 мамырға қарай тағы да өсіп,
12 016 триллион теңгеге бір-ақ жетті. Осы соманың біраз бөлігі республиканың Ресей Федерациясы алдындағы қарызына жатады.

Мәселен, отандық белгілі экономист-сарапшы Айдар Әлібаев: «Ресейдің Қырғызстанға қатысты мұндай қадамға баруы амалдың жоқтығынан орын алған шаруа еді, өйткені «жалаңбұт отырған» қырғыз билігі мұншама мол қарызды өлсе де, тірілсе де қайтара алмайтын-ды. Оның үстіне айыр қалпақтылар елінің қарызы көптеген жылдар бойы жинақтала келіп, бүгіндері 240 миллион долларға жетіп бір-ақ жығылған-ды. Өйткені бұрынғы Кеңес дәуірі келмеске кеткенде, экономикасы «аға елдің» көмегінсіз қалған Қырғызстан экономикасы шатқаяқтап, құрдымға кетудің сәл-ақ алдында тұрған-ды. Ауыр сындарды бастан өткен сол жылдардың бәрінде ел бюджеті зәруліктен шыға алмағандықтан, өз экономикасына көмек көрсету үшін ресми Бішкек сыртқы донор елдерден қарыз алуға мәжбүр болған тұғын. Бүгіндері Қырғызстанның Ресей алдындағы қаржылық міндеттемесі толығымен есептен шығарылғандықтан, енді ресми Бішкек үнемделген қаржысын өз елінің дамуына бағыттай алады. Қазақстанның сыртқы жалпы мемлекеттік қарызының мөлшері ҚР Қаржы министрлігінің казначейлік комитетінің дерегіне сәйкес, 2017 жылдың 25 сәуірінде 11,642 триллион теңге болса, 4 мамырға қарай тағы да өсіп, 12 016 триллион теңгеге бір-ақ жетті. Осы соманың біраз бөлігі республиканың Ресей Федерациясы алдындағы қарызына жатады. Бірақ Ресей экономикасы қырғыз еліне қарағанда пәрменді дамып отырған Қазақстанға ондай қолқайырлық жасап, қарызын кешіре салуы екіталай. Мұны имиджін алдыңғы орынға қоятын Қазақстан билігінің өзі қаламасы кәміл. Өйткені мұнай өндіретін елге басқаларға қол жаю «өліммен» тең ғой. Шын мәнінде, біздің сыртқы қарызымыз орасан зор. Оның қабырғаға аяздай батып, сауырға ауыр салмақ түсіретіні де рас. Егер әлгі қарызды орыс жағы ғайыптан «есептен шығарып» тастаса, нағыз керемет сол болар еді. Бірақ ондай «сценарийдің» орын ала қоюы екіталай, тіпті ондай қадамға ешкім де бара қоймайды дер едім. Себебі біздің тарапқа қарызды «сызып» тастауға негіз болатындай қажеттілікті «қиыстырып» жазудың өзі қиынға соғады. Біз бұрынғы посткеңестік кеңістікте аяғынан нық тұрған, ішкі саяси ахуалы тұрақты, айтарлықтай табыс көзі бар ел ретінде танылып келе жатқандықтан, біздің тарапымыздан әлгіндей өтініш жасалса, мұны ресми орыс билігі түсінбей қалуы да ғажап емес. Мұны ескерсе, біздің билік бұған өлсе де бармасы анық. Егер белгілі бір себептермен сондай қадамға бара қалса, бұл сыртқы елдердің көз алдында Қазақстан жағдайының тым мүшкіл екендігін көрсететін басты фактор болмақ. Билік басындағылардың бұған ниет етпесі де сондықтан», — десе, тағы бір сарапшы, э.ғ.д, профессор Раушанбек Төлемісов: «Жалпы, Қазақстан да, Ресей де әлемдік метрополияның «монетарлық колониясы» болып табылады. Сол себепті екі елге де ортақ дерт — сырттан қарыз алуға тәуелділік. Қазақстанның сыртқы қарызы мен осы қарыздың үкіметтік бөлігі содан құралып отыр, сондықтан экономиканы дамыту үшін қаржатты сырттан алуға тура келеді. Рас, Ресей де «монетарлық колония» болып табылғанымен, деңгейі бізден жоғарырақ болғандығы себепті оның әмиянындағы ақшаның біздікінен анағұрлым молдау екені дау туғызбаса керек. Соған қарағанда, Қазақстан Ресейден қарызды екінші қайтара алумен айналысып отырғандай. Бүгінгі таңда қос мемлекеттің алдында тұрған өзекті мәселе — өзінің төл ұлттық кредиттік және инвестициялық саясатына көшу болмақ. Осы жүйе аясында бірлескен инвестициялық жобалар пайда болып, Қазақ-стан мен Ресей үкіметтері арасында өзара достық қарым-қатынас (соның ішінде қарзыға байланысты да) орнығуы, оның болашағы мүлде басқа сипатта өрбуі әбден мүмкін. Ендеше, қос елдің де жаңа саясаты ұлттық валютасының бағамын тұрақтандырудан басталуы қажет. Оның қазіргі әрі-бері толқуы екінші қатардағы монетарлық колонияның белгісі болып табылады. Экономикаішілік іс-қызметті атқаруға қолданылатын валюта сол экономикаішілік іс-қызмет жүзеге асырылатын валютаның айналасында жүзіп жүрмеуі тиіс. Аталған екі валютаның арасында балама тепе-теңдік болуы шарт. Қазақстан мен Ресейге тек сол ғана өзінің төл ұлттық кредиттік және инвестициялық эмиссиясын іске асыруға мүмкіндік береді. Әзірге мұның бәрі тек арман ғана болып тұр. Теңге де, рубль де тұрақты емес, әлемдік мұнай бағасына тәуелді. Валюта бағамы сәл қарғыса-ақ болғаны қаржы менеджерлерінің алға тартар басты көзірлері — әлемдік мұнай нарығындағы қара алтын бағасының тұрақсыздығы. Мәселенің туындау себебі мен салдарын сараптап, одан нақты қорытынды шығармай, сол бұрынғыша «қараңғы үйдің ішінен қара мысықты іздеуді» жалғастыра беруден екі ел де ұтпайтынын түсінетін уақыт жетті», — дейді.
Қос сарапшының сөзінде де жан бар екенін ескерген жөн сияқты десек те: «Бұл айтуға ғана оңай», — демеске амал жоқ.

Ермек
Сахариев