«Ресей өкілдері кінәлі деп айта аламын»: Әзірбайжан президенті ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап етті
Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізді.
“Біз әділдікті, кінәлілердің жазалануын, толық ашықтық пен адамгершілікті талап етеміз”, – деді Әзірбайжан президенті.
Президент Ильхам Әлиев бұл туралы ұшақ апатында қаза тапқан экипаж мүшелері мен тірі қалған бортсеріктердің отбасы мүшелерімен кездесуде айтты. Сондай-ақ қазір қара жәшікті декодтау процесі жүріп жатқанын мәлімдеді.
“Апат себебін жақын арада анықтайтынымызға сенімдімін. Нәтиже белгілі болған соң бәрі орнына келеді. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталады. Трагедияны жан-жақты тергеу және оған кінәлілерді жазалау мәселесі шешуші әрі маңызды сәт болмақ”, – деді Әлиев.
Еске салсақ, бұған дейін Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты. Ұшақ апатында қаза болған қазақстандықтардың аты-жөндері белгілі болды. Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.
29 желтоқсанда қаза болған әзірбайжандықтардың денесі елдеріне жеткізілді. Сондай-ақ Әзірбайжан Ақтаудағы ұшақ апатында мерт болған азаматтарының мәйітіне қайтадан сараптама жасады.
Stan.kz
Фото: Azertag