Ресми ақпарат
«Қазгидромет» РМК өңірлік филиалының мәліметінше, Жамбыл облысында 2024 жылғы 10-13 мамыр аралығында қатты жаңбыр жауады деп болжануда.
Бүгінгі таңда су тасқыны жағдайы тұрақты. Жауын-шашынның салдарынан Меркі өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі орын алды.
10.05.2024 жылғы сағат 20:00-ден бастап Меркі өзенінің арнасы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы қызметкерлерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылуда, су айдындарының жай-күйі мен толуына үздіксіз мониторинг, бақылау шаралары атқарылуда.
Сонымен қатар, аталған өзен арнасы жағалауын жаяу аралап көру жүруде.
Меркі ауданының (68 адам, 22 бірлік техника, 6 мотопомпа, 3 электрогенератор) және Т.Рысқұлов ауданының (100 адам, 34 бірлік техника, 7 мотопомпа, 4 электрогенератор) азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілді.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша облыс әкімінің орынбасары Қ. Мәдібек, ТЖД бастығының орынбасары Е. Ақылбеков және басқа да жауапты лауазымды тұлғалар оқиға орнына жедел түрде жолға шықты.
Су қоймалары пайдалану ережелеріне сәйкес жұмыс істеуде.
Жамбыл облысы әкімдігі