РЕСПУБЛИКА КҮНІНДЕ ТҮРКІСТАНДА КӨК ТУ ЖЕЛБІРЕДІ

25 қазан – Республика күніне орай Түркістанда Мемлекеттік Туды ресми көтеру рәсімі өтті. «Рәміздер алаңында» ұйымдастырылған патриоттық іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары, жалынды жастар қатысты. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды да арнайы қатысып, көк Тудың мәртебесін көтеретін бастамаға үлес қосты.

Алдымен Әнұран шырқалып, ол отаншылдық бағыттағы әндерге ұласты. Облыс өнерпаздары рухты оятатын әндерді шырқап, мерекенің ажарын аша түсті. Осылайша, түркістандықтар Қазақстан көлемінде аталып өтіліп жатқан патриоттық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырды.

Түркістандағы «Рәміздер алаңындағы» тұғырдың биіктігі – 62,5 метр. Ал Тудың ені 12 метр болса, ұзындығы – 24 метр. Еліміздегі ең биік тутұғыр мен тудың бірі болып есептеледі.

Биыл 25 қазан ұлттық мереке ретінде аталып өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі құттықтауында Республика күнінің мән-маңызына тоқталған болатын.

– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор. Біз биылдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналарына сенімдімін. Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Жаңғырған ұлттық мерекемізге орай өңірлерде бірлігіміздің символы – көк байрағымызды көтеруге арналған салтанатты рәсім өтеді. Бұл – ұрпақ санасында отансүйгіштік қасиетті, елдік рух пен ұлттық ұстанымды бекемдей түсетін маңызды шара. Көк туымыз – егемендік, азаттық, бірлік, бейбітшілік сынды ізгі құндылықтарды ұштастыратын қастерлі рәміз, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

2022 жылы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді және оны 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды. Республика күні Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің басты мерекелерінің бірі болып қайта оралды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі