Республикадағы жылыжайдың 80 пайызы Оңтүстікте

Оңтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылығы саласы биылғы жылды үлкен жетістіктермен қорытындылағалы отыр. Көктем шыға салысымен еткен еңбектің, төккен тердің өтеуі ретінде қамба өнімге толып, Жер-Ананың жомарттығын тағы бір сезінді. Атап айтар болсақ, облыстың ауылшаруашылық саласында осы жылдың 9 айында өндірілген өнім көлемі 376,5 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 57 миллиард теңгеге көп деген сөз. Бидай мен арпаның әр гектарынан 18,3 центнерден, жалпы 397 мың тонна өнім жиналса, дәндік жүгеріден 178 мың тонна, мақсарыдан 96 мың тонна өнім алынды. Сонымен қатар 328 мың тоннаға жуық мақта мен 1,3 миллион тонна бақша өнімдері, 116 мың тонна жеміс-жидек, 77 мың тонна жүзім терілді. Осының нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысының республикадағы ауылшаруашылық саласындағы үлесі 13 пайызды құрап отыр. Тамшылатып суару әдісі 7,5 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 58,5 мың гектарға жетті. Бұл республикалық үлестің 73 пайызын құрайды. Сол секілді республикалық үлестің 80 пайызын құрап отырған жылыжай көлемі 1294 гектарға жетті. Оның 171 гектары биылғы жылы салынып, іске қосылды. Жылыжай салу ісі әлі де жалғасын таба бермек.

Ауыл шаруашылығы негізгі капиталына тартылған инвестициялардың көлемі 23,7 млрд.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,2 есеге артты. Ал, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,3 млрд. теңгені құрады. Бұл да өткен жылғы көрсеткіштен 2,6 есеге жоғары. Экспорттың көлемі 211,4 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға артса, импорт көлемі 320 млн. АҚШ долларын құрап, керісінше былтырғыдан 4 пайызға кеміді.

Мал шаруашылығы саласында да облысымызда өсім бар. Мәселен, ірі қара саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,8 пайызға артып, 949,8 мыңға жетті. Қой мен ешкі 4 миллион 252,7 мың, жылқы 291 мың, түйе 26 мың басты құраса, құс саны 2,6 миллионға жеткен. Жыл басынан бері тірідей салмақтағы өндірілген ет көлемі де 5,1 пайызға артып, 518,4 мың тоннаға жеткен. Жұмыртқа 225,9 миллион данаға жеткен. «Сыбаға» бағдарламасымен 14516 бас ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасымен 26230 бас қой , «Құлан» бағдарламасы аясында 2557 бас жылқы сатып алынып, мал тұқымын түрлендіруге жіберілді.

Нұр МЕКЕН,

ОҚО