РЕЖИССЕР ДӘУІТ ПЕН ӘНШІ ЗИНАКҮЛ

Сонау өткен ғасырдың жуан ортасында құрылған жаңа аудан– Мойынқұмда сол уақытта барлығы да жаңаша (әрине, бұрынғы игі дәстүрлер мен жарқын бастамаларды ұмытпай), жаңа үрдісте басталып еді.
Мойынқұмдықтар сонда, қанша жерден алдымен экономика, шаруашылық десе де, өнер мен мәдениетті де ұмытқан жоқ.
Арыдан алсақ, құмды өңір өзіне өнерді серік еткен таланттарға да бай болатын. Күнде дерлік кешке жақын аймақтағы ауыл клубтарын әнкүйге бөлейтін көркем өнерпаздарымыз Көктерек ауданы кезінде де, одан кейін де сан мәрте республикалық, облыстық байқауларда топ жарып, жеңімпаз жүлдегер атанғаны белгілі.
Аудан ашыла салысымен-ақ түрлі өнер бәсекелері мен мәдени-көпшілік шараларыжиі-жиі өткізіле бастаған. Аудандық мәдениет үйі жанынан драма үйірмесі де құрылып, оған ұмытпасам көршіліс Шу ауданынан шақырылғанДәуітИманқұлов жетекшілік еткен.
Дәукең дәл осында жүріп, режиссер ретінде тамаша жазушы Сәкен Жүнісовтың «Ажар мен ажал», қарымды қаламгерлер Оразбек Бодықовтың «Қанжар мен домбыра», Жұмабай Тәшеновтың «Қаладан келген қылжақпас», бүгінгі классик жазушыларымыздың бірі, бірқатар драмалық шығармалары шетелдік сахналарды да жаулап алған Дулат Исабековтің «Әпке», сондай-ақ, монғолдық Ц.Шагжиннің «Сандықтан шыққан сайтан» пьессаларын сәтті сахналап, көрермен қауымды қатты қуанышқа бөлегенін атап айтқаным жөн.
Осындай өрелі өнерімен танылған аудандық драма үйірмесі көп ұзамай, талай сыннан сүрінбей өтіп, халық театрыдеген мәртебелі атақты жеңіп алды!
Мұнан кейін мықты режиссерді Құмөзек ауылы аттай қалап алып кетті. Өйткені, осындағы «Құмөзек» совхозының директоры Несіпбай аға Есілбаев білікті шаруа басшысы болуымен бірге өнерді де төбесіне көтеріп, төрге шығаратынжан еді. Ол кісі партия, кәсіподақ ұйымы және ауылдық кеңеспен ақылдаса отырып, жергілікті өнерпаздарға жақсы жағдай жасай білді. Арнайы шақырғанДәукеңе үй берді, басқа да тірлігі үшін көп көмек көрсетті.
– Әлі есімде, – дейді сол тұста совхоз кәсіподақ комитетін басқарып, талай жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Еркетай Маупасов: – Дәуіт ағаны аудан орталығынан өзім көшіріп алып барып едім. Дәукең мұнда да бар шеберлігін салып, көрерменнің көңіліне жаққан бірнеше спектакль қойып, құмөзектіктерді де халық театры деген асқақ атаққа жетелеп жеткіздіғой! …
Мен анда-санда болса да ол кісіні көріп сәлемдесіп жүрдім. Сондай — ақ, спектакльдері жайында жаздым да ғой деймін. Марқұм, шыныменен де, нағыз өнер адамы еді. Онысы, тіпті, жүріс-тұрысынан, киім- киісінен, түр-түсінен, сөйлеген сөзінен бірден білінуші еді.
Осылайша Дәуіт аға да Мойынқұм ауданы өнерінің өрісін кеңейтіп, мерейін үстем етті. …
Қай жылы екені есімде жоқ (бұл кезде ол басқа жаққа қоныс аударған), Дәукең қайтыс болған екен, біз, бір топ мойынқұмдықтар көлікпен облыс орталығындағы жиынға бара жатып күре жолдан жақын (Шумен Меркі ауданының шекарасы тұсында ғой деймін) ауылдағы үйіне соғып, отбасына көңіл айтып шыққанбыз…
Ал, енді жайлап жылжи отырып Зинакүл әпке Қаймақоваға келейік. Бұл кісіні де өнерге оның ішінде, әншілікке бүкіл болмыс-бітімімен әбден берілген, сол үшін жанын да, барын да аямаған адам еді десек, ақиқатты айтқанымыз.
Зинекең, әсіресе, «Мойынқұм» ән-би ансамблінде айрықша көрінді. Осы өнер ұжымының құрамында жүріп, 1978 жылы одақ астанасы Мәскеуге де барды ғой! Яғни, Мәскеудегі «ВДНХ» көрмесіндегі байқауда жүлдегер атанып, одан соң 1979 жылы сол тұстағы әлемдегі алып мемлекет – КСРО-ның алыс шетел – Португалиядағы мәдениет күндеріне қатысты. Ол жақта бір айдай болып, оның ішінде ел астанасы Лиссабон мен Мадейра аралы бар, сонда қойылған ансамбльдің барлығы 12 концертіне қатысып, әуелетіп ән шырқаған. Олардың арасында тамаша жерлес композиторымыз Садық Құнанбаевтың «Сенің бейнең», «Талдыөзектің талдырмашы» сияқты әсемәндері бар еді. Айтқандай, ұлыкомпозиторНұрғиса Тілендивтің «Алатау», «Өз елім» деген әндерін де айтып, өзге жұрттық көрерменнің де ыстық ықыласына бөленген.
Сол кезде одақтық «Правда» газеті «Браво, Мойынкум!» деп жазғаныда мәлім.
Мойынқұмның осы жезтаңдай әншісінің 2000 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, мерейі өскенін де білеміз.
…«Бауырым, айналайын, аман жүрші!» деуші еді марқұм маған кездескен сайын…
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналистика ардагері.
Суретте: Дәуіт Иманқұлов пен Зинакүл Қаймақова. Зекеңнің әдемі әншілігімен қатар, Дәукең қойған талай спектакльдегі рөлдерді шеберлікпен ойнаған айтарлықтай әртістік қабілеті де бар еді.