Өрлеу-өріс «Қазфосфаттың» тыңайтқышы талайды қызықтыруда
Өндірісті өрістету бүгінгі заман талабы. Бұны Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да баса айтқан болатын. Бұл бағытта бүгінде Жамбыл облысында жұмыстар жүйесін табуда. Оған өңірімізге іссапармен келген ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Айдарбек Сапаров көз жеткізді.
Жуалы ауданындағы ірі агроқұрылымдардың бірі саналатын «Гамбург» ЖШС-на ең алдымен ат басын бұрған А.Сапаров, алқап басында серіктестіктің биылғы науқандағы аяқ алысымен, жалпы тыныс-тіршілігімен танысқан ол түс қайта Тараздағы минералды тыңайтқыштар зауытына келді. «Қазфосфат» ЖШС өндіріс ошақтары тобына кіретін іргелі зауыт өнімі мен экспорт, өзге де экономикалық мәселелері турасында вице-министрге серіктестіктің бас директоры Мұқаш Ескендіров баяндады. Зауыт сұранысқа сай бүгінде аммофос, суперфосфат, сульфоаммофос, нитроаммофос, трикальцийфосфат, кальцийнатрийфосфат сынды тыңайтқыштарды өндіріп, елімізге және бірқатар шет мемлекеттерге экспорттауда.
А.Сапаровқа алдымен серіктестік басшысы зауыт ауласында қапқа-салынып қаз-қатар тізілген зауыт өнімдерімен таныстырды. Одан кейін министрлік өкілі зауыт цехтарын аралап, өнімдердің арнайы қапқа салынып, темір жол вагонына тиеліп жатқан процесіне куә болды.
Ал тілшілерге берген сұхбатында вице-министр ел алқаптарына қажетті минералды тыңайтқыштарды субсидиялау екі жылға ұзартылатынын мәлімдеді. Өйткені министрлік минералды тыңайтқыштар мәселесіндегі кейбір кедергілерді жойып, немесе субсидия арқылы тұтынушы шаруаларға қолдау білдірмесе жағдай күрделе беретін көрінеді.
– Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасы бойынша облыстарды аралап келеміз. Бұған дейін Түркістан облысында болып, шаруалардың жай-күйімен танысып, талап-тілектерін тыңдадым. Солардың ішінде минералды тыңайтқыш алу төңірегінде де шешімін күткен мәселе көп. Қазіргі таңда республикада 22 миллион 300 гектар егістік алқабы бар болса, оған шамамен 2,5 миллион тонна тыңайтқыш керек. Өткен жылы бұл қажеттіліктің тек 18 пайызы ғана алынды. Яғни, шаруалар 400 мың тонна ғана тыңайтқыш тұтынды. Енді осы саладағы жұмысты жүйелеу керек болып тұр. Алдағы екі жылда шаруаларға минералды тыңайтқыш алу үшін елу пайыздық мөлшерлемемен субсидия беріліп, шаруалар гектарына қазіргіден 7-8 центнер көбірек өнім алу үшін ғылыми талдаулар да жүргізілмек, – деді министрдің орынбасары А.Сапаров.
Вице-министрдің жұмыс сапары келесі күні Байзақ, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында жалғасты. Онда ол жылыжай, интенсивті бақ, ет өнімдері, қызылша шаруашылықтарымен айналысып отырған кәсіпкерлермен кездесті.
Төлен Дедек