«Алтын тамыр» журналы таныстырылды

 

Павлодар өңірінің бұқаралық ақпарат құралдары тағы бір жаңа журналмен толықты. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және облыс әкімінің қолдауымен қолға алынған «Алтын тамыр» мәдени, тарихи, өлкетану журналының алғашқы саны таныстырылды.

Журналдың бас редакторы – елімізге белгілі ақын, журналист Сайлау Байбосын, құрылтайшысы – Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында не атқарылды деген сауалға жауап беру қиын. Әрине, ұлы тұлғалардың мерейтойлары аталып өтіп, олардың өмір-тарихын халыққа насихаттау бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, өлке тарихы, география саласында зерттеліп, көпшілікке жария ететін дүниелер баршылық. Міне, «Алтын тамыр» журналы осы мақсатта қола алынған жоба, — дейді Сайлау Әшенұлы.

Бас редактордың сөзінше, журнал негізі өлкетанушылық бағытта дайындалады. Сонымен қатар, өз заманында елдің өркендеуіне үлес қосқан белгілі адамдардың өмірі мен қызметін жарыққа шығару керек екенін айтады.

— Ертіс-Баян өңірінде құпиясы әлі ашылмаған тарихи орындар баршылық. Атап айтқанда Тереңкөл, Успен, Железин аудандарында осындай орындар көптеп саналады. Мәселен, Тереңкөл болысын, Үрлітүп болысын, Алакөл болысын басқарған танымал адамдар өткен. Тоғай бойындағы Қазанғап бидің ұрпақтары туралы туралы біле бермейміз. Олардың көпшілігі осы аймақтың тарихын жасаған адамдар. «Алтын тамырда» осындай тақырыптар көтерілмек, — дейді.

Журналдың тұсаукесер санына Май ауданының тарихи деректері және сол өңірде дүниеге келіп, елді имандылыққа шақырған Ақбалық хазрет туралы мақалалар топтастырылған. Сонымен қатар, Едіге би, Досымхан молда, өлкетанушы, суретші Б.Багаев туралы және басқа да тарихи адамдар туралы материалдар жарияланған. Журнал алдағы уақытта өлке тарихына қатысты жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын жарияламақ.

Рашит БЕКТЕМІРОВ, өлкетанушы:

— Мұндай басылымдар біздің өңірге ауадай қажет. Сондықтан, журнал тоқсанына бір рет емес, кем дегенде екі ай сайын шығып тұрса артық болмас еді. Осыдан 20-30 жыл бұрын өлке тарихын терең білетін көнекөз қариялар болды. Олар, қандай да бір зерттеумен айналыспаса да сол тарихи оқиғалардың арасында жүрген адамдар еді. Бірақ, сол адамдар туралы жазбадық, әңгімелерін қағаз бетіне түсіріп алып қала алмадық.

Өкініштісі – сол. Бірақ, әлі де кеш емес. Арамызда көпті көрген үлкендер, білімді өлкетанушылар мен тарихшылар баршылық. Солардың еңбектерін, осындай басылымдар арқылы насихаттасақ нұр үстіне нұр болар еді.

 

Тілеуберді САХАБА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.