Детектив жанрының хас шебері кемел дара, кемел дана бір туған, жазушы Кемел Тоқаев — 95 жаста

Ер елі үшін туады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жерге деген сүйіспеншілік білім саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу, патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі», — деп атап көрсетілген еді. Осыған орай білім мекемелерінде арнайы іс-шаралар жасалып, ел мен жер тарихын жетік білу барысында бірталай нәтижелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Әрбір өлкенің жас ұрпаққа үлгі болар біртуар перзенттері бар. Солардың қатарында қазақ жазба әдебиетінің жаңа детектив жанрын қалыптастыруда толассыз қалам тербеп, үздік туындылар берген көрнекті көркем сөз зергерлерінің бірі — Кемел Тоқаев.


Кемел Тоқаев 1923 жылы қазан айының екінші жұлдызында Қаратал ауданына қарасты Сарғабан деген жерде дүниеге келген. Кемел бала кезінен заман тауқыметін басынан өткерген. Ол Жетісу еліне кеңінен белгілі Жолбарыс батыр ұрпағы. Кейбір деректерге жүгіне келсек, оның ата-анасы 1930 жылдардағы аштықта дүние салған көрінеді. Сол кезде жас Кемел Шымкенттегі балалар үйіне тап болады. Ол кәмелеттік жасқа келгенше тәрбие мен білімді сонда алады. Ұлы Отан соғысына қатысып, І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, басқа да медальдармен марапатталған.
Жазушы ретінде Кемел Тоқаев көбінесе шытырман оқиғалы (детективті) жанрда қалам тартты. 1954 жылы «Жұлдызды жорық», 1955 жылы «Қысқы қарлығаш», 1958 жылы «Тасқын», 1965 жылы «Болашақ туралы ой», 1968 жылы «Ерекше тапсырма», 1971-72 жылдары «Дикарьдің өлімі», «Қастандық», «Сарқабанда болған оқиға», 1954 жылы «Көмескі із», 1976 жылы «Түнде атылған оқ», 1977 жылы «Таңбалы алтын» сияқты шығармалардың авторы. Драматургия саласында «Кім қылмысты?» дейтін пьеса жазды. «Соңғы соққы» (1981), «Солдат алысқа кетті» (1983), «Ұясынан безген құс» (1983) романдары «Қызыл комиссар», «Сиқырлы құпия» шығармалары да жарық көрген.
Кемел Тоқаев шығармаларының ерекшелігі деректілігінде. Өзі қатысып куә болған соғыс кезіндегі партизандар ерлігі, чекистер мен ішкі істер қызметкерлерінің қауіпті де қызықты тағдырлары, қылмысты істі ашудағы милиционерлердің алғырлығы мен ұтқырлығы — жазушы көтерген негізгі тақырыптар.

Атамыздың ғұмыры балаларға өнеге

Жетісу өңірінің әулие-бабалардың мекені атанған Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласының солтүстік батысында орналасқан еңселі мектептің алдында тұрмыз. Жаңа үлгіде салынған мектеп ғимараты алыстен көз тартады. Кемел Тоқаев атындағы мектептің директоры Сандуғаш Әмірғалиқызы Жұмагелдина бізді жылы жүзбен қарсы алды. Білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен тәжірбиелі ұстаз Санудуғаш Әмірғалиқызының осы мектепке қызметке келгеніне бірер жылдың ғана жүзі болыпты. Алайда алғашқы күннен бастап орта мектептің әдістемелік жұмысын жақсартып, білім беру бағдарламасының жүзеге асуына өз үлесін қоса білген. Біз мектеп директоры Сандуғаш Жұмагелдинаны жазушы атындағы мектептің тыныс-тіршілігімен танысу үшін әңгімеге тарттық.

— Құрметті Сандуғаш Әмірғалиқызы, жылдан-жылға білім саласы қызметкерлеріне деген талап күшейіп келеді. Елбасы «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт» деп атап өткен еді. Білімнің қайнар көзі болып саналатын мектептегі атқарылып жатқан игілікті істер мен жетістіктерді әңгімелеп берсеңіз?
— Біз шын мәнінде тарихи кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Білімнің бастауы — қайнар көзі мектепте. Сондықтан жас жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие беру бізге жүктелген зор сенім. Қазіргі кезде инновациялық технологиялардың мектеп өміріне кеңінен енгізілуі сапалы білім кепілі болып отыр. Қасиетті білім ордасы шәкіртін тек біліммен сусындатып қоймай, өмірге бейім болуға да тәрбиелейді. Бір сөзбен айтсам жазушы Кемел Тоқаев есімімен аталатын мектептің өмірі шығармашылық пен жаңалыққа толы.
2017-2018 жылғы оқу жылының мектептің мақтанышына айналған түлектер сабында «Алтын белгі» белгісіне үміткер Ныгметова Аяна, үздік аттестатқа үміткерлер Нұрлыбаева Жансая мен Айтқұрмаш Әдемі бар. Мектеп түлектері білім және спорттық жарыстарда жүлделі орындар иеленіп келеді. Атап айтсақ, облыстық «Жарқын болашақ» байқауында 11 «Б» сынып оқушысы Ныгметова Аяна ІІ-орынды, Нұрлыбаева Жансая — «Дарын» ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауының облыстық кезеңінде ІІІ-орынды, Айтқұрмаш Әдемі — «Дарын» оқушылардың ғылыми жобалары байқауының облыстық кезеңінде ІІ-орынды иеленіп, мектептің абыройын көтерді. Сонымен қатар мектеп оқушысы Беляева Анжела облыстық «КҒА» байқауында ІІ-орынды, Тупицина Ангелина Республикалық паурлефтинг жарысы бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Мектеп түлегі Айдынұлы Еркебұлан Ауыр атлетикадан жасөспірім ұлдар мен қыздар және ерлер мен әйелдер арасында Афина Олимпиадасының қола жүлдегері, ҚР-ның Еңбек сіңірген спорт шебері Сергей Филимоновтың жүлдесіне арналған Алматы облысының ашық турнирінде 62 келі салмақ дәрежесінде 3-орынды жеңіп алды. Біздің мектептің түлектері ауданда өткізілетін білім және спорт саласындағы байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.
— Биылғы жылы 95 жылдық мерейтойы аталып өтетін жазушы Кемел Тоқаев атындағы мектептің өмірінде қандай жақсы өзгерістер бар?
— Мектебіміз елімізге танымал жазушы Кемел Тоқаевтың есімімен аталуының өзі бізге үлкен міндет пен парыз жүктейді. Оның себебі ғұмыры ұрпаққа үлгі-өнеге болған жазушы Кемел атамыз кіндік қаны тамған жер осы Қаратал өңірі. Қазақ халқының біртуар перзенті Кемел Тоқаев 1923 жылы қазан айының екінші жұлдызында кедей отбасында дүниеге келген.
Кемел атамыздың есімі мектебімізге берілгеніне жиырма екі жылдай уақыт болыпты. Осы жылдар ішінде қаншама түлек қанат қағып, мектеп төрінен өмірге жолдама алды. Жылма-жыл жазушының туған күні мектепте, сынып сағаттарында аталып өтеді. Кемел атамыздың жазған туындыларын мектептің әрбір оқушысы жақсы біледі. Жазушы есімін мақтаныш етеді. Қазіргі кезде мектепте 64 мұғалім ұстаздық етіп, 747 оқушы дәріс алуда. Жылма-жыл мектептегі оқушылардың білім сапасы да жақсарып келеді. 2017-2018 оқу жылында мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі 74,2 пайыз болды.
Осы жылдар ішінде Кемел атамыздың ұлағатты ұрпағы мектептің тыныс-тіршілігіне араласып, қамқорлық көрсетіп келеді. Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры бар. Тұрмыс деңгейі отбасының балаларына көптеген көмектер көрсетілді. Қазіргі кезде мектеп жанынан спорт алаңының құрылысы қайырымдылық қор қаржысымен жүргізіліп, аяқталды. Бұл алаңның оқушылардың салауатты өмір салтын ұстануына көп септігін тигізетіні сөзсіз.
— Жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесін жақсартуда, дүниетанымы шеңберін кеңейтуде жазушы Кемел Тоқаевтың шығармаларының әсері қандай?
— Ер елі үшін туады ғой. Жазушы атамыздың өнегелі өмірі мен шығармалары, әсерлі әңгімелері оқыған адамды ойландырмай қоймайды. Жас күнінен жетім қалып, өз бетінше оқып білім алған, ел басына қиын-қыстау күндер туғанда қолына қару алып, майданға аттанған Кемел атамыздың шығармалары жас ұрпақты адалдыққа, батылдыққа, патриотизмге тәрбиелейді. Мектептегі арнайы мұражайда халқының бір туар перзенті Кемел Тоқаевтың алған марапаттары, орден, медальдары көптеген тұрмыстық заттары сақталған. Жас буын осы мұражайда жазушының өнегелі өмірімен танысып, ұлағатты ұрпақтарымен талай рет кездесулер өткізді. Сөз жоқ жазушы Кемел атамыздың шытырманға толы деректі шығармалары мектеп жеткіншектеріне жақсы бағыт, тәлім-тәрбие береді. Біздің мектептің түлектері жазушы есімін үлкен мақтаныш сезіммен айтып, білімде де, өнерде де алдыңғы қатарлардан көрінуге тырысады. Біз алтын ұя мектебіміздің жазушы Кемел Тоқаевтың есімімен аталғанына өте қуаныштымыз. Оның себебі жазушының шығармалының әсерімен қанат қағып, үлкен өмірге жолдама алған түлектеріміз болашақта еліміздің нағыз отансүйгіш азаматтары болады деген сенімдеміз.

 

«Қалам алып ақ параққа жаздыңыз»

Мектептің шығармашылыққа бейім балалары жазушы Кемел Тоқаевқа тырнақалды дүниелерін арнауда. Олардың шығарған жүрекжарды туындылары мектеп оқушыларының сүйіп оқитын өлеңдеріне айналды. Кемел Тоқаевтың еңбегі мен өткен өмір жолын өлеңіне тиек еткен шәкіртіміз Нұртаев Нұржан:
— Кемел дара, Кемел дана бір туған
Елі үшін, еңбек етіп бел буған.
Қаруы мен қаламының ұшында,
Тарихтың сыр мен жыры тұнған, — деп жырласа.
Оқушымыз Тельманқызы Гүлжанат «Кемел ата — ардағым» өлеңінде:
— Кемел ата ел есінде қалдыңыз.
Отан үшін, соғысқа да бардыңыз.
Ерлік жасап, Жеңіске жетіп,
Туған елге аман-есен қайттыңыз.
Тәнде емес жанда қалған жараны.
Қалам алып ақ параққа жаздыңыз, — деп толғанған. Жазушы өмір жолының іздері «Соңғы соққы», «Ұядан безген құс», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Түнде атылған оқ», «Тасқын» шығармаларында бар. Ұлы Отан соғысы кезеңі мен шытырман оқиғалары суреттелген бұл шығармалары оқырманның қызыға оқитын туындыларына айналған. Шәкіртіміз Орынбеков Олжастың «Сағыныш» атты мына өлеңінде:
— Күн батады, таң атады толмастан,
Өмір өзен ағып жатыр талмастан.
Ұлы аға жазған сол бір кейіпкер,
Мұнартады батыр кейіп тау жақтан, — деп түйіндеген. Жазушы ата сомдаған кейіпкер бүгінде кездеседі емес пе?
Детектив жанрында оннан аса кітап жариялап, бәйгені сан рет жеңіп алып, төрт рет лауреат атанған жазушының еңбегін оқушы Зейнұрова Таңшолпан былай деп өлеңіне қосыпты.
— Кемел ата шабысынан таңбаған
Кемел ата қанаты бір талмаған.
Жазушы боп халық үшін қалам-ап,
Өмірінде құс боп көкте самғаған.
Кемел ата есімі мәңгі есте қалады.
Болашаққа ұрпағымен барады, — деген жүрекжарды тілегін жазыпты.
Әрине барлық жыр шумақтары төрт аяғынан тік тұрып кетпесе де, олардың балаң жүрегіндегі жазушыға деген шынайы сезім, үлкен құрмет, сүйіспеншілік төгіліп тұр.

Маржан Камитбаева,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Перзент сағынышы

— Кез келген перзент ата-анасын кие тұтады. Ол үшін әке-шешесі тұтынған әрбір зат қастерлі. Мен үшін де әкем жазған кітаптар сонша бағалы, қымбат.
Ол кісіні сағынғанда сол кітаптарды қолға аламын, бала кезімде көп оқыған шығармалардың әр бетіне көз жүгіртемін. Сол сәтте түннің бір уағына дейін үстел басында тапжылмай жазу жазып отыратын еңбекқор әкемнің бейнесі елестейді. Кеудемді сағыныш кернейді. Әкеге бала қашанда жақын болады ғой, — дейді әңгімесінде Кемел ата ұрпағы Қасым-Жомарт Тоқаев.
— Қай бала туған әкесіне еліктемесін. Әкеге деген құрмет менің әдебиетке, көркем шығармаға деген ықыласымды оятты. Әкем сияқты қаламгер болсам-ау деген арманымды кішкентай кезімнен жүрегімнің тереңінде сақтадым..
Алайда тағдыр жолы саналы ұрпағының өмірін басқа арнаға бұрды. Балаң жігіттің арманы оны жетелеп, Мәскеуден бірақ шығарды. Атағы жер жарған оқу орнында білім бұлағымен сусундады. Ара қашықтықтың алыстығына қарамастан әке мен бала арасындағы сүйіспеншілік, сыйласымдылық ешқашанда үзіліп көрген жоқ. Отбасының үлкені болғандықтан, ата-анасы Қасымжомартқа үлкен сенім артатынын ешқашанда жасырмаған.
Анасы жайлы сыр шерткенде: «Анамның неше түрлі әңгімелерін, әрқилы құбылыстар туралы ой-пікірі мен пайымдауларын тыңдап, қасында уақыт өткізетінмін. Менің ұйып тыңдап отырғанымды байқап, анам әңгімені барынша жақсы айтуға тырысатын. Анам менің өмірлік дүниетануымның қалыптасуына зор ықпал жасады. Ол маңайымдағы адамдарға ізетпен қарауға, сабырлы болуға, жақсыны үйренуге және одан өзіме пайдалысын ала білуге үйретті, — дейді балалық шағын еске алған қоғам қайраткері.
— Әкем маған көп сырын ақтаратын, айтылмаған, айта алмай кеткен мұң-шері аз емес-ау деп ойлаймын. Екеуіміздің арамызда болған сондай әңгімелесулер есіме түскенде әкеме деген сағыныш көңіліме ұялайды. Өкінетінім — біздің сырласу сәттеріміздің аздау болғаны, — дейді ол. Осы күні оның кітаптарын қайталап оқу арқылы әкемнің жан дүниесін ұққым келеді. Оның сан қырлы тағдырлы кейіпкерлерімен жан-жақты танысып, олардың болмыс-бітімінен, табиғатынан әкеме ұқсас мінез, қасиет, сипат іздеймін.
Ендеше дүниеге құнды шығармалар әкеліп, оқырманын, перзентін сағынғанда жұбатқан көркем ойдың дана тұлғасы жазған кітаптарды көнерді деуге бола ма? Жоқ, олар кеше де, бүгін де, ертең де заманмен бірге аяғын нық басып келеді.
Иә, әке мен бала. Перзент сағынышы. Қасым-Жомарт Кемелұлы әке хатының соңғы сөзіне дейін жатқа біледі. Себебі әке аманаты, ынтымақ пен имандылықты, береке-бірлікті, ұлтжандылық пен абыройды қадыр тұтатын ұрпаққа арналған еді. Ұлағатты ұрпақ жадында жазушы Кемел Тоқаев елін сүйген патриот және нағыз азамат болып мәңгі қалмақ.

Дана Қалжанова, тарих пәнінің мұғалімі

 

Ұлағатты істердің ұшқындары

Мен жазушы Кемел Тоқаев атындағы мектепте дәріс аламын. Бұл білім ордасы ең жақсы мектептердің бірі. Мектептің тыныс-тіршілігі заманның ағымына сәйкес. Шығармашылыққа, өнерге, поэзияға жақын оқушылырдың саны бізде көптеп саналады. Олар өлеңдерімен, шағын да көлемді туындыларымен ғана белгілі емес, байқаулар мен жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Кемел атаның есімі мектебімізге берілгеннен бері қаншама арнау өлең-жырлар дүниеге келді! Әрбір мектеп оқушысының соққан жүрек дүрсілі, бабамыз Кемел атаға мың алғыс айтқандай болып тұрады. Біз жазушы Кемел атамен мақтанамыз.

Жұмағали Несібелі,10-сынып оқушысы

 

Біз инновациялық технологиялар дамыған жаңа ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Уақыт алға кетіп барады. Елбасымыз айтқан рухани жаңғыру өткенді терең біліп, бүгінгі күнмен ұштастыра отырып, тарихымызды құрметтеу деп білемін. Жазушы Кемел Тоқаев атындағы мектепте оқитын болғандықтан халқымыз жүріп өткен қиыншылық пен асқан асуларын білу біздің асыл міндетіміз. Жазушы атамыздың барлық шығармаларында туған елге, жерге деген патриоттық қасиет арқау болған. Жат пиғылды адамдардың іс-әрекеті көркем суреттеліп, жолдары кесіліп отырады. Шығармаларда көтерілген мәселелер әлі күнге шейін өзінің мәнін жоғалтқан жоқ. Ұрпақ үшін от кешіп, қолына қаламын алып тәлім-тәрбиелік мәні бар шығармалар жазған Кемел атамыздың өмірі бізге үлгі-өнеге.

Жандос Жайырбеков,
11-сынып оқушысы

 

Біздің балаларымыз дәріс алатын Кемел Тоқаев атындағы мектебіміз, жай мектеп емес түлектері ілімді, білімді, өмірден өз орындарын тауып, ел мен жердің гүлденуіне өзіндік үлес қосып жатқан азаматтар. Мектептен алған білімдері сапалы әрі бәсекеге қабілетті екеніне толықтай көз жеткіздім. Бүгінгі таңда мектептің басым көпшілік түлектері жоғары және арнаулы оқу орындарына қабылданып, студенттік олимпиада, ғылыми жобалар сайысында биік шыңдардан көрінуде. Соның арқасында мектебіміздің атағы облысқа белгілі, күннен-күнге абыройы артып, өңірдегі ең беделді мектептердің біріне айналды. Мектептің ендігі болашақ тағдыры қазіргі жас ұрпақ білім тұғырын әр кез биік ұстап, абыройын асқақтата берсін деп тілеймін.

Нұрзия Рахметова,
мектеп бітіруші түлектің анасы

 

Біздің Кемел Тоқаев атындағы мектеп қашанда жақсылық пен ізгіліктің, парасаттылық пен руханиятқа толы ойдың, таным мен тәрбиелі істердің ордасы бола білді . Біздің перзенттеріміз де осында өткізген дүниетаным өмірлерінде ұлағатты істердің ұшқынын бойына сіңірді, білімнің бұлағымен сусындады. Атақты жазушы атындағы мектепте балаларымның дәріс алғанына өте қуаныштымын. Оның себебі мұнда көркемсөздің өрнегін өрген жазушының шығармаларының рухы бар. Ел мен жеріне деген өшпес сүйіспеншілігі мен ұлтжандылығы асқақ абыройы мен береке-бірлігінің бастауы бар

Әдемі Досбаева, оқушы анасы

 

Жазушының мерейтойы аталып өтті

Жуырда Қаратал өңірінде «Жазушы, жауынгер Кемел Тоқаевтың туғанына 95 жыл» атты үлкен іс-шара өтті. Бұл ерекше тебіреніске, толғанысқа толы мерекелік шараға жазушы атаның ұрпақтары келіп, әке мұражайын тамашалап, мектеп жанынан құрылысы аяқталған спорт алаңының салтанатты түрде ашылуына қатысты.
Салтанатты іс-шара «Кемел Тоқаев» атындағы жасыл бақта жалғасын тапты. Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбеков жазушының қызы Қарлыға Кемелқызы Тоқаеваға «Қаратал ауданының құрметті азаматы» атағын беріп, сый-құрмет көрсетті. Жиналған жұртшылық алдында «Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қордың» төрайымы Валентина Григорьевна Спиридонова салтанатты мерейтоймен құттықтап, жазушының қаламынан шыққан шығармаларын, өмір жолын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап жүрген бір топ ұстаздарға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар тапсырды. Олардың арасында ұстаздар Ғалия Ілімжанова, Нұрзия Рахметова, Әлия Таласбаева және тағы басқалары бар.
Жасыл бақтың төріндегі сахнадан жиналған қауымға жазушы Кемел Тоқаев атындағы мектептің оқушылары өздерінің жүрекжарды арнау жырларын жалындата оқыды. Мерекелік концерт көрігін алыстан ат терлетіп келген «Құрманғазы» шекті аспаптар оркестрінің әншілері мен «Арай» ансамблінің концерттік бағдарламасы қыздырды. Осылайша соңында шығармаларымен өшпес із қалдырған жазушы қаламгер, айтулы тұлға бейнесі ел-жұртының есінде мәңгі сақталып, сый-құрметіне бөлене бермекші.

Бетті дайындаған Нұрила Бектемірова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *