Ескі альбом. Естеліктерден. БИБІЖАМАЛ АПАЙ

Жазушы Мыңбай Рәш:

– «Лениншіл жас» газетіне алғаш жұмысқа орналасқан сәттерім күні бүгінгідей жадымда. 1952 жыл. Машбюроға кірсем, толықша, қызылшырайлы келген, әдемі бір келіншек отыр екен. Жұрттың бәрі «Жамал апай, Жамал апай» дейді. «Бұл қай Жамал апай?» – «Ойбай-ау, Баукеңнің бәйбішесі Бибіжамал!». – «А-а-а!». Содан бастап білем. Машинистка көрінеді. О кезде компьютер деген түске де кірмейді. Біз – журналистер жазып келеміз де, диктовкаға отырамыз. О кісі сартылдатып басады. Керемет маман. Бір қате жібермейтін. Әдебиет, тарих жағынан да білімдар кісі, қайта, жұмыс үстінде біздің қатемізді кәнігі редактордай жөндеп жіберіп отыратын. Кәкімжан Қазыбаев, Сапар Байжанов, Әбілфайыз Ыдырысов, Нығмет Ғабдуллин, тағы басқалары бар, бірге істедік. Адами қасиеті ғажап Жәмкең бәрімізге қамқор еді-ау. Өте кеңпейіл жан. Содан, қызық болды арада бірталай өткенде. Жәкең ерекше жарқылдап, айрықша бір қуаныш құшағына бөленіп, нұрланып келді жұмысқа. Сүйтсек, Бауыржан Момышұлы отставкаға шығып келе жатыр екен. «Ойбай, біз де барамыз!» деп өре көтеріліп, Баукеңді перроннан қара құрым халық, тіпті, бүкіл Алматы болып қарсы алдық десе шындық енді. Со кездегі Калинин мен Фурманов көшесінің мүйісіндегі үйіне дейін еріп келдік. Қазір жасырып-жабары жоқ, Жәмкең жар дегендегі жалғыз бәйбішесі еді ғой Баукеңнің. Анау Бақытжандай баланы дүниеге әкелген; көңілі дархан, дастарханы да керемет кең; соғыстан кейінгі жұтаңдау кездерде бәріміздің екінші анамыздай болған берекелі адам-ды. Баукеңді күйеуі емес, баласындай мәпелейтін. Алдынан шығып, бір ауыз шалыс сөз айтпайтын ғой. «Баукең» дейтін де отыратын. Бірақ, Құдай-тағала, енді… Бірге тұрмады көп… Бір, мінез болады ғой адамда…

Жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың зайыбы Орынша апай:
– 1956 жылы шілде айында Кәкең екеуміз бас қосып, Баукең мен Жамал апаның үйіне түстім мен. Сонда бірнеше ай тұрдық. Үйлері екі бөлме, кетейік десек жібермейді. Баукеңе күні-түн демей қонақтары келіп жатады, сонда апай тамақтың бәрін өзі әзірлеп, мен соны дастарханға тасимын. Ас пісірісейін десем, сен әуре болма, одан да ана кісілердің әңгімесін тыңда, бәрін өзім-ақ даярлаймын деп қазан-ошаққа жуытпайды. «Лениншіл жастың» жігіттері пәтерде тұрса да, бәрі кезектесіп Баукеңді қонаққа шақыратын еді. Біз қоса еріп бара жатамыз. Онсыз да сымбатты Бауыржан аға офицерлік киімін киіп алғанда, тіпті, сонадайдан көз тартады. Ұзын бойлы, қыр мұрынды, жанары шоқтай жайнаған, адам қарай алмайтындай өткір көзді кісі-тін. Ал апай жолдасының иығынан келетін сұлуша, ақсары келіншек… Жәмекеңнің үстінде қызғылт крепдешин көйлегі болатын. Басына желкесінен байлап ақ жібек орамал тартады. Қалжыңы бар кісі. Баукеңе еркелеп сөйлейтін. Со кезде Баукең – қырық жетіде, Бибіжамал апай қырық екі жаста екен ғой. Қонаққа барған кезімізде аға ертерек қайтқысы келеді, апай отыра тұруды қалайды. Маған үйден шығарда: «Орынша, Баукең кетем десе, аға, біразырақ отырсаңыздаршы деші, сонда аялдар ма екен» деп ескертеді. Бәрібір көп бөгей алмаушы едік. Ал өзіміз түнделетіп, кешірек қайтамыз. Сонда Жәмкең еш ренжімей есік ашады. Баукең үйде жоқ болады… Е-е-е… Несін айта берейік… Сондай жағдайларды апай маған білдіргісі келмейтін. Баукеңдей адамды қию да оңай емес қой. Жәмкең жылайды сондай сәттерде… Кетпесін дейтіні, жалғыз қалғысы келмейді екен ғой. Қазір есіме түсіп, ойлаймын ғой соны. Біз, әйтеуір, қол үзген жоқпыз о кісіден. Өле-өлгенше араласып тұрдық. Кәкең де туған анасындай аялаушы еді. Барған сайын жылайтын көрінеді. «Ол да кетті тастап, сендер де кеттіңдер өз беттеріңмен» деп. Бірақ, Баукеңнің бір кереметтігі, мүлде тастап кеткен жоқ Жәмкеңді…

Жазушы Бақытжан Момышұлы:
– Анамның төркіні – Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы. Нағашы аталарым Алматыға 1860-шы жылдары келіп қоныстаныпты. Содан тұрақтап, жақсы тұрмыс құрған. Қазіргі аэровокзалдың орнында сол ағайынды Сүлеймен, Мүмсары деген көпестердің жайлары тұрады екен. Қаракесек бабамыздан тараған кісілер. Бекмұхамед, Досмұхамед, Жақыпбек дегендер өтіпті. Осылардың бірінен Мұхамеджан атам туады. Одан – Ахметжан нағашым және апалы-сіңлілі Бибінұр апам мен Бибіжамал анам туған. Мені тәрбиелеген, негізінен, сол Бибінұр апам. Неге десеңіз, анам көбіне жұмыстан босай алмайтын. Анам қазақ басылымында жұмыс істегендіктен, үйге қаладағы жас журналистермен қатар елдің түкпір-түкпірінен келетін тілшілер де жиі соғатын. Тіпті, кейбірі недәуір уақыт бірге тұрды. Мақсұт ағай, Қабдолла Тілемісов аға келгендерінде домбыра тартушы еді. Саттар Бөлдекбаев ағаммен әдебиет төңірегінде көп әңгімелесетінбіз. Ал Кәкімжан Қазыбаев туған ағамдай болып кеткен адам. Сонан кейін есімде қалғаны – Күләш тәте Байсейітова… О кісі жиі соғатын біздің үйге. Менің анам сахнаға шығып көрмеген адам. Бірақ үйде Күләш апай екеуі қосылғанда мамам әнді кәдімгіше шырқататын. 1-ші жилкомбинатта тұрдық. Қазіргі Қабанбай атамыз бен Фурманов көшелерінің қиылысы. 2-ші жилкомбинатта Дмитрий Снегин, Тайыр Жароков, Жұмағали Саин ағалар тұрған. 3-ші жилкомбинатта Кәрім аға Мыңбаев, Жұбан аға Молдағалиев, Әлжаппар ағалар бар. Нағыз мәдени орталық десе артық емес. Бәрі бір-бірімен керемет араласатын. «Лениншіл жастан» да келетін адамдар көп. Анам кейде «үлкен шәугімді қой» деп звондайды. Демек, журналист ағаларым келеді деген сөз. Бірден түсінемін. «Кіші шәйнекті қой» десе өзі ғана келеді. Мен де шешеме анда-санда коммутатор арқылы қоңырау шалып тұрушы едім. Онан кейін цифрлы телефондар келді ғой. 53-48 номері арқылы теретінмін. Мұны да ұмытпаппын…
Әкемнің іргені аулақ салуы, әрине, анама жеңіл тимеді. Бірақ бәріне де шыдады. Кішкентай кезімде мен де налыдым ғой енді талай… Көп жәйтті терең түсіне қоймасам да, ренжідім, өкпеледім әкеме… Бұл қалай, неге кетті, неге қасымызда болмайды, неге бірге тұрмаймыз дегендей. Сонда анам: «Әкеңді сөкпе! Әкеңді ешқашанда жамандаушы болма!» деуші еді. Әйтеуір, күдер үзген жоқ. Өмір бойы күтті ғой.
Қандыкөйлек досы Дмитрий Снегин бір кітабында әкемнің кейін өз қателігін түсініп, көзіне жас алғанын алғаш рет көргенін жазады…
***
Біз де Снегин кітабынан сол үзіндіні келтіруді жөн көреміз: «…Одан соң алғашқы қосағым Бибіжамалды жер қойнына тапсырдым. Мен оны бәйбіше деуші ем. Өмірден тым жас кетті. Қазір елу үшке келер еді. Біз осыдан ширек ғасыр бұрын ажырастық (айырылысқан жоқпыз!)… Тек соны ғана сүйіп, соны ғана аңсайтынымды терең ұғынып, жан ауыртуым үшін – оның өлуі керек екен. Ішім қан жылайды. «Оңбаған!» деген үндерді естимін. Бірақ жазғырушыларым сумаңдаған алақандарымен көкірек көзім ашылып, өкінуімнің тек бір ғана тамшы жасын қағып алса, осының өзі-ақ, балқыған қорғасындай, солардың жүректерін күйдірер еді!». Ол үн-түнсіз, қыстыға егілді».

Құлтөлеу Мұқаш. Бір тамшы жас. «Жас қазақ». 16.12.2016 ж.

Kultoleu Mukash фб парақшасынан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *