Жамбылдықтар Конституция күнін жаңа үйде қарсы алады  

 Бүгінде Тараз қаласында тұрғындарды тұрғын үймен  қамту мәселесі жіті назарда.Әсіресе «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспана бақытына кенеліп жатқандар көп. ҚР Конституциясы күні қарсаңында тағы 9 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, қуаныш иелерін қоныс тойларымен  құттықтады.

   Облыс орталығындағы жаңа №15 ықшам ауданнан берілген көпқабатты үйлердің кілті дені көпбалалы және толық емес отбасыларға табыс етілді.  

— Баспана-қай уақытты да өзекті мәселе. Қала халқының саны өсуімен тұрғын уйге деген сұраныс көлемі де ұлғаюда. Тәуелсіздік жылдары елімізде Елбасының басшылығымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Соның ішінде қалада жаңадан соғылып жатқан №15 шағын аудан орналасқан жер бірнеше жыл бұрын ашық дала болатын. Ал қазір жаңа тұрғын үйлер бой көтерген шағын ауданға айналды. Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы»  бойынша жарияланған басты мақсаттардың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жалпы 17,6 миллиард  теңгеге барлығы 30 көпқабатты (2 118 пәтерлі) тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 28 көпқабатты (1988 пәтерлі) тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда. Осынау оңды істердің барлығы әлеуметтің әлеуетін арттыратын  ауқымды шаралардың жарқын көрінісі,- деді өңір басшысы Асқар Исабекұлы салтанатты шарада.
Бұл күні барлығы 720 пәтер пайдалануға берілсе, оның 200-ге жуығы бағдарлама арқылы банкпен шешімін тапқан. Яғни, 200 жуық  отбасы қоныс тойын тойлағалы отыр. Қалғаны алдағы уақытта «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары арқылы тұрғын үй кілтіне қол жеткізеді.
Айта кетейік, өңірдегі көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында 120 көпбалалы отбасыларына пәтер кілті табысталды. Оның 93-і  жалдамалық үй, 27-і демеушілер есебінен. Жыл соңына дейін 493 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Сондай-ақ, тұрғын үй кезегі келгенге дейін көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін уақытша шешу үшін 612 пәтерлі 12 жатақхана құрылысына тиісті қаражат қарастырылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Осылайша жамбылдықтар Конституция күнін жаңа қоныста қарсы алғалы отыр. Қоныс құтты болсын!

Төлен Дедек

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *