Кәкімбек Салықов: «Айыртау — асыл аймақ Арқадағы…»

Туған жер — тұнған шежіре

Тоқсан жылдық тарихы бар Айыртау ауданы — экономикасы қарқынды дамып, халқының әлеуметтік деңгейі жақсарған, табиғи сұлулықтарымен көз тартатын белді аймақтардың бірі. Төрелер тұқымы мекен етіп, өзіне орда еткен киелі жерде талай ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері дүниеге келген. Қазақтың әншілік пен ақындық өнерін құстың қанатындай тең ұстап, үлкен атақ пен абыройға ие болған Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Орынбай сынды дара тұлғалар, ғылым мен білімнің, сәулет өнерінің шырағын жағып, өздерін алты алашқа мойындатқан Шоқан Уәлиханов, Шахмет Құсайынов, Шот-Аман Уәлиханов сияқты дүлдүлдер дүниеге келген, Кәкімбек Салықов білім-тәрбие алған, Бәйкен Әшімов еңбек жолын бастаған қасиетті аймақ. Осындай атақты ұлдардың отаны болған киелі жерде тарихи-мәдени ескерткіштер де аз емес. Бүгінгі күні Сырымбет жеріндегі Ш.Уәлиханов мұражайы, Айғаным қонысы, халқымыздың бірлігінің өшпес өнегесіндей болған Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған ескерткіштер өткен тарихымыздың куәсі болып, сыр шертеді.


«Қарасай-Ағынтай» мемориалдық кешені мен бес ғасырлық тарихы бар ежелгі «Ботай» қонысы Қазақстанның киелі жерлері картасына енді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында 11 айыртаулық Кеңес Одағының Батыры, бейбіт өмірде 13 жерлесіміз Социалистік Еңбек Ері атанды. Біздің ауданда туып, тәлім-тәрбие алған Ингушетияның экс-президенті, Ауған соғысының батыры Руслан Аушевті әрдайым мақтан етеміз. Биыл даңқты жерлесіміз өзі туған өңірде болып, білім алған мектебіне автобус тарту етті.
Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар-ламалық мақаласын жүзеге асыру аясында аудандағы тарихи-мәдени құндылықтары-мыз ұлықталып, жандандыру жұмыстары қолға алынды. «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша Ақан сері, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мүсіндерінің композициясын жасау және тарихи-өлкетану мұражайын салу жоспарлануда.
Ауданымызда экономиканы дамытуда болашағы зор салалардың бірі — туризм. Соған орай сұлулығымен ғана емес, табиғи құнарлылығы мол, денсаулыққа шипалы өзен-көлдерімен мақтанатын мекенімізде демалыс орындары да жетерлік. Имантау мен Шалқар көлдерінде, Сырымбет пен Ботай қонысында, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешінінде қонақтарға арналған 37 туризм нысаны жұмыс істейді.
Ақан серінің туғанына 175, ауданның құрылғанына 90 жыл толуына орай «Туған жер — тұнған шежіре» атты кітап жарық көрді, ақындар айтысы мен ғылыми-практикалық конференция, салтанатты шара өткізілді, Саумалкөл ауылының бас көшесіне Бәйкен Әшімовтің есімі берілді, ауданды 14 жыл басқарған Армия Әбілқайыровқа Солтүстік Қазақстан облысының, экс-әкімдер Болат Көшімбаев пен Ағзам Тастеміровке, еңбек ардагері Болат Рахимовқа Айыртау ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Ауданның дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға, боз кілемде жауырыны жерге тимеген балуандарға, аламан бәйгенің жеңімпаздарына лайықты құрмет көрсетілді.

Бейбіт Исманов, Айыртау ауданының әкімі

 

«Ауылым қонған Сырымбет саласына…»

Шынында да, аудан әкімі Бейбіт Қайыркешұлы атап айтқандай, Қызылжар өңіріндегі ең бір табиғаты көркем, тарихы бай аймақ — Айыртау ауданы.

Ондағы Сырымбет пен Имантау таулары, қасиеті Қара теңізбен пара-пар Шалқар көлі, ХІХ ғасырдың сәулеткерлік өнеріне жататын Айғаным қонысы, 1980 жылы ашылып, 100-ге тарта ежелгі баспана-тұрағы зерттелген Ботай археологиялық ескерткіші, 1999 жылы тұрғызылған Ағынтай мен Қарасай батырлардың мемориалдық кешені, Жалғызтаудағы Сандыбай бұлағы, Үкілі Ыбырай мен Ақан сері ауылдары кез келген қазақты елең еткізетін құдіретті жерлер.


Энциклопедист ғалым Шоқан Уәлихановтың тарихи-этнографиялық мұражайы Сырымбет ауылында орналасқан, ал біртуар азаматтың балалық және жастық шағы өткен құтты мекені — әжесі Айғаным Сарғалдаққызының үй-жайы осы елді мекеннен үш шақырымдай жерде ғана.
Сырымбет тауының бөктері — Абылай ханның тікелей ұрпағы Шыңғыс әулетінің құтты қонысы болған жер. Тарихи деректерге сүйенсек, осы таумен аттас елді мекеннің іргетасы кейін, нақтылай айтсақ, 1928 жылы аудан орталығы ретінде қаланып, Казгородок деп аталған. Ол тек 1966 жылы ғана Сырымбет атауын иеленген. Шыңғыс, Шоқанның інілері Әбен мен Жақып, бір сөзбен айтқанда аға сұлтаннан тараған ұрпақтың біразы осы елді мекеннің іргесіндегі ескі қорымға жерленген. Жергілікті тұрғындар оны «Төре зираты» деп атайды. Сырымбет ауылындағы Шоқан (аумағы 1663 ш.м.) және елді мекеннің оңтүстік-шығысында үш шақырымдай жердегі «Айғаным қонысы» (аумағы 4030 ш.м.) мұражайларының директоры Уәлихан Құлбаевтың айтуына қарағанда, Шыңғыс ұрпақтарының басына орнатылған ағаш кесенелер уақыт өте келе бүлініп, олардан жұрнақ та қалмаған. Шоқанның әжесі Айғаным Сарғалдаққызының зираты да осы қорымның ауыл жақ шетінде болатын. Басына орнатылған тас белгі жартылай жерге кіріп кеткен еді. Оның өзі ап-аласа болып, көзге қораш көрінетін, сондықтан «Мынау Айғаным әжеміздің зираты», — деп ауыз толтырып айтуға келмейтін. Осыдан екі жарым жыл бұрын халықаралық «Qazaqstan Zamany» газетінің бастамасымен, облыс және аудан әкімдерінің қолдау көрсетуімен осы қабірге еңселі заманауи кесене орнатылды. Тамаша бастама. Бұл кесенені көрген жандардың «Төре зиратынан» Шыңғыс әулетін іздейтіні анық.


— Ауылымыздағы Мәдениет үйінің алдына белгілі мүсінші, мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлеген Досмағамбетовтің қоладан құйған Шоқан Уәлиханов ескерткіші орнатылған болатын. Жекешелендіру кезінде мәдениет үйінің ғимараты болмашы ақшаға сатылып, кейін бұзылып, үйіндіге айналды. Сондықтан «айдалада» қараусыз қалған ескерткішті мұражай алдына көшіруге мәжбүр болдық. Сөйтіп Қызылжар өңірінің Уәлиханов ауданында дүниеге келген, 2001 жылы қайтыс болған танымал жерлес мүсінші Төлеген Сәбитұлының біртуар туындысын бүлінуден аман алып қалдық, — дейді Шоқан мұражайындағы 6980 жәдігерді көздің қарашығындай сақтап отырған Уәлихан Құлбаев.
Бүгінгі күні Сырымбет ауылындағы 128 отбасында 519 адам түтін түтетіп жатыр. Осыдан 19 жыл бұрынғы санақ бойынша ауыл тұрғындарының саны 719 адам болған көрінеді. Соңғы тоғыз жылда тұрғындар саны 116 адамға кеміген.
Осы округтегі екі нысан республикалық қасиетті жерлер картасына енгендіктен, келіп-кетімді туристер мұражайға ғана емес, ауылдың бүгінгі келбетіне, киелі аруақтарды қалай сыйлап отырғанымызды білу үшін «Төре зиратына» назар аударатыны сөзсіз. Осы Сырымбет ауылында жоғарыдағылардан басқа атақты мүсінші, Елтаңба авторларының бірі, Шыңғыс әулетінің тікелей ұрпағы Шот-Аман Уәлиханов, экс-министр Қожахмет Балахметов, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі Марат Нұрғожин сынды тұлғалар туғанын, атақты ақын Кәкімбек Салықов осындағы мектепте оқығанын айта кеткен жөн. Тұнып тұрған тарихқа бай ауыл. Қолда бар байлығымызбен мақтанғымыз, оларды насихаттағымыз келсе, бүтін елді мекенді, оның ішінде «Төрелер зиратын» заманауи талапқа сай ету мәселесі бүгін де, ертең де күн тәртібінен түспегені абзал.

Ақан сері ауылының бағы жанбай тұр

Атақты Кәкімбек Салықов ағамыз алты алаштың ардақты азаматы Ақан серіні осылай жырға қосқан болатын. Дарабоз бабамыздың атындағы ауыл осы ауданда. Оның бұрынғы атауы — Кеңащы. Атақты сазгердің дүниеге келген, мәңгілік орнын тапқан Қоскөлі осы ауылдан шамамен 4-5 шақырымдай жерде.


Аталмыш ауданның алғашқы әкімі Болат Көшімбаевтің айтуына қарағанда, Ақан серінің туғанына 150 жыл толуына орай 1993 жылы осы елді мекенге 64 заманауи ғимараттар, әлеуметтік нысандар салынып, атақты жерлесімізді ұлықтау қолға алыныпты. Оның ашылу салтанатына 3 елдің президенті — Нұрсұлтан Назарбаев, Асқар Ақаев пен Ислам Каримов қатысқан көрінеді. Алайда бұл елді мекен басқаларға қарағанда тоқыраудың бұғауына мықтап шырмалғандай. Бүгінгі күні онда 18 үй, 53 адам ғана қалған. Бұдан 19 жыл бұрын 198 тұрғын болыпты. Бұл ауылды ерекше атап отырған себебіміз — мүсінші Төлеген Досмағамбетовтың тағы бір қайталанбас туындысы қоладан құйылып, мәрмәр таспен көмкерілген «Ақан сері-Құлагер» көпфигуралы сәулеткерлік композициясы осы елді мекенде орналасқан. Ол 1993 жылы орнатылған. Туғанына биыл күзде 175 жыл толатын Ақан серіге арналған мұндай тамаша ескерткіш ешбір жерде жоқ. Енді осы ескерткішті көшіруге байланысты алып-қашпа сөздер соңғы кездері жиі естіле бастаған сыңайлы.
Осы елді мекен Антоновка ауылдық округіне қарайды. Жергілікті әкім Ермек Қалтайұлымен телефон арқылы хабарласқанымызда, ескерткішті орнынан қозғауға жол бермейтіндіктерін кесіп айтты. Алайда ауылды сақтап қалу үшін, оңтүстіктен қоныс аударғандарды орналастыра қоярлықтай лайықты баспаналар жоқ көрінеді. Бұрынғы «заманауи ғимараттар» күрделі жөндеуді қажет етеді.
— Ауданымызға қоныс аударғысы келетін азаматтарды Ақан сері ауылына да апардық. Бос ғимараттарды жөндеп алуға ниет білдіргендерге сол үйлердің бүгін онда тұрмайтын иелері табыла кетіп, қыруар қаржы сұрап, қоныстанғысы келетіндердің меселін қайтарды. Сондықтан алты отбасын округіміздегі Жұмысшы ауылына орналастыруға мәжбүр болдық. Әйтеуір қанша тырысқанымызбен Ақан сері ауылының, әзірше, бағы жанбай-ақ қойды, — дейді жергілікті әкім.
Ауданның 90 жылдық мерейтойына арнайы қатысып, Айыртау ауданының құрметті азаматы атанған Болат Көшімбаев ағамыз да Ақан сері ауылы қайтадан қалпына келтірілуі керек деген өзекті ойын айтып қалды.
Аталмыш ауыл Көкшетау-Саумалкөл-Қостанай тас жолынынан 5 шақырымдай қашықта ғана. Бұл жол республикалық маңызға ие. Биыл облыс және аудан басшыларының бастамасымен темір жол арқылы «Астана-Саумалкөл» бағыты ашылып, туристердің келіп-кетуіне тиісті жағдай жасалды.
Ал енді Айыртауға келген туристер Ақан сері ауылын меңзейтін көрсеткіш-тақтаны көріп, атақты Қоскөл мен Кеңащыны іздемейді деп кім айта алады? Қалай десек те, бұл күрделі мәселе республикалық деңгейде қолға алынса деген ой да бар: Өйткені аталмыш аймақта туризмді дамыту үшін облыстық және аудандық деңгейде кешенді жоспар жасалып, тиісті шаралар қолға алынып жатыр. Соған қосымша мемлекеттік деңгейде, «Мәдени мұра» аясында қолдау көрсетілсе, тоқырауға ұшыраған ауылдың бағы жанары сөзсіз…

Нұрсайын Шәріп

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *