Павлодарда «Ең  үздік жас отбасы» байқауы өтті  

Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен үздік жас отбасылардың байқауына өңірдің әр ауданы мен қаласынан келген 12 отбасы бақ сынасты. Байқау осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді.

Конкурс қатысушылары өздерінің отбасылық өмірі туралы Love Story мен шығармашылық нөмірлер әзірледі. Олар байқаудың шығармашылық кезеңінде өздері шығарған өлеңдерді оқып, түрлі билер биледі. Ақтоғай ауданынан келген Құсайын Аңсаған зайыбымен бірге Мұқағали мен Фаризаның өлеңдерінен мини-спектакль қойып, өздерінің актерлік дарындарын байқатты.

Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов «Ең үздік жас отбасы» байқауы алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілетінін хабарлады.

— Президент жастар саясатына көп көңіл бөледі, — деді Асхат Оралов. – Қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтілетін Отбасы күні отбасы институтын нығайтып, жастарды отбасылық құндылықтарды бағалауға үйретеді.

Конкурс қатысушыларының арасында жаңа ғана үйленген және ұзақ отбасылық өтілі бар жұптар да болды. Май ауданының қатысушылары Болатов Дархан мен оның келіншегі Шаймерден Гүлназдың отбасын құрғандарына бір ай ғана болған.

Гүлназдың айтуынша оларды өнер сахнасы жақындастырған.

— Екеуіміз де Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы колледжде білім алдық, — деді Гүлназ. – Сахнада екеуіміз махаббат әндерін қосылып шырқап жүрдік. Кейін арамызда махаббат оты тұтанды. Бірде маған жатақхананың астыңғы қабатында біреу күтіп тұр деп хабарлады. Төмен түскенде, Дархан майшамдардан жүректің сұлбасын жасап, қолындағы гүлін ұсынып, маған тұрмысқа шығуымды өтінді. Бұл мен үшін күтпгене жағдай болғандықтан ойлануға  бір айға рұқсат сұрадым. Ақыры, ол соңымнан табандап жүріп, екеуіміз шаңырақ көтердік.

Қазір жас жұбайлар Май ауданында Дарханның ата-аансымен бірге тұрады. Гүлназ мектепте музыка мұғалімі, ал, Дархан ауылдық Мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс істейді.

Успен ауданынан қатысуға келген Рамазановтар отбасы екі бала тәрбиелеп отыр. Отағасы Нұрсұлтан аудандық сотта көлік жүргізушісі, келіншегі Меруерт бала бақшада тәрбиеші болып қызмет етеді. Отбасылық жұп бес жасар Ясмина есімді қыз бен екі жасар Ильхат есімді ұлды өсіріп отыр.

— Біз кездейсоқ таныстық, алғаш көргеннен-ақ бір-бірімізді ұнатып қалдық, — дейді Нұрсұлтан. – Жиырма жасымызда отау құрдық, осы жылы шаңырақ көтергенімізге алты жыл болды.

Нұрсұлтанның зайыбы Меруерт Тараз қаласының тумасы. Ол отабсылық өмірде ең бастысы жұбайлардың бір-бірін түсіне білуі дейді.

— Біз қателіктерімізді мойындап, бір-бірімізден кешірім сұраудан қорықпаймыз, — дейді ол. – Нұрсұлтанның анасы әрдайым бізді қолдап отырады.

«Кенжекөл жастары» қоғамдық бірлестігінің координаторы Жұлдыз Малдыбаева байқаудың ұйымдастырушылары отбасылық тәрбиенің маңыздылығына назар аударғысы келгенін айтты. Байқаудың қорытындысы бойынша барлық қатысушылары бағалы сыйлықтармен марапатталып, бес отбасылық жұпқа LED теледидарлар тапсырылды.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.